Қоғам • 02 Қараша, 2021

Атажұрттағы басқосу қандастарды шексіз қуанышқа бөледі

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміз Тәуелсіздік алған сәттен бастап шетелдегі қандастарды қолдау және отандастарымызды тарихи атамекенімен таныстыру жұмыстары жүйелі түрде іске асырылуда. Осы мақсатта «Отандастар қоры» КеАҚ пен Jas Qazaq халықаралық жастар клубы бірнеше жыл қатарынан «Киелі Қазақстан» жобасын ұйымдастырып келеді.

Атажұрттағы басқосу қандастарды шексіз қуанышқа бөледі

Шетелдегі қандастарымызды Қазақ­­станның тарихи әрі көрнекті жерле­­рі­мен таныстыруды мақсат еткен «Кие­лі Қазақстан» жобасы аясындағы бас­қо­су осыған дейін 3 рет өткізіліпті. Атап айтсақ, қандастарымыз 2018 жы­лы киелі Түркістанда, 2019 жылы Маң­ғыстау облысында, ал 2020 жылы Шым­кент және Түркістан қала­ларында бас қосқан. Биыл аталған шара 11-14 қа­зан аралығында Алматы қаласы мен Алматы облысында өтті.

Жастар «Есік» мемлекеттік тари­хи-мәдени қорық мұражайында болып, «Шарын» мемле­кеттік ұлттық та­биғи паркінде се­руен­деп, Көлсай мен Қайыңды көлде­рінің көркіне тамсанып қайтты. Алматы об­лы­сындағы көрікті орындарды аралап бол­ғаннан кейін, Алматы шаһарымен де танысты. Райымбек батыр кесенесін кө­ріп, Республика алаңына барды.

«Отандастар қоры» президентінің кеңесшісі Болат Дидардың айтуынша, биыл халықаралық деңгейдегі кездесуге Түркия, Жапония, Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен 21 қан­да­сымыз келген. «4 күндік экскурсия барысында қонақтарды Алматы қаласы мен Алматы облысындағы туристік орындарға, табиғатына көз сүйсінер мекендерге алып баруға тырыстық. Сондықтан біздің таңдауымыз облыс бойынша «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы мен «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне, Қа­йыңды мен Көлсай көлдеріне түсті. Жастарға ата қонысының тұмса таби­ғатын көрсетіп, тарихын түсіндіре ал­дық деп сенеміз», дейді ол.

Қатысушылардың қатарында Қазақ­станға алғаш рет келген жастар да бар. Олар өз сезімдері мен алған әсерлерін жеткізді.

– Мен Түркияның Ыстанбұл қала­сынан келген өздеріңіздің Орхун бауыр­ла­рыңыз боламын. Өзім – Түркияда туып-өскен қазақ баласымын. Осы жоба арқылы Отаныма, атамекеніме кел­ге­німе өте қуаныштымын! Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Заман­дастарым, отандастарым дүниенің түк­пір-түкпірінен келген екен... Басқосу бары­сында әрқайсысымыз «Елімізге не бере аламыз? Қандай қызмет етеміз?» деген сұрақтың жауабын іздедік. Біз осы мекеннің баласымыз. Алдағы уақытта елге қайтуды жоспарлаймыз, – деді Ыстанбұлдағы қазақ жастарының көшбасшысы Орхун Акдаг.

Ал Токио қаласында тұратын Жа­дыра Сембіқызы «Киелі Қазақстан» жоба­сына қатысып жатқанына өте қуа­­нышты екенін айта келіп, «Бізге осын­­дай мүмкіндік жасаған Қазақстан мем­лекетіне, «Отандастар қорына» алғы­сым шексіз. Жоба аясында көзбен көрген керемет жерлер менің Отаны­ма деген махаббатымды одан сайын арттырды. Қазақтың киелі жерлері көп. Жапония тұрғындары табиғатты қорғау дегенге асқан жауапкерші­лік­пен қарайды. Біздің де осындай әде­мі табиғатымыз, көркем жерлеріміз лайықты қорғалса деймін. Себебі бұл ұрпақтан-ұрпаққа қалатын атамекен, аманат. Болашақта мен де Қазақстанның дамуына, өсіп-өркен­деуіне өз үлесімді қосуға ниеттімін. Мен елге көп кешікпей ораламын»,  деп ағы­нан жарылды.

Айта кетейік, жоба аясында ұйым­дас­тырылған дөңгелек үстелде қазақ жас­тары білім, мәдениет пен спорт бағы­тындағы өз ойларымен бөлісіп, идея­ларын ортаға салды. Ал мерекелік кеш­кі ас кезінде ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың ән-күйлерін орындап, «Қара жорғаға» билеп, бір-бірімен жақынырақ танысты.

Жоба қатысушылары шетелде тұра­тын білімді, талантты және өнерлі жас­тар. Мәселен, Түркиядан келген қан­да­сымыз Орхун Акдаг Ыстанбұл қаласын­дағы жастар ұйымының басшысы, Алия Карбаева мен Сүйініш Хасенов Омбының, Айдана Мырзагулова Орын­бордың, Жадыра Сембай Жапонияның, Мереке Боранбаев пен Сүндет Исраилов Өзбекстанның қазақтары және олар өздері тұрып жатқан елдегі жастар ұйым­дарының белсенділері.

«Отандастар қоры» және Jas Qazaq жастар ұйымы жыл бойы түрлі бай­қаулар ұйымдастырып, оның же­ңім­паздары­на «Киелі Қазақстан» жо­ба­сына жолда­ма берген болатын. Бал­жан Рзахмето­ва Level Up бай­қауы­ның, Айболат Базар­бек шахмат тур­нирінің, Ерхулан Жанат киберспорт турнирінің, Темірхан Сергазиев пен Азамат Жүсіпқалиев пікірсайыс турнирлерінің жеңімпазы атанып, жоба қатысуға мүмкіндік алды.

Жоба қатысушыларының арасында қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қандас студенттер, олардың ішінде жас IT маман, журналист, музыканттар мен белсенді блогерлер, магистрантар бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның мақсаты – шетелде туып-өскен, тарихи Отаны Қазақстанда бұрын-соңды болмаған отандастарымызға еліміздің киелі жерлеріне баруға мүмкіндік беру. Осы арқылы ұлтымыздың тарихымен, қазіргі қалыптасқан жағдайымен таныстыра отырып, олардың бойында атамекенге деген махаббатын арттыру. Олар әлеуметтік желілер арқылы Қазақ­станның кез келген жерін көруі мүмкін. Алайда сол жерлерге бару мүм­кіндігі барлығына берілмейді. Осы орайда «Киелі Қазақстан» жобасының әлеу­меттік-рухани маңызын ерекше атап өткен жөн.