Әлем • 02 Қараша, 2021

Халық сенімін қайта қалпына келтіру қажет

285 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ЛЮКСЕМБУРГ. Әлем жаһандық жылынумен күресу тәсілін өзгертуі тиіс. Қазіргі іс-қимылдар өте баяу жүріп жатыр. Оған қоса, жаһандық жылынудың әсерін азайтып, оның салдарын жеңілдетуге бағытталған мақсаттарымыздың орындалмай қалу қаупі бар. Осы орайда саяси көшбасшылардың сөздеріне көңілі толмаған халық жедел әрекетке кірісуді талап етеді. 

Халық сенімін қайта қалпына келтіру қажет

Сарапшыларды мазалайтын мұндай пікірді Еуропалық инвестиция банкі (EIB) жыл сайын жүргізетін климатқа қатысты зерттеудің нәтижесі дәлелдеп отыр. Мәселен, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттерді мекендеген халықтың 75 пайызы, британиялықтардың 69 пайызы және америкалықтардың 59 пайызы климаттың жылынуына байланысты туындаған төтенше жағдайға билікке қарағанда, өздері көбірек алаңдайтынын айтады. Сауалдамаға қатысқандардың жартысына жуығының пайымдауынша, климаттық дағдарысты тиімді шешуге қиындық келтіріп тұрған ең алдымен биліктің әрекетсіздігі. (Қараңыз – 1-инфографика)

Қоғамдық ұйымдарды басқаратын біз секілді басшылар мұндай деректерді қауіпті ескерту ретінде қарастыруы тиіс. Егер азаматтар ел билігінің климат өзгеруіне қатысты жасайтын әрекет­терінің тиімділігіне сенбесе, көпшілік олардан үміт жоқ деген қорытындыға келіп, бәрінен бас тартуы мүмкін. Соның салдарынан билік тағы да бір қиындыққа тап келеді, яғни қоғамдық сенімді жоғалтады. Мұндай қолдаудан айырылу болашағымыз үшін маңызды саясат жүргізіп, бағдарламаларды жүзеге асы­руға кедергі келтіреді.

Біз бұған жол бере алмаймыз. Халық­тың сенімін қайта қалпына кел­тіру үшін нақты климаттық жобалар мен инн­о­вацияларға жаппай инвестиция салу­ды кешіктірмеу қажет. Климаттың жылынуына қарсы іс-әрекет бизнеске үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан саясаткерлердің оны ілгерілетуге білімі жеткілікті болуы керек. Глазгода өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымы ұйымдастырған Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP26) басты сынақ болмақ. Осылайша, мемлекеттер басшыларының тиімді іс-әрекетке ұмтылар ұмтылмасы анықталады. Бүкіл әлем Глазгоға көз тігіп отыр.

Еуропалық одақ өз кезегінде климат­тың өзгеруімен күресте алдыңғы орында тұр. 2030 жылға қарай парниктік газ­дар шығарылымын 1990 жылғы деңгей­мен салыстырғанда 55 пайызға қыс­­қартуға уәде берді. Сондай-ақ Еуро­­па­лық одақтың климаттық банкі ретін­де EIB осы күш-жігердің алдыңғы қатарын­да жүр. 2030 жылға қарай жаһан­дық жылынуға қарсы күреске және экология­лық тұрақтылыққа 1 трил­лион еуро (1,16 триллион доллар) ин­вестиция салмақ.

Климаттың өзгеруі мен биоәртүр­ліліктің жойылуы мәселесінде маңызға ие онжылдықты бастан өткеріп жатырмыз. Сауалдама жүргізілген барлық елде көпшіліктің басым бөлігі (Қытайда 93 пайыз, Еуропалық одақта 81 пайыз, Ұлыбританияда 74 пайыз және АҚШ-та 59 пайыз) климаттың өзгеруін осы ғасырдың ең үлкен мәселесі деп санайды. Дегенмен міндеттемелеріміз­ге жете­тінімізге халықтың сенімі жоқ. Еуропалық одақ елдеріндегі азамат­тардың 58 пайызы 2050 жылға қарай өз елдері көмірқышқыл газының шы­ғарылымын күрт төмендете алмайды деп санайды. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 55 пайызға, АҚШ-та 49 пайызға тең. (Қараңыз – 2-инфографика)а

Бұл халықтың экологиялық апаттан бас тартқанын білдіре ме? Нақты жауап беру қиын. Еуропалық одақ және Ұлыбритания халқының біраз бөлігі әдетімізді түбегейлі өзгерту ғана жаһан­дық жылынуға қарсы тұрудың ең тиімді жолы деп санайды. Бірақ АҚШ пен Қытайдағы сауалдамаға қаты­су­шы­лар­дың пікірі сәл өзгеше. Олар жоғары­да айтқан қадамға қоса, климат­тық дағ­дарыспен күресу үшін техноло­гиялық инновация қажет деп есептейді.

Қалай дегенмен, инвестиция салу өзекті екені сөзсіз. 2020 жылы пандемия салдарынан туындаған шектеу шаралары мен экономикалық белсенділік­тің төмендеуі жаһандық парникті газ­дар шығарылымын 5,8 пайызға азайтты. Бұл жақсы жаңалық секілді естілуі мүмкін. Бірақ бұл ендігі жерде көмірқышқыл газының шығарылымын жыл сайын осыншалықты мөлшерде азайтудың қаншалықты қиынға түсеті­нін көрсетеді.

Бізге технологиялық төңкеріс керек. Оған қол жеткізгенде оны қаржылан­дыруға дайын болуымыз қажет. Жаңар­ты­латын энергияға ондаған жыл бойы салынған инвестиция өз жемісін берді. Жел және күн энергиясы қазір жоғары бәсекеге қабілетті және кең таралған. EIB сарапшыларының есептеуінше, Еуропалық одақтағы әрбір жүргізуші тура ертең электр көлігіне ауысса, қол­да­ныс­­тағы жел турбиналары оларды қуат­­тандыруға қажетті электр энергия­сы­ның 85 пайызын қамтамасыз ете алады.

Енді жасыл сутегі және энергияны сақтаудың озық шешімдері секілді ахуалды жақсартатын технологияларды кеңейтуіміз керек. Еуропалық одақ бұл салада әлемдік көшбасшы саналады. Ұйым­да жасыл цифрлы технологиялар­ға берілетін патент АҚШ-қа қараған­да (Қытайдан төрт есе) 75 пайызға көп. Сондай-ақ одақта жаңартылатын энергия көздері, климатқа бейімделу, су тас­қынын бақылау, ауа райын болжаудың жетілдірілген құралдары және төзімді инфрақұрылым секілді салалардағы жетістіктерді бөлісу тәжірибесі бар.

Сонымен қатар NextGenerationEU қалпына келтіру жоспарында және Еуропалық одақтың ұзақ мерзімді бюджетінде қамтылған 2 триллион еуроның үштен бірі Еуропалық жасыл келісімге бөлінген. Бірақ қиындыққа төтеп беру үшін жеке сектордың толық инновациялық әлеуеті мен қаржылық күшін жұмылдыра алатын жаһандық жасыл келісім қажет. Еуропалық одақ озық таза технологияларын сыртқа та­ра­­тып, климаттың жылынуына қарсы іс-қи­мылды ұйымдастыратындар, иннова­ция­ларды іздейтіндер және экономи­калық дамуды басқаратындар арасын­да араағайындық міндет атқара алады. Бұл тұрақты жаһандық экономиканың негізгі тіректеріне айналады.

Әрине, жасыл энергетикаға көшудің ықтимал кемшіліктері бар. Оларды шешу дереу әрекет етуді талап етеді. Ластайтын өндірістен бас тартқанда зардап шеккендерге өтемақыны инвестиция арқылы төлеу қажет. Технологиялық серпілістерге ұмтыла отырып, жел электр стансалары секілді жетілген климаттық технологияларға ауқымды инвестиция құюды жалғастыруды назардан тыс қалдырмауымыз керек. Сол секілді, тиімділікті арттыратын инвестициялар ғимараттардан бөлінетін парниктік газдарды 35 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Энергетикалық жүйенің интеграциясы (энергетиканың біртұтас нарығы арқылы) Еуропалық одақтың көміртегі шығарылымын азайтуға жол ашады.

Саясаткерлер үшін инвестиция салу­ға кедергі келтіретін дүдәмалдық пен бөл­шектенген нарық секілді қиын­дық­тарды жою маңызды. Әсіресе қазіргі­дей ко­ронавирус пандемиясы жеке сек­тор­­дың қарызын жоғарылатқан сәтте өте қажет. EIB-тың 2020/2021 жылғы ин­вес­тициялық есебіне сәйкес, Еуро­па­лық одақ фирмаларының 45 пайызы пан­демияға байланысты инвестициялық жоба­ларын қысқартуды немесе кейінге қалдыруды жоспарлап отыр.

Биылғы климаттық сауалдама бір нәрсені анық көрсетеді. Әр мемлекет аза­маттарының сенімін сақтау үшін осы бастан әрекет етуі керек. Яғни иннова­цияларға және жаңа, нығайтылған экономиканы құру мүмкіндіктеріне баса назар аударып, климаттың жылынуына қарсы тұруға мүмкіндік беретін сала­лар­ға ауқымда инвестиция салған жөн. Еуропа тапқырлығы мен қаржы­лық күшін пайдаланып, жаһандық өзгеріс­тер­дің ортасында жүруі тиіс.

 

Вернер ХОЙЕР,

Еуропалық инвестиция

банкінің президенті

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org