Ұлы тұлғалардың өмірін зерттеу де ұлттық әдебиет пен мәдениетімізге жаңа леп қосты. Сол арқылы кешегі күлік мінген ер бабалардың батырлығын, өр мінезін, мұрасын зерделеп, ұрпақ санасында сақтауға құлшыныс таныттық. Шығармаларына ұлт қайраткерлерін өзек еткен қаламгердің бірі де бірегейі жазушы Рахымжан Отарбаев еді. Ол ең алғаш Сұлтан Бейбарысты ұлт сахнасына шығарды, шығарып қана қойған жоқ, кең көлемде насихатталуына мұрындық болды.
Ұмытшақ тарихтың кей қуысында қалған деректерді қайтадан жадымызға салды. Қаламның құдіретін сезінген адам ғана осылай еңбек етер. Рахымжан Отарбаевта сол ұстаным өзгеше болған сияқты. Әр шығармасында серт пен сенім, махаббат пен ізгілік, үміт пен қуаныш оты жарқырап тұрады. Құдды анадайдан «бұл шығарманы Рахымжан Отарбаев жазған» дегендей оқшау, дара, бөгенайы бөлек қалпында сыр шертеді.
Әлем әдебиетінде оқуға тиісті жақсы кітаптардың есімі ел аузында жиі айтылатын жақсы үрдіс бар, сол арқылы оқырман әлгі шығарманы тауып оқып, өз бағасын айтады. Бұл дәстүр бұрнағы жылдары біздің әдебиетке де келді. Қазақы қоғам нарықтық экономикаға аңсарлы болып кетті дегенімізбен әлі де арамызда кітап оқитын, руханиятпен сусындайтын адамдар баршылық. Отарбаевтың ұлы Махамбет Өтемісұлы туралы жазған «Бас» атты романы әуелде есті оқырмандар арасында жақсы әңгімелердің тұздығы болды.
Рахымжан Отарбаевтың суреткерлік әлемі өз алдына бөлек тұрған мұнара сияқты. Қараған сайын көзің алысты көреді, талмайды, тағы бірдеңені көрсем деп үміттенеді. Оның көркем шығармаларының басты мақсаты – адам мен қоғам, болашақ. Осы үш өзек оның әр туындысын оқыған жанның санасына рухтың дәнін себеді. Адам дегеніміз, кешегі ер бабалар, анығын айтқанда, Отарбаев қаламы жазған Бейбарыс, Махамбет сияқты тұлғалар. Ал қоғам дегеніміз – сол қайраткерлер өмір сүрген кезең, уақыт, орта. Ал болашақ келесі ұрпақтың танымы мен көкжиегі, ертеңгі елдің ту ұстарларының тұлғалар өмірінен нәр алуы, сусындауы.
Отарбаев романды қалай жазу керектігін өзінен кейінгі буынға байыппен үйрете білді. Бұған дәлел де осы «Бас» романы. Нобель сыйлығының лауреаты Мо Ян бір сөзінде: «Жазушылықты кәсіп еткен адам үшін бір әңгіме жаза салудың еш қиындығы жоқ. Алайда тек қана тауқыметті өмірді өз басынан өткізген адам ғана сезінетін тағдырды, адамның адамшылдығы ғана жеңуге шарасыз әлсіздіктер туралы аяушылықтарды талант күшіне сүйеніп қиыстырамын деу оңай нәрсе емес», дейді. Әрине, Отарбаев пен Махамбеттің арасында екі-үш ғасыр аунап өтті. Бірақ ол Махамбет дәуірін бүгінгі адамның ойымен сәтті суреттеді.
«Басты» оқыдың ба?» деп сұрағандар да аз болған жоқ. Жұрт қызыққан романды біз де оқып шықтық. Оқып біте салысымен терең ойдың маза бермейтіні шындық. Ненің мазасы? Әрине, шығарманың оқырман санасындағы әсері болмақ. Әр ұлт үшін оның тұлғаларының басы қымбат. Ал бізде ше? Кенесарының басы, Махамбеттің, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып, Сәкен, Ілияс, Мағжан... болып кете береді. Құдай-ау... қаншама қадірлі бастан, ойлы бастан айырылып қалғанбыз, көз жазғанбыз. Сол бастардың бодауы осы күнгі бейбіт ел мен бейсауатқа бұйырмаған жер, тыныштық пен ұрпақ ертеңі емес пе? Әрине, солай. «Бас» романы негізінде жазылған «Бас» пьесасын да ыждағаттап оқыдық. Айтары бөлек. Шығарма мен қазаққа ақыл айтып тұрмын демейді, ақылды болуға, ойламды ұлт болуға жетелеп тұрмын дейді. Егер Рахымжан Отарбаев шығармаларына тіл бітер болса, бір ғана Махамбеттің «Басы» арқылы қазіргі қоғамдағы былық пен шылықты, оспадарлықты, мағынасыз жиын-тойды, тіпті ұлттық құндылықтарымыздың күн санап жоғалып бара жатқандығын бетімізге басып айта салар еді.
Онсыз да қағаз бетінде айтып тұрған жоқ па?! «Бас» пьесасы төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлім өз жүгін көтеріп, ойын салмақтап тұр. Оқи келе «Махамбет ақынның айтылмай қалған соңғы сөзі қандай екен?» деген ойдың құзына құлайсыз. Адамда өкініш те, опық та қуанышпен қатар өмір сүреді. Ал «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» немесе «Арғымаққа айдай таға қақтырса, кілегей қатқан Еділдің, көкше мұзынан таяр ма?» деп жырлаған ер Махамбеттің айтылмаған сөзі, арманы ішінде кетпеді деп ойлайсыз ба? Рахымжан қаламы соны тап басып отыр. Бірінші бөлімде «Қазақ тұрғанда иықта бас тұратын ба еді?» деген сөйлем бар. Денең тоқ соққандай шым етеді. Бұған не айтасың? Тек «Рас-ау» дейсің, ар жағы үнсіздік. Пьесаның тіл шұрайлылығы өз алдына бір бөлек мақаланың жүгі. Ал оқиға өзегі де нанымды. Антрополог Ноэль «Рұқсат етіңіздер, үш бидің моласын ашайын. Бас сүйектерін алайын. Әр сантиметрін өлшеп, ғылыми негіздеп тірі кезіндегі мүсінін қалыптайын. Ұрпақ көрсін. Ұлағат алсын. Сосын ескерткішін қойыңыздар» деген үмітпен ел ісіне адал еңбек еткісі келеді. Бірақ... Отарбаевша айтқанда «бізде бәрінің де бас-аяғы жоқ қой».
«Бас» пьесасындағы ащы сарказмдар бүгінгі қазақтың мінезін қаз-қалпында беріп қана қоймай, оны таразыға салып салмақтау керектігін де жасырын сыбырмен айта кетеді. Елі үшін күрескен ердің басын саудаға салған қоғам мен адамның жанталасы, жадағайлығы мен жасандылығы Рахымжан қаламы арқылы бәрімізге ой салады. «Неге біз осындай күйге түстік?» деген ізгі ой санаңа қалай кіріп алғанын өзің аңдамай қаласың. Ноэльдің мына сараптауын оқиықшы: «Ақынның ажалы екі адамнан келген. Қылыштың бірі өткір де, екіншісінің жүзі добалдау», дейді. Бұл жазушының әлдебір деректен алған деталі болса керек. Кесілген бастың тарихы бізге сонау арғы заманның өзінде бас-басымызға кеткен берекесіздігімізді аңдатады. Айдаһардай аһ ұрған жауға төтеп беремін деген есіл азаматты екі қылыштың бастан шабуы да біз үшін ұмтылмайтын қасіреттің бірі. «Өнердің мақсаты – адамның көзін сүртіп тұру», – дейді Карл Маркс. Демек, «Бас» пьесасы қазақтың ұмытуға құмар санасын қайта сілку үшін арнайы жазылған мәңгілік шығарма.
Әр уақытта өнерге, ғылымға мұрын шүйіре қараған бектер мен жандайшаптар өмір сүрген. Тіпті Махамбет заманында да, біздің қазіргі заманда да. Әйтпесе антрополог Ноэльдің «Махамбет жайлы ақылдаса келгем» дегеніне министр Баймағамбет «Ә, әне біреу екен ғой. Қай басқармада істейтін еді?» демес еді. Осы диалогтағы сарказмға еріксіз күлесің, басқаларды мазақтап емес, өз тағдырын, өткенін білмейтін «өзіміздің» шенділер үшін. Бізде осылай деп ешкімге тіс жарғың да келмейді. Жұрт мазақтар, күлер. Осындайда Марина Цветаеваның «ауыратын жеріңді ешкімге айтпа, әйтпесе тура сол жеріңнен ұрады» дегені еске түседі.
Ноэль бәрінен үміті үзіліп, Мәскеуге кетеді. Текке кеткен жоқ. Үміт пен өкінішті арқалап кетті. Үміті – алдағы шаруалары, ал өкініші – өзі қазып алған Махамбеттің басының айдалада қалып бара жатқаны. «Қараой қалып барады, бізді үмітті көзбен ұзатқан қарт Құрақ...» деген сөз көкірегін тырналайды. Пьесадағы оқиға тартысы да өз деңгейінде. Автор жоғалған басқа астанадан жеткен пәрмен арқылы іздеу жарияланғанын, тіпті қомақты ақша сыйлыққа тігілгенін шығармаға сәтті пайдаланған. Осы сәтті ол: «Осымен, Махамбет Өтемісұлының басына екі рет ақша тігілген екен. Бірі – тірісінде жоғалту үшін, екіншісі – жоғалған басты табу үшін» деп кестелейді. Шынымен де парадокс. Демек, қазақ екі рет өкініп, екі рет қасіретке батты деген сөз. Әрине, Махамбет үшін.
Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Бас» пьесасы бүкіл өткен тарихымыздың, ақтаңдақтарымыз бен «әттеген-айларымыздың» өзекті тұстарын еске түсіруге қызмет етті. Шығарманы оқып болғасын, аңғалдығымызға, «адалдығымызға» өкінесіз.
Пьеса ақын, актер Маханың:
«Сыймады екен қалыпқа,
Талантты боп туған ірілер.
Сендерден қалған даңққа,
Таласып жатыр тірілер» деген ойлы пайыммен аяқталады. Басы мен аяғы қабысқан, оқшау ой айтудан жалықпаған бұл шығарманың құндылығы уақыт өткен сайын арта бермек. Егер Махамбет ақынның өлеңі де, өнегесі де ескірмесе, оның өмірі туралы жазылған «Бас» пьесасы да ескірмейді. Марина Цветаева: «ақындар не үшін жаралғанын білесіз бе? Әрине, адамның жанды жерін ұялмай айту үшін», дейді. Махамбеттің жаралуы да қазақтың жанды жерін ұялмай, батылдықпен айтуы үшін еді. Әттең...