Қаржы • 03 Қараша, 2021

Жанат Құрманов: Қамсыз болашаққа қамдану бүгіннен басталуы керек

400 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделу және жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру туралы мәселе көтерген еді. Биылғы жылдың басынан бастап жүзеге асырыла бастаған бұл бастама жұртшылықтың қолдауына ие болып, оң бағасын алып жатыр. Осы ретте «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрмановпен жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жаңа өзгерістер жайында жан-жақты әңгіме өрбіттік. 

Жанат Құрманов: Қамсыз болашаққа қамдану бүгіннен басталуы керек

– Жанат Бостанұлы, 2021 жыл Бірың­ғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына қандай өзгерістер алып келді?

– 2021 жылдан бастап «Қазақстан Рес­­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­­леріне экономикалық өсуді қалпына кел­тіру мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­т­ырулар енгізу туралы» заңға сәйкес азаматтар өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емдеу және жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығын алды.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинақтарын тексеріп, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында алуға қол­жетімді соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс.

БЖЗҚ жинақталған зейнетақы қаражатын уәкілетті операторға (банкке) аудару азамат­тың опе­раторға берілген өтініші туралы элект­рон­ды хабарламаны алған күннен бас­тап 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырыла­ды. Уәкілетті оператор аударылған зейнетақы жинақтарын азаматтардың арнайы шоттарына бір жұмыс күні ішінде есептейді. Зейнетақы жинақтары арнайы шоттарда 45 жұмыс күнінен аспайтын уақытта ғана сақталады. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға немесе салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс. Осылайша, азамат­тардың тұрғын үй және емделу мәселелері бойынша барлық өтініштері уәкілетті опера­торға «бір терезе» қағидаты бойынша келіп, қаралады. Салымшы тарапынан БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді.

Сондай-ақ азаматтар түрлі инвестиция­лық стратегиялар ұсынатын инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) арасында өз қалауымен таңдау жасау арқылы жинақ­та­рын басқаруға қатыса алады. Зейнет­ақы жи­­нақ­тарының жеткіліктілік шегінен асатын бө­лігін аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға ны­сан бойынша және талап етілетін құжат­тар­ды қоса тіркей отырып, өтініш бере алады. БЖЗҚ-ға өтінішті БЖЗҚ-ның өңір­лік кең­се­­­лері­не жеке жүгіну арқылы немесе enpf.kz ин­­­тернет-ресурсы арқылы элект­рондық цифр­­лы қолтаңбаны пайдалана оты­рып, қа­­­шық­­тық­тан беруге болады. Азамат­тардың зей­­не­т­ақы активтерін басқару құқы­ғын ал­ған ИПБ тізілімін Қазақстан Республи­касы­ның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі айқындайтын болады. Бұл ретте зейнет­ақы жинақтарының бірыңғай есебі «БЖЗҚ» АҚ-да сақталады.

 – Қор салымшылары мен алушыларына қатысты осы жылдың басты оқиға­ларының қатарында тағы қандай шараларды атап кетер едіңіз?

– 2021 жылдың басты жаңалықтары­ның бірі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерімен бірлесіп әзірлеген Еура­зия­лық экономикалық одаққа мүше мем­лекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қам­сыздандыру туралы Келісімнің 2021 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі болды.

Бұл Келісімнің негізгі мақсаты – еңбек­шілердің зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналасқан мемлекеттің азаматтары сияқты жағдайларда қалыптастыру, сақтау және іске асыру. Келісім Қазақстан, Ресей Федера­ция­сы, Қырғыз Республикасы, Армения және Беларусь азаматтары болып табылатын қызметкерлердің құқықтарын қорғайды. ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында еңбек немесе өзге де қызметті жүзеге асыру арқы­лы еңбекшілердің зейнетақы құқықтары қалып­тастырылады. Келісім Одақтың бір елі­нен екінші еліне зейнетақыны экспорттау тәр­тібі мен тетігін айқындап, зейнетақы алу құ­қығын анықтау үшін ЕАЭО-ға мүше мемлек­ет­тердегі жұмыс өтілін жинақтауды көз­дей­ді. Сондай-ақ Келісім күшіне енгенге дейін және одан кейінгі жұмыс кезеңдері үшін зейнет­ақы тағайындау мен төлеу тәрті­бін ай­қын­дайтын өтпелі ережелер бекітілді.

Қазақстанда Келісімді іске асыру жөнін­дегі құзыретті орган – БЖЗҚ. Соған сәйкес Қорға еңбекшілер қажетті кеңес алу үшін, ал кейіннен құқықтарын қалыптастыру кезін­де, өздері еңбек қызметін жүзеге асыр­ған және жұмыс істеген кезеңдері үшін зейнет­­ақы алу құқығына ие болған мүше мемлекет­тердің құзыретті органдарына жіберу үшін құжаттармен жүгіне алады.

Биылғы жылдың тағы бір елеулі шара­лары­ның бірі – зейнетақы төлемдерінің мөл­шерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдіс­темесі. Оған сәйкес 2021 жылдың 1 сәуірі­нен бастап зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бірінші жылындағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы зейнетақы жинақтары сомасының зейнетақы жинақтары төлемдерінің мөлшерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептеледі – 6,5%.

Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнет­ақы төлемінің мөлшері өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөл­шерін зейнет­ақы төлемдерін индекстеу мөлшер­леме­сіне жыл сайын арттыру жолымен қайта есептеледі – 5%.

Айта кету керек, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың аталған әдістемесі 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есеп­теуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесіне сәйкес БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтардан бас­тап 2021 жылғы 31 наурызға дейін іске асырған адамдарға 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемдері 5% мөлшеріндегі зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне ұлғайтылады, ол кейіннен жыл сайын индекстеліп отырады.

Осылайша, зейнетақы төлемдерінің мөл­шерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесі алушылардың еңбек жағдайлары мен денсаулығының ерекшеліктерін ескереді, сондай-ақ БЖЗҚ-дан берілетін жыл сайынғы төлемдер мөлшерін ұлғайтуға ықпал етеді.

Жұртшылық үшін қуантарлық тағы бір жаңалық – енді ерікті зейнетақы жарналарын есептейтін шот ашу үшін Қорға келудің қажеті жоқ. Міндетті зейнетақы жарналары сияқты алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы да түскен кезде Қордағы шот автоматты түрде ашылатын болды.

– БЖЗҚ-дағы салымдар қалай бас­қарылады, қайда инвестицияланады және қандай табыс түсуде деген сауалдар Қор салымшылары мен алушыларын толғандыратыны белгілі. Ендеше, осы мәселеге нақты деректерді негізге ала отырып, тоқталып өтсеңіз...

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2021 жылдың 1 қазанындағы жағдай бо­йынша 13 трлн теңгеден асты. Бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды.

2021 жылдың 1 қаңтарынан 1 қазаны­на дейінгі тоғыз ай ішінде БЖЗҚ салым­шы­ларының шоттарына 1,1 трлн теңге мөл­шерінде таза инвестициялық табыс есеп­­тел­генін атап өткен маңызды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда 67 млрд теңгеге немесе 8% артық. Са­лым­шы­лардың (алушылардың) зейнетақы жинақ­тары­ның сомасы зейнетақы активтерін инвес­тиция­лау нәтижелеріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвес­ти­циялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойын­ша сыйақы, қаржы құралдарын нарық­тық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т.б. кіреді.

Жалпы, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап, Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 5,6 трлн теңгеден асты.

Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар, сондықтан инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде бір жыл кезеңінде талдаған жөн. Қысқа мер­зім­ді деректер (күнделікті, ай сайынғы және т.б.) көрсеткіш болып табылмайды, өйткені олар күнделікті нарықтық жағдайға байланысты.

Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе ұялы қосымшаның көмегімен бақылай алады.

– Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ-ның зейнет жасына жеткен салымшыларына іздеу жарияланғаны туралы ақпараттар жарияланды. Бұл – әлеуметке қажет, өте құнды бастама. Осы ретте мәселе қалай шешілуде, иелері табылмаған жинақтар Қор есебіне кері қайтарыла ма?

– Биыл Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қоры «Азаматтарға арналған үкімет» мемле­кет­тік корпорациясымен бірге әлеуметтік қор­ғау саласындағы уәкілетті органның ақ­па­рат­тық жүйесінде зейнеткерлік жасқа жет­кен, бюджет қаражаты есебінен жасына бай­ланысты зейнетақы төлемдері мен мемле­кет­тік базалық зейнетақы төлемі тағайындалған, бірақ зейнетақы жинақтарын төлеу үшін БЖЗҚ-ға жүгінбеген тұлғалардың бар-жоқ­ты­ғын салыстыру жұмыстарын жүргізе бастады.

2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойын­ша БЖЗҚ деректер базасында зейнет жасына жеткен, бірақ БЖЗҚ-дан зейнет­ақы ж­инақ­тарын төлеуге өтініш бермеген алу­шы­лардың, жалпы көлемі 13 млрд теңгеге жуық 177 мың жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) болды. Бұл жағдай зейнет жасына жетуге байланысты бірыңғай өтінім беруге арналған «бір терезе» қағидатымен жұмыс істей­тін композиттік қызмет 2018 жылдың 11 қаза­нында енгізілгенге дейін орын алғанын естері­ңізге сала кетейік. Себебі бұл қызмет іске қо­сыл­ғанға дейін азаматтар зейнет жасына толуы бойынша бюджет қаражаты есебі­нен зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру үшін Мемлекеттік корпорацияға, ал зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төле­мін тағайындату үшін БЖЗҚ-ға жүгінуге мәж­бүр болған еді. Осыған байланысты 2018 жыл­дың 11 қазанына дейін зейнетке шыққан кейбір зейнеткерлер бюджеттен зейнетақы алды, бірақ өтініш берілмегендіктен БЖЗҚ-дан төлемдерсіз қалды.

БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларының 10-тармағына сәйкес Мемлекеттік корпорациямен осындай алу­шы­лардың зейнетке жету жасы бойынша таға­йын­далған зейнетақы төлемдерінің және бюджет­тік қаражат есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу бойынша белсенді қызмет көрсету үшін «Мобильді азаматтар базасының» ақпараттық жүйесінде алушылардың ұялы телефон нөмірлерінің бар-жоғын анықтауға орай салыстыру жұмыстарын жүргізді.

Салыстыру нәтижелері бойынша «Мо­биль­­ді азаматтар» деректер базасында тіркел­ген және бюджеттік қаражат есебінен зейнет­ақы төлемдерін алушы 46 696 адам анықтал­ды, оларға Қордан зейнетақы төлем­дерін тір­кеуге келісім алу үшін белсенді қызмет ая­сында SMS жіберілді. Келісіммен жауап бер­ген адамдарға «Азаматтарға арнал­ған үкі­мет» мемлекеттік корпорациясы бұ­рын зейнетке жету жасы бойынша және мем­ле­кет­тік базалық зейнетақы төлемдерін таға­­йын­дау кезінде ұсынған зейнеткерлердің банк­тегі шоттарына зейнетақы төлемдерін жүргізді.

Биыл жеті айда 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнеткерлік жасқа жеткен 28 мың зейнет­ақы төлемдерін алушыларға БЖЗҚ Мем­ле­кеттік корпорация арқылы 3 млрд теңге ша­масында төлем жасады. Бұл ретте 27 мың­ға жуық төлем алушыларға төлемдер осы жыл­дың мамыр айынан, яғни белсенді қыз­мет ен­гізілген сәттен бастап жүзеге асырылуда.

Осылайша, БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірге зейнетақы жинақтарын төлеуге өтініш бермеген зейнеткерлерді анықтау және олармен байланыс орнату бойынша белсенді қызметті одан әрі жалғастыруда.

 – Жанат Бостанұлы, Сіз қоғамдық бақы­лау­дың, қоғамдық пікірдің мони­торингіне және Қоғамдық кеңес сияқты «кері байланыс» форматына қалай қарайсыз және қандай өзекті тақырып­тарды Қоғамдық кеңестің талқылауына ұсыну қажет деп ойлайсыз?

– Қоғамдық кеңестің жұмысы – қаржы нарығы сарапшыларының, журналистердің және қарапайым салымшылардың пікір алуандылығын екшелеп, жаңашылдық арнасына топтастыру. Қоғамдық кеңестің отырыс­тары – Қор қызметін қоғамдық бақылаудың нақты көрінісі, оны жақсарту және тұтастай алғанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар генераторы. Сондықтан бұл – Қор акционері, Ұлттық банк, мемлекеттік органдар және ең бастысы, салымшылар мен алушылар сияқты барлық мүдделі тараптармен жұмыс істеу үшін маңызды, әрі қажетті құрылым.

Өткен жылдың соңында Кеңес құрамы мен Кеңес туралы ереже жаңартылып, оның жұмы­сы біртіндеп сапалы, сарапшылық жаңа деңгейге өтті. Соған сәйкес Кеңес оты­рыс­тарының тақырыптары да таңдалып алына­тын болды. Қазір онлайн режімде өткізі­летін отырыстарда жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту, MCGPI әлемдік зейнетақы жүйелері тиімділігінің индексі, демографиялық трендтер және олардың зейнетақы жүйесінің дамуына әсері, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 20 жылдан астам уақыт ішіндегі нәтижелері және т.б. мәселелер күн тәртібіне қойылды.

Жұртшылық сұранысы мен талабына жауап бере алатындай жұмыс сапасын қамтамасыз ету үшін қоғамдық бақылау мен Қоғамдық кеңес талқылаулары тұрақты негізде жүргізілуі тиіс. Осы үрдістен шыға білген Қоғамдық кеңес Қормен үнемі тығыз байланыста, бұл мәселеде қазіргі заманға сай коммуникация құралдарының да пайдасы зор. Сондықтан Кеңес мүшелерінің сындарлы пікірлерін біз әртүрлі шешімдер қабылдау кезінде ескеріп отырамыз.

– Егер Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорынан қаражат алу үрдісі жалғаса берсе, бұл белгілі бір дәрежеде Қор актив­терінің азайып кетуіне ықпал етуі ық­тимал деген пікірлердің кейбір сарапшылар тарапынан айтылып жүргенін білеміз. Бұған сіз не дейсіз?

– Жыл басындағы болжам бойынша тұр­ғын үйге, емделуге немесе зейнетақы порт­фелін басқарушының аударуына пайдалануға болатын жалпы сома шамамен 2,8 трлн тең­гені құрады. 2021 жылдың 25 қазанына қарай болжамды сомадан шамамен 2 трлн теңге алынды, бұл – жоғарыда айтылып өткен қаржының шамамен 71 пайызы.

Алайда зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары мен оларды инвестициялаудан түсетін инвестициялық табыс есебінен үнемі ұлғайып отырады. «БЖЗҚ» АҚ-дағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 2021 жылдың 1 қазанындағы мәліметке сәйкес 13 трлн теңгеден асты.

Бір жыл ішінде, яғни 2020 жылдың қазаны­нан 2021 жылдың қазанына дейін зей­нет­ақы жинақтарының жалпы сомасы бір­жолғы зейнетақы төлемдерінің алынуына қарамастан, 569 млрд-тан аса теңгеге немесе 5%-ға өсті. Яғни зейнетақы активтерінің жалпы көлемі төмендеген жоқ.

Жеке зейнетақы шоттарында ең төменгі жеткіліктілік шегінде қалатын қаражат салым­шыны ең төменгі зейнетақыдан төмен емес мөлшерде зейнетақы төлемдерімен қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрине, бұл болашақ зейнетақы үшін өте аз сома. Ол БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерден және ең төменгі базалық зейнетақыдан құралады (еске сала кетейін, бұл – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ы). Сондықтан жинақтарды пайда­лану алдында салымшыларға болашақ­та лайықты зейнетақы алуы үшін бәрін ойластырып, мұқият зерделеуге кеңес береміз.

 – Қордағы зейнетақы активтерін бас­қару­ға алған инвестициялық басқару­шы компаниялар алдағы уақытта сіздермен бәсе­келес болуы мүмкін бе? Олармен ара­да­ғы байланыс қандай деңгейде?

– Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне бәсе­келес ортаның келуі – жүйенің одан әрі дамуына ықпал ететін қалыпты құ­бы­­лыс. Салымшылардың өз таңдауы бар, зей­­нет­­ақы жинақтарын басқаруға қа­ты­су – жар­­наларды неғұрлым тұрақты әрі та­быс­ты мөл­шерде аударуға ынталанды­рады. Меніңше, инвестициялық портфельді басқарушылардың пайда болуындағы ең маңызды нәрсе – халықтың жинақтаушы жүйеге қатысуға және өз жинақтарын ұлғай­туға деген талпынысы, басқарушы компа­ния­ның табыстылығы мен тәуекел деңгейіне қарай инвестициялық артықшылықтарды таңдауы.

Бұл ретте халықтың жинақтарын – жарналарды, активтерді, инвестициялық табысты орталықтандырылған есепке алуды БЖЗҚ жүргізіп отырады. Қор қаржы нарығы­ның толыққанды, реттелетін қатысушысы ретінде инвестициялық портфельді басқару­шылармен арада сенімгерлік басқару шарттарын, кастодиан-банктердің қатысуымен кас­тодиандық шарттарды жасайды. Осы­лай­ша, мемлекет тарапынан зейнетақы жинақ­тары­ның бірыңғай есебі мен бақылауы сақталынады.

Зейнетақы активтерін басқарушы ком­па­ния­лардың бәсекелестік нарығы үшін заңнамалық орта қалыптастыру – зейнет­ақы активтерін әртараптандыру және инвес­тиция­лық тәуекелдерді азайту жөніндегі жұмыс­тың бір бөлігі. Бұл салымшылардың мүдде­лерін ескере отырып, инвестициялық өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді дамытуға мүм­кіндік береді. Ал ол өз кезегінде қор нары­ғын және экономиканы қаржыландыру құрал­дарын дамытуға ынталандырады.

 – Халықтың өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы зейнетақы жүйесіне қалай әсер етуі мүмкін?

– Көптеген мемлекет үшін өзекті әлеумет­тік-экономикалық мәселелердің бірі – азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету. Келе­шегін ойлайтын әрбір адам өмірінің осы ке­зеңінде өз қажеттіліктеріне жеткілікті зейнет­ақы төлемін алғысы келетіні ақиқат. Төрт­күл дүние халқының өмір сүру ұзақтығы ұлға­йып, саны артып, жыл сайын қартаю көрсет­кіші көбейіп келе жатқан қазіргі кез – біраз елді алаңдатып отырған түйткілді мәселе.

БҰҰ-ның болжамдарына сәйкес Қазақ­станда да әлемнің көптеген аймағы сияқ­ты халық саны одан әрі өсе береді. Осы­лай­ша, келесі бірнеше онжылдықта (2050 жылға қарай) еліміздегі халық саны шамамен 24 млн адамға жетеді. Десек те Қазақстанда халық­тың өсу қарқынының бірте-бірте баяулап бара жатқанын айта кеткен жөн.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры­ның демографиялық есептеріне сәйкес Қазақ­стан халқының 2020 жылдан 2050 жылға дейінгі болжамды өсуінің шамамен үштен бірі, бала туу деңгейінің қарапайым ұрпақтар ал­масуы деңгейінен асып түсуіне байланыс­ты болады. Ал үштен екіге жуығына «демо­гра­фиялық импульс» немесе халықтың ағым­дағы жас құрылымының өзгеруіне байланыс­ты қол жетеді. Яғни елдегі туу деңгейі өмір сүру ұзақтығының одан әрі өсуі есебінен қара­пайым ұрпақтар алмасуы деңгейіне де­йін күрт төмендесе де, халық санының өсуі орын алады. Мұндай есептеулер мен деректер әрбір елде өте маңызды. Өйткені олар қа­жет­ті шараларды алдын ала қабылдай отырып, аза­маттарды зейнетақымен қамтамасыз ету жү­йесін болжауға және дамытуға мүмкін­дік береді.

БЖЗҚ соңғы үш жыл ішінде британдық актуарийлермен бірлесіп, KazPRESTO (Pension Reform Simulation Tool for Kazakhstan) ұзақ мерзімді моделін әзірледі. Ол еліміздегі зейнет­ақы жүйесінің болашағын кешенді түрде есептеуге мүмкіндік береді және Қазақстан зей­нет­ақы жүйесінің заңнамада көзделген бар­­лық негізгі құрамдауышын қамтиды: мем­ле­кет­тік зейнетақы (базалық зейнетақы және ортақ зейнетақы); жинақтаушы зейнет­ақы (міндетті зейнетақы жарналары МЗЖ, міндет­ті кә­сіп­тік зейнетақы жарналары МКЗЖ, жұ­мыс беру­шінің міндетті зейнетақы жарналары).

Қазіргі кезде екінші құрамдауыштың өзек­тілігі басым, себебі Қазақстан ортақ зей­нетақы жүйесінен жинақтаушы жүйеге кезең­мен өтуді жүзеге асыру үстінде. Бұл өзгеріс, оның ішінде халқымыздың ұзақмер­зімді перспективада болжанып отырған қар­таюымен және соның салдарынан әлеуе­т­ті қолдау коэффициентінің біртіндеп өзгеруі­мен (яғни жұмысқа қабілетті халық саны­ның зейнет жасындағы азаматтар санына ара қа­тынасы) байланысты.

БЖЗҚ-ның да, БҰҰ-ның да ұзақ мерзімді болжамдарына сәйкес Қазақстанда 2050 жылға қарай 65 жастан асқан халық үлесінің екі есе, БЖЗҚ болжамы бойынша ағымдағы 7,3%-дан 14,2%-ға дейін және БҰҰ болжамы бойынша 14,1%-ға дейін көбейуі байқалады. Айта кету керек, қазір Қазақстан халқы Ж.Божё-Гарнье-Э.Россеттің демографиялық қартаю шәкілі бойынша кәріліктің бастапқы деңгейінде тұр. Бұл шәкілге сәйкес халықтың жалпы санының 12%-ынан астамын 60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі құрайтын елдер демографиялық тұрғыдан кәрі мемлекеттерге жатады. Қазақстан қазіргі уақытта 12 пайыздық межеден өтті.

Әрине, мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес (Африканың, Орталық Америка мен Азияның туу деңгейі жоғары және өмір сүру ұзақтығы соншалықты жоғары емес бірқатар елдерін қоспағанда), жалпы бүкіл әлем бойынша қалыптасып отыр. Осылайша, БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай әлемдегі әрбір алтыншы адам 65-тен асқан (халықтың 16%) жаста болады. Бұл – 2019 жылғы әрбір он бірінші адаммен (халықтың 9%-ы) салыстырғандағы жағдай. Айтпақшы, 2018 жылы тарихта алғаш рет 65 және одан жоғары жастағы адамдар саны бүкіл әлемдегі бес жасқа дейінгі балалар санынан асып түсті.

Сондықтан жақын арада көптеген елдің зейнетақы жүйелерінде көп деңгейлі және көп құрамдауышты жүйені неғұрлым тұрақты және әртараптандырылған үлгіде құру бағытында жасалатын маңызды өзгерістер күтілуде. Мысалы, негізінен ортақ жүйе қалыптасқан елдерде қазірдің өзінде мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеменің ұлғаюы мен азаматтар үшін жинақтаушы зейнетақыны енгізу қажеттігі байқалады. Жалпы, бүкіл әлемде таза бөлгіш және таза жинақтаушы зейнетақы жүйесінен кепілді мемлекеттік зейнетақы мен міндетті жарналар есебінен жинақтаушы зейнетақы қосылатын көпсалалы (аралас) жүйелерге ауысу бойынша жаһандық тренд байқалады.

Айта кету керек, БҰҰ-ның бағалау болжамдары БЖЗҚ-ның нақты есептерімен расталады, атап айтқанда Қазақстанда туғаннан күтілетін өмір сүру ұзақтығы көрсеткіштерінің өсу серпіні одан әрі де сақталады. Осылайша, БЖЗҚ болжамына сәйкес ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы ағымдағы 68,84 жастан 2050 жылға қарай 78,01 жасқа дейін өседі. Тиісінше, әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы қазіргі 77,19 жас­тан 83,91 жасқа дейін өседі.

Халықтың қартаю үрдісінен БЖЗҚ-ның да, БҰҰ-ның Қазақстандағы болжамдарына сәйкес 2019 жылдан бастап 2050 жылға дейінгі кезеңде әлеуетті қол­дау коэффициенті 2 есе төмендейді: 65+ жас­тағы бір зейнеткерге еңбекке қабілетті жас­тағы 3,5 адамнан ғана келеді. Бұл жерде әң­гіме нақты ресми жұмыс істейтін және бар­лық міндетті әлеуметтік төлем мен салықты тұрақты аударып отыратын адамдар туралы болып отырмағанына назар аударамыз, олардың ара қатынасы тіптен аз. Бұл өз кезегінде зейнетақымен қам­сыз­­дандырудың мемлекеттік бөлігін қар­жыландыруға қатысты еңбекке қабілетті халыққа түсетін «жүктемені» арттырады. Мұндай мәселе АҚШ-та және Батыс Еуропа елдерінде орын алуда, олар да бір зейнеткерге еңбекке жарамды жастағы екі адамнан келетін көрсеткішке жақындап келеді. Бұл зейнетақы жасын одан әрі арттыруға, зейнетақы және тағы басқа төлемдердің өсу қарқынының төмендеуіне байланысты әлеуметтік наразылықтың кең тарауына әкеліп соғады.

– Осы ретте сізден тағы бір маңызды мәселе жайында сұрай кеткім келеді. Әңгіме актуарлық есептеулер жайында және Қор осы бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Болашақтағы зейнетақы міндеттеме­лері­нің өсуін болжау және жалпы зейнетақы жүйе­сі­нің ұзақмерзімді тұрақтылығын қам­та­масыз ету үшін БЖЗҚ қалыптасқан үлгіні дамытып, әдіснаманы жетілдіру арқы­лы тұрақты демографиялық бағалар мен ак­туарлық есептер жүргізіп отырады. Осы­лайша, зейнетақы жүйесінің параметрлерін KazPresto актуарлық моделінде болжау үшін алдыңғы қатарлы машиналық оқыту әдіс­терінің бірі кластерлік талдау қол­да­ны­­лады. Ол БЖЗҚ салымшыларын сипат­тама­ларының (жынысы, жасы, табыс тобы, жар­наларды төлеу тұрақтылығы) ұқсас­ты­ғына қарай топтарға бөлуге жол ашады. Бұл Қорға салымшылардың болашақ­тағы саны мен «мінез-құлқын» болжауға мүм­кіндік береді: жарналарды төлеу тұрақ­ты­лы­ғының және жарналар мөлшері­нің өз­геруі (мансаптық өсу, уақытша жұмыссыз­дық, еңбекке жарамсыздық немесе еңбек қыз­метін­дегі үзілістің басқа да себептері), жаңа қа­тысу­шылардың қосылуы және бар салым­шы­лардың әртүрлі себептер бойынша (туу, көші-қон, мүгедектік, өлім) жүйеден шығуы.

Актуарлық үлгі зейнетақы жүйесін рефор­малауға бағытталған заңнамалық баста­маларды кешенді ұзақмерзімді талдау­ды жүзеге асыруға және Қазақстан Республи­касын­да зейнетақы жүйесінің тұрақты пара­метр­лерін құру бойынша стратегиялық ұсыным­дар мен оңтайлы шешімдер әзірлеуге көмек­теседі. Осындай бірқатар ұсынысты ұзақмер­зімді актуарлық үлгілер құру негізін­де Үкімет жанындағы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша іс-шаралар кеше­нін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы қарайды.

 – Коронавирус індеті басталғаннан бері әлемдегі зейнетақы қорларының көпшілігінің табысы төмендеп кетті. Ал Қор көрсеткіштері қандай?

– Біздің еліміз ғана емес, бүкіл әлемді шарпыған індет, әрине, ел еңсесін шайқалтып кетті. Бірақ соған қарамастан, Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қоры өз жұмысын бір күн­ге де тоқтатқан емес. Үздіксіз жұмыс нә­ти­жесін келесі мәліметтерден байқауға болады.

Жоғарыда атап кеткенімдей, Қордағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 2021 жылдың 1 қазанына қарай 13 трлн тең­ге­ден асты. Бір жыл ішінде, яғни 2020 жыл­дың қа­занынан 2021 жылдың қазанына дейін зей­нет­ақы жинақтарының жалпы сомасы бір­жолғы зейнетақы төлемдерінің алынуына қа­ра­мастан, 569 млрд-тан аса теңгеге немесе 5%-ға өсті. Зейнетақы жинақтарының негіз­гі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жинақталды, оның мөлшері 12,7 трлн теңге (соңғы 12 айдағы өсім – 4%). Мін­дет­ті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бо­йынша зейнетақы жинақтарының сома­сы 349,5 млрд теңге (өсім – 16%), ал ерікті зей­нет­ақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнет­а­қы жи­нақ­тарының сомасы 1,6 млрд теңгеге жетті.

Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына шамамен 2 трлн теңге төленді, төлемдердің басым бөлігін біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрады, оның көлемі – 1,9 трлн теңге. Төлемдер сомасы бойынша екінші орында жасы бойынша төлемдер – 70,5 млрд теңге. Одан әрі сақтандыру ұйымдарына аударымдар, ол шамамен 47,6 млрд теңге, мұрагерлік бойын­ша төлемдер – 39,0 млрд теңге, Қазақ­стан шегі­нен тыс тұрғылықты тұратын жерлерге (ТТЖ) кетуге байланысты төлемдер – 26,2 млрд теңге, жерлеуге – 3,9 млрд теңге және мүге­­дектік бойынша төлемдер 1,6 млрд теңге.

БЖЗҚ қызметтері онлайн және офлайн режімінде айтарлықтай сұранысқа ие болды. 2020 жылы 19,4 млн-нан астам қызмет көрсетілді, оның 92 пайыздан астамы – электронды форматта. 2021 жылдың 9 айында барлық қызметтің көлемі (онлайн және офлайн) 27 млн-нан асты, оның 94 пайыздан астамы – электронды форматта.

БЖЗҚ-ның барлық жаңа қызметтері (азаматтардың тұрғын үй алу, емделу, инвес­тициялық басқаруға беру үшін жинақ ақша­сын пайдалануы бойынша) толығымен цифр­лан­­дырылған және мемлекеттік органдар­дың, банктердің, басқарушы компания­лар­дың ақпараттық жүйелерімен біріктірілген.

 – Жанат Бостанұлы, сіз еліміздегі зейнет­ақы реформасын іске асыруға белсене қатысқан тұлғалардың бірісіз. Терең білім, мол тәжірибеңіз, іскерлігіңіз және қоғам тарапынан алған оң бағаңыз бар. Бұл өл­шемдер Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қоры сияқты ірі қаржы институ­тын басқару үшін қаншалықты маңызды?

– Бүкіл әлем бойынша сіз атап өткен құндылықтар – халықтың жинақ ақшасымен жұмыс істейтін кез келген ірі қаржы инсти­туты­ның басшысы үшін өте маңызды қағи­дат­тар. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалып­тас­тырудағы жұмыс тәжірибем мен оған қа­тысу өтілім маған күнделікті қызмет бары­сында көп көмегін тигізуде. Зейнетақы жүйе­сі өзінің даму кезеңдерінен өтеді және әлем­дегі сияқты біздің елімізде де үнемі жетіл­діріліп отырады. Біз өзге мемлекеттерге қарап, қандай мүмкіндіктер мен ұтымды ше­шім­дер бар екенін көреміз, олардың тәжіри­бесін талдаймыз, ұзақмерзімді кешенді ак­туарлық есептер жүргіземіз және зей­нет­ақы жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне қа­тысты заңнамалық өзгерістердің жүзеге асы­ры­луына орай нақты ұсыныстар енгіземіз.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ел эко­номикасына инвестиция ретінде салы­нып, Қазақстанның экономикалық тәуел­сізді­­гін қамтамасыз етуге өзіндік үлес қосатыны, оның даму деңгейінің халық­ара­лық сарапшылар тарапынан жоғары бағала­на­тыны көңілге демеу береді. Мәселен, Тhe Allianz Group халықаралық ұйымының соңғы есебінде әлемнің озық зейнетақы жүйелерінің рейтингі ұсынылған. Рейтинг экономикалық және демографиялық факторлар, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерінің тұрақтылығы мен барабарлығы сияқты алғышарттар бойынша жасалған. Allianz зейнетақы рейтингінде Қазақстан 70 елдің ішінде экономикасы дамыған бірқатар елді басып озып, 20-орынды иеленген. Бұл таңдалған стратегияның, елдің зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің және оның одан әрі даму бағыттарының дұрыстығын растайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»