Қазақстан • 04 Қараша, 2021

Ортақ оқулықтар бойынша маңызды шешімдер қабылданды

565 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін, 4 қарашада Ыстамбұлда Халықаралық Түркі академиясының VI Ғылыми кеңесі өтті. Отырыста «Ортақ түркі тарихы», «Түркі әлемінің географиясы» және «Ортақ түркі әдебиеті» оқулықтары бойынша маңызды шешімдер қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ортақ оқулықтар бойынша маңызды шешімдер қабылданды

Жиында сөз алған Түрік академиясының президенті Дархан Қыдырәлі дайындалған оқулықтар туралы кеңінен мағлұмат берді. Ол «Ортақ түркі тарихы» оқулығын әзірлеу жұмыстары мәресіне жеткенін хабарлап, «Түркі әлемінің географиясы» мен «Ортақ түркі әдебиеті» оқу құралдарының да дайын екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Академия президенті ортақ оқулықтар әзірлеу жұмыстарына белсене қатысып, қолдау көрсеткен тараптарға алғыс білдірді.

Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Махмут Өзер «Ортақ түркі тарихы» пәнінің мазмұны маңызды саналғандықтан жоғарғы сынып деңгейіне дейін қабылданғанын айтты. Бұған қоса, министр Махмут Өзер 2022-2023 оқу жылынан бастап 9, 10 және 11-сыныптарда «Түркі әлемінің географиясы» және «Ортақ түркі әдебиеті» оқулықтарының таңдау пәні ретінде енгізілетінін айтты.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстан мектептерінде «Ортақ түркі тарихы» пәні сәтті оқытылып жатқанын атап өтті.

Әзербайжанның Білім министрі Эмин Амруллаев «Ортақ түркі тарихы» ауқымды жоба екенін айтып, Академияның осы тұрғыдағы жұмысын жоғары бағалады.

Қырғызстанның Білім және ғылым министрі Болотбек Купешев ортақ оқулықтар енгізуді қолдайтынын білдіріп, аталған бағыттағы мәселелерді зерттейтін бірлескен комиссия құруды ұсынды.

Осы орайда Түркия тарапы өзінің төрағалығы аясында ортақ оқулықтар бойынша арнайы жиын ұйымдастыруды ұсынды.

Қарастырылып отырған ұсыныстардың маңыздылығына тоқталған Түркі академиясының президенті мұндай маңызды қадамдардың процесті жеделдете түсетініне сенім білдірді.