Қазақстан • 08 Қараша, 2021

Қуғын-сүргінге ұшырағандар ақталуы тиіс

3185 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада онлайн режімде «Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен жеке-дара тұлғаларды, қоғамдық және саяси ұйымдардың қозғалыстарына қатысушыларды, сонымен қатар қызмет бабында, ғылыми, мәдени және басқа да салада мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөнінде ұсыныстар дайындау үшін материалдар жинау бойынша тәжірибе алмасу туралы» тақырыптық семинар өтті.

Қуғын-сүргінге ұшырағандар ақталуы тиіс

Семинарды Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақ­тау жөніндегі мемлекеттік комис­сия­ның қызметін қолдау жөнін­дегі жобалық кеңсе мен Ақтө­бе облысының әкімдігі ұйымдас­тыр­ды. Оған республиканың бар­лық облысынан Өңірлік ко­мис­сия­лар жұмыс топтары­ның өкіл­дері, мемлекеттік қыз­мет­кер­лер, ғалымдар, қоғам қай­рат­керлері, мамандар, еріктілер қатысты.

Семинардың мақсаты – Өңір­­лік комиссиялардың маман­­дан­дырылған жұмыс топта­рының се­минарда талқыланған та­қырып бо­йынша атқарған жұмыстары ­туралы есебін тыңдау, жүргізіліп жат­­қан ғылыми зерттеулер бойын­ша тәжірибе алмасу, өңірлік ко­мис­­сиялардың ғылыми-зерттеу жұ­­­мысын жетілдіру жолдарын қа­­рас­­тыру және олардың мем­ле­­кет­тік комиссияның жұмыс топтарымен өзара әрекеттестігін дамыту.

Саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын толық ақтау жөніндегі об­лыстық комиссияның төрайымы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова кіріспе сөз сөй­леді. Ол семинар тақырыбы бо­­йынша облыста атқарылып жат­қан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

Жиын барысында сөз алған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін қолдау жөніндегі жобалық кеңсе басшысы Сабыр Қасымов Қазақстан Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы үшін күрескендерді толық құ­қықтық және саяси оңалту тура­лы арнайы мемлекеттік акт қа­был­дамағанын атап өтті.

Қазақстан Республикасы­ның 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жап­пай саяси қуғын-сүргiндер құр­бан­дарын ақтау туралы» заңында қуғын-сүргін құрбандарының бұл санаты мүлде аталмаған. Дегенмен бұл қуғын-сүргін уақыты жағы­нан ең ұзақ, ең жүйелі, ең жасырын жүзеге асырылған. Өткен уа­қыт мерзіміне қарамастан, Қа­зақ­станның бостандығы мен тәуел­сіздігі үшін күресіп қуғын-сүргінге ұшыраған халық, сауатты түрде күресе білген саяси және қоғамдық ұйымдар, қоғамдық-саяси, рухани, қызметтік, ғылыми, мәдени және шығармашылық салаларда қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар ақталуға тиіс.

Осыған байланысты жұмыс то­бы жан-жақты тексеру жүргізіп жа­тыр. Аталған санаттағы барлық зардап шеккендерді толық саяси-құ­қықтық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссияның отырысында бірқатар ұсыныс енгізбек.

Мәселен, Қазақстанда Кеңес өкі­метін күштеп орнатуға қар­сы күрескендерден бастап, Қазақ­станның азаттығы мен тәуел­сіздігі жолындағы ұлт-азаттық күреске қатысушылар осы са­натқа енбек. Сондай-ақ көп адам шығы­нын әкелген ағайындық азамат соғысы мен таптық қарсылықты жасанды түрде енгізуге қарсы күрескендер де тізімге алынады.

Аймақтық қозғалыстардың көш­басшылары және Алаш пар­тиясының белсенділері, Алашор­да үкіметінің, Алаш әскери құра­маларының мүшелері, сондай-ақ оларға ұйымдастырушылық, қаржылық және материалдық кө­мек көрсеткен тұлғалар да осы санатқа қосылмақ.

С.Қасымов Қазақстанның мүд­­десі, бостандығы мен тәуел­сіз­дігі үшін тек қазақтар ғана емес, осы күреске қарулы қақты­ғыс­­тарға да  және саяси-идео­ло­гия­лық майданға да шын жүрек­­тен қатысқан жүздеген, мың­да­­ған орыс, өзбек, еврей, ук­раин, қырғыз және басқа да ха­лық­­тар­дың өкілдері репрессияға ұшыра­ғанын сөз етті. Бірақ олар тура­лы білетін адамдар саны өте аз. Сон­дық­тан олардың ерлігін жаңғыр­ту, есімдерін Қазақстанда мәңгі­лікке қалдыру өте маңызды және бізге міндет екендігіне де баса назар аударды. «Біз қазақ хал­қының ұлттық мүдделері мен құ­қық­тарын қорғаған немесе азат­­тық, тәуелсіздік үшін күреске ша­қыр­ған ғалымдардың, зерттеу­ші­лердің, жазушылардың, өнер қай­рат­керлерінің, режиссерлердің ең­бектері мен тағдырларын зерт­теп жатырмыз және саяси-құқық­тық ақтауға  ұсынатын боламыз және олар жоғарыда аталған қыз­меттері үшін қуғын-сүргіннің әр­түрлі формаларына ұшыраған», деді С.Қасымов.

Жиын барысында Мемлекет­тік комиссияның жұмыс тобы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрес­кендердің ерлігін көпэтносты хал­қы­мыздың ең жоғары ұлттық мұ­расы деп тануды ұсынды.

Еліміздің барлық 17 айма­ғы­ның өкілдері – өңірлік комис­сия­лар­дың жұмыс топтарының бас­шы­лары мен мүшелері де баяндамашылар ретінде өз ойларын білдірді.