Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында болған қайғылы оқиға салдарынан алты кеншінің қаза болып, екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілгенін газетіміздің өткен санында хабарлаған болатынбыз.

Қазіргі уақытта оқиға орнында үкіметтік комиссия өз жұмысын бастады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкіметтік комиссия құрылды. Аталған комиссия төтенше оқиғаның туындауына себепші болған барлық факті анықталғанға дейін жұмыс істейтін болады. Қаза болғандардың отбасыларына және ем алып жатқан адамдарға жан-жақты көмек көрсетіледі, – деді министр.
Айта кету керек, үкіметтік комиссия құрамына ІІМ, ТЖМ, еңбекті қорғау, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау органдарының, сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өкілдері енді.
«Абай» шахтасында апат болған кезде кенжарда сегіз адам жұмыс істеп жүрген. Олардың алтауы оқиға орнында қаза болып, екеуі ауыр халде ауруханаға жатқызылды. Жалпы, сол кезде шахтада барлығы 64 адам болған екен. Олардың 56-сы дер кезінде жер бетіне шығарылған.
Министр Ю.Ильин жағдай тұрақталып, мүмкіндік туған бетте комиссия мүшелері мен тергеу тобы төтенше оқиға ошағындағы жағдайды анықтау үшін жер астына түсетінін мәлім етті. Ал қазіргі уақытта қалыпты жағдай орнату үшін суды сору және ауаны газсыздандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Брифингте министр апаттың туындауына газдың кенеттен таралуы себепші болғанын мәлімдеді.
– Улы газ концентрациясы 41 пайызға дейін артқан. Забойда болған алты адам құтқару құралдарын пайдаланып үлгермей, сол жерде қаза болды. Шахтаға кіретін топ құрамында болған екі адам алғашқы көмек құралдарын пайдаланып үлгерген. Олар ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Метанның бөлінуіне не әсер етті – оны комиссия анықтайтын болады. Осы оқиға кезінде өрт шығып, тау массасы көп мөлшерде бөлінген жоқ, – деді ол.
Сонымен қатар министр кінәлілерді және төтенше оқиға себептерін жасыру дегеннің болмайтынын қатаң мәлімдеді.
– Комиссия мұндай фактілер орын алмауы үшін себептерді анықтау және ұсынымдарды одан әрі әзірлеу үшін қанша уақыт қажет болса, сонша жұмыс істейтін болады, – деп сендірді Юрий Ильин.
Бұдан бөлек, министр қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына Еңбек кодексінің талаптарына және компанияның ұжымдық шарты бойынша міндеттемелеріне сәйкес барлық көмектің көрсетілетінін жеткізді.
Мәселен, қаза тапқан кеншілердің отбасына 10 жылдық еңбекақы төленетін болады, сонымен қатар заңға сәйкес бөлінуі тиіс басқа да өтемақылар қарастырылған. Бұдан бөлек, алпауыт кәсіпорын марқұмдарды жерлеу рәсімдеріне кететін шығындарды да өз мойнына алады.
Қазіргі уақытта «Абай» шахтасындағы төтенше жағдайға байланысты «АрселорМиттал Теміртау» Көмір департаментіне қарасты барлық шахтада ұңғыма кенжарлары тексеріле бастады.
Кеше онлайн режімінде өткен аппараттық кеңесте облыс әкімі Жеңіс Қасымбек шахтадағы жұмыстар апаттың себеп-салдары толық анықталғанға дейін тоқтатылғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің барлық сегіз шахтасында тексеру жүріп жатыр.
Кеңесте өңір басшысы қалалар мен аудандар әкімдеріне облыстың барлық өнеркәсіптік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі бойынша жаппай тексеру жүргізуді тапсырды. Бұл мәселеге барынша жауапты қарап, немқұрайлылыққа жол бермеу керектігін қадап айтты.
Ж.Қасымбек қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін, бұл мәселе тікелей өзінің бақылауында болатынын мәлімдеді.
Жалпы, аты шулы «Абай» шахтасында ең ірі апат 2008 жылы болған еді. Жер астында болған жарылыс салдарынан 30 кенші қаза тауып, 14-і жараланған-тын. Ал апат болған кезде жер астында 191 кенші жұмыс істеп жүрген.
Айта кететін бір жайт, сол апаттан кейін құрылған «Кеншілер отбасы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Наталья Томилова «газ күтпеген жерден бөлінген» деген болжаммен келіспейтінін айтады. Жағдайдың бұлайша қалыптасуына жұмыс берушінің еңбек өнімділігін бірінші орынға қойып, техникалық қауіпсіздікті кейінге ысыруы себепші болғанын алға тартады ол. «Жұмысшылар жүйенің кепіліне айналған: бір жағынан отбасын асырап, несие төлеуі керек, екінші жағынан оларға басшылық қысым көрсетіп, өндірістегі кемшіліктерге қарамастан, кеншілерден жоспарды орындауды талап етеді. Қауіпті өндірісте жұмысшыларды асықтыруға болмайды. Бұл жерде техникалық қауіпсіздік бірінші орында тұруы керек. Ал жоспардың орындалуын талап ететін жүйе кеншілер үшін қауіпті», дейді Н.Томилова.
Айтпақшы, ауыр халде ауруханаға түскен кенші Жеңіс Маралбаевты дәрігерлер жансақтау бөлімінен бөлімше палатасына ауыстырды. Ал екінші кенші Элайдын Зейналовты жақын арада палатаға ауыстырмақ.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында метан газының таралуы салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туыстарына көңіл айтып, зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген болатын.
Қарымта кездесуде қауқар көрсете алар ма екен?
Спорт • Кеше
Жұрт көңілін аулаған мектеп жәрмеңкесі
Қоғам • Кеше
Әлем • Кеше
Электронды шылымға шырмалғандар
Қоғам • Кеше
Әлем • Кеше
Руханият • Кеше
Түркия-Ресей: Газ мәселесінде келісімге келді
Әлем • Кеше
Қоғам • Кеше
Руханият • Кеше
Руханият • Кеше
Руханият • Кеше
Спорт • Кеше
Қоғам • Кеше
Руханият • Кеше
Қазақстан • Кеше
Қазақстан • Кеше
«Астана Опера»: Таңғалдыратын дүкендер ашады
Елорда • Кеше
Таным • Кеше
Бірнеше өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Қазақстан • Кеше
Өскемен тұрғынынан есірткі тәркіленді
Оқиға • Кеше
Рината Сұлтанова Түркияда тағы бір алтын иеленді
Спорт • Кеше
Израиль армиясы Газаны атқылап жатыр
Әлем • Кеше
Ақтаулық бала жағалаудағы шұңқырға құлап кетті
Оқиға • Кеше
Қазақстандық кәсіпқой боксшылардың рейтингісі жаңарды
Кәсіпқой бокс • Кеше
Жалған құжатпен қоғамдық көлікті басқарған жүргізуші ұсталды
Аймақтар • Кеше
Шымкентте 9 жастағы бала тоққа түсіп қалды
Оқиға • Кеше
Кубаның мұнай сақтау қоймасында жойқын жарылыс болды
Оқиға • Кеше
Елордада бес автобустың бағыты өзгерді
Елорда • Кеше
Ыстықкөлде жоғалып кеткен спортшы табылды
Оқиға • Кеше
7 тамызға арналған валюта бағамы
Қаржы • Кеше
2652 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты
Медицина • Кеше
Коронавирус жұқтырған 9 пациенттің жағдайы нашар
Коронавирус • Кеше
Павлодарда самокат тепкен баланы көлік қағып кетті
Оқиға • Кеше
Оралда стадионнан адамның денесі табылды
Оқиға • Кеше
Ұқсас жаңалықтар