Әдебиет • 08 Қараша, 2021

Отыз жыл: әдеби өріс

352 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кешегі Кеңес Одағы келмеске кеткен соң, жұрттың көбі Жазушылар одағының әдебиетке еш керегі жоқ ұйым деген сияқты сөздер айтып жүрді. Одақ құрамынан шыққан өзге елдерде тарап кеткен бұл ұйымды біздің ел өз қалпында сақтап қалды. Сол дұрыс шешімнің нәтижесі бүгінде көптеген ірі әдеби жұмыстарға, іс-шараларға, өзге елдермен болған әдеби барыс-келістерге себепші болды. Егемен еліміздің дамуымен бірге әр сала өркендеп, дами түсті. Соның ішінде рухани құндылық саналатын әдебиеттің де отыз жылда жеткен биігі, бағындырған белесі аз емес.

Отыз жыл: әдеби өріс

Осы отыз жыл ішінде қазақ қалам­герлері оқырман сүйіп оқитын таңдаулы шығармалар жазды, олардың қаламы ұлт әде­биетінің дамуына күш қос­ты. Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Ма­ғауин, Қаб­деш Жұмаділов, Әкім Тарази, Төлен Әбдік, Тынымбай Нұрмағанбетов болып жал­ғасып кете беретін есімдер ұлт оқыр­мандарына мәңгілік азық боларлықтай көркем еңбектер сыйлады. Олардың жазған әр шығармасы тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ халқының кешегі өткен тарихын түгендеп, ертеңгі өміріне деген үмітін нығайтты.

Қазақ жазушыларының қара ша­ңы­рағы саналатын Қазақстан Жазу­шылар одағы да бұл тұр­ғы­дан қаламгерлерімізге ұйытқы бола білді.

Бұл ұйымның әдеби байланыстар бары­сын­дағы істеген ізгі шаруалары бір­шама көп. Айталық, 2018 жылдың 20-21 қыркүйек аралығында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің қолдауымен Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумын өткізді. Форумға Ұлыбритания, Германия, Ресей, Қытай, Түркия, Латвия, Мажарстан, Польша, Молдова, Армения, Украина, Бол­гария, Моңғолия, Әзербайжан және өзге де мем­лекеттердің қаламгерлері қатысты.Елордада ұйымдастырылған бұл әдеби форумда жан-жақты әдеби байланыс, өзара түсіністік, аударма мәселесі сияқты түйт­кіл­дер талқыланды.

Ал 2019 жылдың 4-6 қыркүйек күн­­дері Қазақстан Жазушылар одағы Қа­зақстан Президенті Әкімшілігінің және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында Азия елдері қаламгерлерінің І форумын өткізді. Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл форум Азия континентінде орна­лас­қан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамытумен қатар еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әде­биетін, рухани құндылықтарын өзге ел­дерге таныстырып, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе ал­масу сынды бірқатар мақсат-міндетті негіз ете отырып ұйымдастырылды. Азия елдері қаламгерлерінің І форумына 44 мемлекеттен әлемге беделді ха­лықаралық сыйлықтардың жүлдегерлері, ұлт­тық, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары һәм Жазушылар одағы мен ассо­циацияларының төрағаларынан құралған 100-ге жуық ақын-жазушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 50-ден астам қаламгер бас қосты. Олардың арасында Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары бар. Осы форумға қонақ ретінде қатысқан араб жазушысы Ибрагим Нәсіролла: «бұл форум қаламгерлер үшін өте маңызды, осы мүмкіндік арқылы ал­уан ұлт жазушылары бір-бірімен танысып, пікір алмасуы – ең басты жетістік болып табылады. Біз бір-бірімізден өте алыста, Азияның әр қиырында тұрғанымызбен, мақсатымыз бір. Ол – жақсы шығарма жазу», деген ойын айтса, ал Оңтүстік Кореядан келіп қатысқан ақын Ко Ын: «Нұр-Сұлтан – әлемдік астаналардың ішінде жасы, тіпті өте жасы», деп елор­да­мызға деген бағасын, әсерін айт­қан еді. Ол қазақ ақын-жазушылары ара­сынан ұлы Абайдың шығармаларын оқы­ға­нын сөз етті.

Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеттің деңгейін көтеру үшін жасалған маңызды қадамның тағы бірі – қазақ қаламгерлерінің туындыларын алты тілге аудару жоба­сы болмақ. Бұл жоба Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Тұңғыш Президенті – Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын­да жүзеге асты. Аталған жоба тәуел­сіз­дік жыл­да­рын­дағы қазақ әдебиеті мен мәде­ние­тін, музыкасы мен бейнелеу өне­рін, хо­реография, кино және театр сала­сын­дағы жетістіктерін әлемге танытуды басты мақ­сат етті.

Поэзия және проза жинақтарының таныстырылымына осы жобаға қатысқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай, Мысыр және Таяу Шығыс елдері аудармашылары мен әдебиеттанушылары, баспа ұйымдарының өкілдері елімізге келіп, авторлармен кездесіп, тығыз байланыста жұмыс істеді.

Сол кездегі Қазақстан Президенті Әкім­­­шілігі Ішкі саясат бөлімінің мең­геру­шісі, «Жаһандағы заманауи қазақ­стан­дық мәдениет» жобасын іске асыруға жа­уапты жұмыс тобының жетекшісі Аида Балаева аталған жоба туралы: «Қа­зақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, тарату – ұлт тари­хында бұрын-соңды болмаған, қазақ мәдениетін әлемге таныстыру тұрғысынан теңдесі жоқ бастама» деген болатын. Әдебиетке көңіл бөлуді мақсат еткен жоба қазақстандық 60 автордың жұрт сүйіп оқитын шығармалары әлемнің 6 тіліне аударылып, сол тілдерде жұмыс істейтін ең беделді баспалардан кітап болып шығып, 5 құрлықтағы 90-нан аса елдің жоғары оқу орындары, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына таратылды.

Осы жоба барысында аударма сапасына назар аудару түйткілді мәселенің бірі болды. Қазақ авторларының шы­ғар­маларын 6 тілге аударатын шетелдік аудармашылар мен баспагерлер Қа­зақ­с­тан­ға арнайы келіп, еліміздің тарихымен, мәдениетімен танысты. Айталық, Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытай елдерінен келген аудармашылар қазақ жазушыларымен жеке-жеке кездесіп, өзара сұхбаттасып, аударма барысында туындаған сұрақтарға жауап іздеді. Бұл кездесу – аударманы түп­нұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, ауда­ратын шығармалардың көркемдік өресін биіктетуге жақсы мүмкіндік болды.

Осы жоба жетістіктерінің бірі қа­зір­гі қазақ әдебиеті шығармаларын ағыл­шын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж уни­вер­си­теті баспасының қатысуымен жүзеге асқан­­дығы еді. Күллі әлемге танымал уни­­верситет баспасы аталған жобаға мықты аудармашылар мен танымал әдебиет­ші­лермен бірігіп жұмыс істеді. Ал испан тіліне аударып, шығаруға Испания Мә­дениет министрлігі қолдау көрсетіп, «Сер­вантес институтының» кеңесі бо­йынша кітаптарды басып, таратуға әдеби аудармаға маманданған Visor баспасы жауапты болды. Француз тіліндегі аудармасын істеуге Париж қаласының мэриясы қамқорлық жасап, жинақтарды шығару «Мишель де Моль» атты беделді француз баспа үйіне берілді. Ал орыс тіліндегі аударма мен әдеби редакция жұмысын үйлестіруге Ресей Жазушылар одағының мәскеулік ұйымы ұйтқы болып, жинақты басып шығару мен таратуға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің бас­пасы ниет білдірді. Аталған антологияны қытай тіліне аудару, басып шығару және таратуға Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» өз мойнына алды. Араб тіліне Египет Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығының қолдауымен Таяу Шығыс елдеріне танымал MediaHub баспасы жұмыс істеді. Бұның өзі қазіргі әдебиетімізді насихаттау үшін жасалған нақты қадамдар деуімізге әбден болады.

Cambridge University Press деле­га­ция­сы­ның жетекшісі Джейн Манн осы жоба тура­­­лы: Қазіргі уақытта ұлттық реформалар өздерін басқалардан ерекшелеу бағытында жүреді. Бірақ Қазақстан тек қана білім саласында ғана емес, «Рухани жаңғыру» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды іске қосу арқылы да қазақ қоғамының бет-бей­несін қалып­тастыруда жаңа сипат алды. ХІХ ғасыр­да­ғы ағылшын ақыны әрі сыншысы Мэтью Арнольд айтқандай: «Мә­дениет – әлемге сөзімізді, ойымызды жеткізіп, ру­ха­­ни кемелденуді іздеудің бір жолы». Бір­неше ай бұрын Лондонда алғаш рет қазіргі қазақ өнерінің көрмесі өтті. Бұл өте керемет көрме болды. Өйткені біз одан ұлттың қазіргі мәдениеті мен бет-бейнесі өз шекарасында шектеліп қалмай, әлемдік кеңістікке еркін шыққанын көрдік. Осы сияқты қазақ әдебиеті де өз шекарасында шектелмей әлем тілдеріне аударылып жатыр. Ұлттық аударма бюросынан қазақ әдебиетін аудару туралы ұсыныс түскенде, біз қуана келістік» деп атап көрсетті. Біздің елдің әдебиетке деген ықыласы жөнінде шетелдік мамандар жоғары баға беріп жатқанының өзі бір жетістік болмақ. Осы жоба барысында жоғарыда біз айтып өткен аударма, басып шығару, тарату, насихаттау жұмыстарына жалпы 70-тен астам маман тартылды. Жоба Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асқанын айта кеткен дұрыс.

Адамзат ойшылының бірі саналатын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлы ақын, ойшыл, ағартушының шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды. Атап айтсақ, Абай шығармалары ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдерінде сөйледі. Аударма жинақтарға ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы мен 45 қара сөзі енді. Бұл да тәуелсіз елдің әдебиеті мен мәдениетіне деген ынтасының бір көрінісі.

Мемлекеттің қолдауымен шетелдегі таңдаулы шығармаларды қазақ тіліне аудару жұмысы да жанданып келеді. Ше­телдік әдебиетшілер қауымы мен жоға­ры оқу орындарында мойындалған әлем әдебиеті теориясының негізі еңбегі ретінде саналатын «Әдебиет теориясы» көп томдықтары қазақ тіліне аударылып, ұлт әдебиеті мен оның оқырмандарына өзгеше жаңалық сыйлады. Бұл еңбектерде шетелдік 75 автордың шығармаларына талдау жасай отырып, әлем әдебиетінің жалпы тео­­риясы түсіндірген. Осындай таңдаулы оқулықтың ана тілімізде сөйлеуі де бүгінгі әдебиетіміздің дамуына күш үстіне күш қоспақ. Әрине, бұл жобаның жүзеге асуына да мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген.

Ордалы елдің өткен осы отыз жылы тынысты да ырысты кезең болды. Әдебиетке деген ынта күшеймесе, суыған жоқ. Қазақ қаламгерлері тәуелсіз елдің тұғырында тың тебін байқатып, ойдағы жауһар дүние­лерін қағазға түсіріп, оқырманға ұсынуда. Оқырман саны да өспесе, өшкен жоқ. Бұдан былайғы жерде Тәуелсіздік өркен жайған елде әдебиеттің де өрісі кеңейе бермек.