22 Ақпан, 2014

Мәңгілік сағыныш

1368 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Өткен жылғы ақпан айының ортасында кешке қарай жүрегім алабұртып, кенже інім Қуаныш бір тұңғиыққа батып кететіндей өте жайсыз күй кештім. Шыдамай түнгі сағат тоғыздар шамасында оның ұялы телефонына қоңырау шалдым. Үнсіздік. Үйіне телефон шалдым, ешкім тұтқаны көтермейді. Жанымды қоярға жер таппаған соң сіңлім Гүлзағирамен хабарластым. «Мана, кешкі сағат бестер шамасында Ораз екеуі сөйлескен. Бәрі жақсы, үй ішімен қонаққа кеткен болар, текке алаңдама», деді. Бірақ таңға көз ілмей шықтым. Ертесіне сағат 10-да жұмыста отырған маған Қуаныш жөнінде қаралы хабар жетті. Таңертең үйінен шығып, қызметіне бара жатқан кезінде жүрегі кенеттен тоқтап, көз жұмған. Мына суық хабарды естігенде табанымның астындағы жер теңселіп, есімді жия алмай, есеңгіреп қалдым. Айналайын, алтын бауырым-ай!.. Оның сәбилік, балалық, жігіт­тік шағы біздерге тек қана қуаныш сыйлаған еді. Өзі өте келбетті, қараторының әдемісі-тін. Марқұм анам: «Шырағымның өзінен бұрын көзі күледі, айналасына нұрын шашып тұрады», деп кенже ұлына қатты еміренетін. Әкем Рахманқұл еркелетіп «Қуатым» десе, анам Теңге «Қуатайым» дейтін. Ол қатарынан озық тұрды, зеректігімен, қарым-қабілетімен, алғырлығымен топ жарды. Мек­тепті жақсы бітіріп, 17-ге толған кезінде Ұлы Отан соғысының ардагері, ел ағасы болған әкем Рахманқұл 57 жасында мезгілсіз көз жұмды. Бұл қайғылы оқиға Қуатымды ерте есейтті. Өзінен үлкен екі ағасы Құрманғали мен Ерғали қызмет бабымен сыртта жүргенде ол анам Теңгенің қасынан бір елі ажыраған жоқ. Әке қазасы жанын жегідей жесе де жігері мұқалмады, қайта қайрат­тана түсті. Екі тілді еркін меңгерді. Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітіріп шықты. Бірде анам қатты ауырып, дәрігерлер міндетті түрде ота жасау керек деп шешті.Табиғатында мінезі тік, не болса да тура бетке айтатын анамның алдында балалары – біздер қатты ығатынбыз. Анам марқұм тек Қуаныштың сөзін ғана жерге тастамайтын. «Пы­шаққа түспеймін» деп азар да - безер болған ана алдына Қуатым тізерлей отыра қалып: «Маматай, операция жасатайықшы, папамды сақтай алмай қалдық, біз сенсіз өмір сүре алмаймыз ғой», деп жанарына жас үйіріліп, шешеме жалына қарағаны, ажал тырнағынан жұлып алатындай болып қапсыра құшақтағаны бәріміздің әлі күнге есімізде. Ота жасалды, соның ар­қасында анамыз ұзақ ғұмыр кешті. Ол өте кішіпейіл, кімге де болсын қол ұшын беруге даяр елгезек, қарапайым еді. Айналасына өте қадірлі, іскер, жақын­дарына жанашыр, бәрін салқын сабырға сала білетін парасатты азамат болатын. Сонау 90-жылдары тәуелсіз еліміздегі ең алғашқы ауылдық округтер кеңестері төрағаларын сайлау науқанына түсіп, жеңіске жетіп, небәрі 25 жасында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауыл­дық кеңесінің төрағасы атанды. Жастығына қарамастан Алматы облыстық табиғи ортаны қорғау басқармасының жауапты қызметкері, Еңбекшіқазақ ауданындағы экология бас­қар­масының бастығы, ең ірі Рахат ауылдық округінің, кейін Қырбалтабай ауылдық округінің әкімі ретінде талай-талай күрмеуі қиын істерді шешіп, білікті басшы атанды. «Ұлық болсаң – кішік бол» демекші, халқына жақын әкім болды. Алдына өтінішпен келген әр адамға жанының бір-бір бөлшегін үзіп беретін. Сенбі, ақпан айының 13-і болатын. Сағат күндізгі екілер шамасында ұялы телефоным шырылдап қоя берсін. Қарасам – Қуа­нышым. Алматыға келгендігін, уақыт тау­ып маған сәлем беріп кетпекші екен­дігін айтты. «Есікті өзің аштың ғой, балалар келмеген бе?» деді. Қызым Гүлзатты, күйеу балам Дидар мен кішкентай немерем – үш жасар Айшаны айтып тұр. Өзімен бірге ала кірген үлкен сөмкені ашып, ішінен жаңа домбыраны шығарды да: «Тәте, мынау Айша екеуіңе сыйлық. Арнайы тапсырыспен жасаттым. Қадыр ақын айтпақшы, нағыз қазақ домбыра ғой. Немерең кейін өскенде кіші нағашы атаңның тартуы дерсің. Ашонтай бойжетіп, мына қыл пернелермен небір күйлерді тартқанда мені есіңе аларсың» деген-ді. Парасат пен парызды, міндет пен мінәжатты тең ұстаған асылым-ау! Кезінде мән бермеген сол сөздерін бұл күндері ой сарасынан өткізсем, менімен алдын-ала қоштасып, қазақтың киелі қара домбырасын мәңгілік ескерткіш етіп қалдырған екен ғой. Жаны жұмсақ, мейірімі мол, бауырларына, олардан тараған ұрпаққа деген құрметі жоғары болған жарығым-ау! Қызметі жауапты, әр минуты санаулы Қуанышымның бұл келісі екеумізді де бір сергітіп тастады. Әңгіме барысында қаңтар айының соңына таман Алматы облысының Қызылту кенті маңында «СКАТ» әуе компаниясы ұшағының қаза болған жолаушылары арасында Қырбалтабай ауылының тумасы да бар екен. Сол жігіттің 40 күндігін өткізу шарасына қатысып, ұйымдастыру жұмысымен шап­қылап жүргенін айтты. Екеуміз ұзақ сырластық. Сағат тілі кешкі сағат 8-ге жақындағанда ол қайтуға жиналды. Сырт киімін киген соң, сонау бала жастағы ерке мінезіне салып: «Тәте, кел­ші тағы бір құшақтайын, мен сені өте жақсы көремін», деді. Сол күні Қуанышымның ыстық құша­ғынан бойыма өзгеше бір қуат алғандай болып едім. Бұл біздің соңғы кездесуіміз, соңғы жүздесуіміз, соңғы қош­тасуымыз екен. Қайтейін, қайран бауырым! Тағдырдың жазуына не шара, 2013 жылдың 18 ақпанында жасы 51-ге енді келген тас шайнайтын нағыз дер шағында Рахманқұл әулетін, отбасын, дүйім жұртын қас-қағым сәтте зар жылатып, аңыратып кете барды. Жарық дүниеге келуі де , бұл өмірден өтуі де өзгеше болған құлыным-ай! Тіпті, әкесінің жасына да жеткен жоқ асыл бауырым! Әкем Рахманқұл да, анам Теңге де атадан жалғыз болатын. Елудің мол ішінде әкем мезгілсіз көз жұмғанда қайғылы отбасымыздың шайқалмайтын тағаны да, тең­селмейтін бағаны да, қуаты мен киесі де анам болды. Шешемнің сонда айтқаны: «Екі жалғыздан жаралған жапырақтарым менің, бірің – әкем, бірің – шешем, бірің – бауырым, бірің – баламсың. Біріңе-бірің тірек болыңдар. Өйткені, сендерге өздеріңнен басқа жанашыр болар жақын жоқ!» Анамыздың осы бір баталы сөзі бізді – бауырларды егіздердей тым жақын етті. Бірге тумақ бар да, бірге тұрмақ жоқ болса да бауырды пір тұту – қанымызға сіңген қасиет, мойнымызға тағылған бойтұмар еді. «Тас түскен жеріне ауыр» деген рас екен. Артында қалған бауырлары қаралы қайғының зіл батпан салмағынан арыла алар емеспіз. Қайназардағы «қарашаңырақ» атанған туған үйіме, кіші отаныма барғанда Қуатымның құрдастарын, достарын, әріптестерін көргенде: «Жарығым-ау, осылардың ортасынан неге ерте кеттің?» деген жауапсыз сұрақ кеудеме қанжар болып қадалып, жанарымда сансыз тамшылар діріл қағады. Уақыт – емші» деп жұбатады жанашырларым. Әй, қайдам?! Қайта күндер зымырап өткен сайын өзің айрықша жақсы көрген туған ініңнің келмес сапар­ға аттанғанын, оның қоңыр даусын енді ешқашан естімейтініңді, бауырлық ыстық құшағына бұдан былай мүлдем енбейтініңді білген соң қамшының сабындай ғана мына қысқа өмірде бірімізге біріміздің тек қонақ қана екендігімізді еріксіз мойындайды екенсің. Адамның өмірі де, өлімі де, тағдыры да – бәрі-бәрі тек бір Алла­ның қолындағы іс екеніне тағы да бас иеді екенсің! Өйткені, Жаратқан Иемнен: «Тоқта!» деген бұйрық келгенде жасына қарамастан, соғуы тоқтамайтын жүрек болмайды екен! Міне, Қуатымсыз қайғыға толы бір жыл да өте шықты. Иә, дүние шексіз болғанымен, өмір шекті екен. Қуатым келте дәурен сүргенімен, кесекті ғұмыр кешті. Айналасындағы әрбір жанның көкірегіне ешқашан өшпейтін жарықтың сәулелі шапағатын шашып кетті. Сол нұрлы шапағат арқылы фәни мен бақидың арасын жалғайтын өзіне деген мәңгілік сағынышты мына біздерге қалдырған сияқты. Мезгілінен бұрын ағып түскен жарық жұлдызым, жаның жән­нат­та, өзің пейіштің төрінде болғайсың. Дос-жарандарың, ел- жұртың тұрғанда сен әрдайым бізбен біргесің. Қуанышым менің! Гүлсан Рахманқұлқызы, Қазақстанның құрметті журналисі. АЛМАТЫ.