Өнер • 08 Қараша, 2021

Боб Дилан салған ән

231 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Боб Дилан Нобель сыйлығын алғанда жұрттың көбі оны лайықсыз деп санады. Неге? Мұндай алыпқашпа сөзді оның шығармашылығынан бейхабар адамдар айтты деп есептер едік. 500-ге жуық ән жазып, 3000 рет концерт берген талант иесі тегін адам болмаса керек.

Боб Дилан салған ән

Жұрттың кей пікіріне құлақ аспайтын ол бірде өзін Шекспирмен салыстырады. Оны әдеттегі сахналарда емес, Нобель сынды алпауыт сыйлықтың үлкен сахнасында айтты. 1962 жылы алғашқы ән альбомын шығарғаннан бастап қазірге дейін үздіксіз музыка әлемінде қызмет етіп келе жатқан Боб Дилан сансыз жүректерге үміттің отын жақты. Оның әндері адамзатты әділетті қоғам құруға, әр істе әділ болуға, бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін білуге үндеді. Сосын оның ән сөз­дерін кәдімгі қуатты поэзия деу­ге хақы­лымыз. Нобель әдебиет сыйлығы оған осы үшін берілгенін растағымыз келеді. Швед академиясы Диланға «Америкалық ән дәс­түрінің аясында жаңа поэтикалық өрнектер жасағаны үшін» үлкен сыйлықты берді. Ол жазған лирикалық әндер көп тыңдалды, көп айтылды. Халық қарсы алды, талант деп таныды. «Боб Дилан тек естуге тұрарлық ұлы әндер жазды. Бірақ оның шығармаларын поэ­зия ретінде оқысаңыз тіпті керемет», деді Швеция академиясының тұрақты хатшысы Сара Даниус Диланға марапат тапсырып жатқан сәтінде.

«Бір адам қанша жол басуы керек?

Азамат деп оны ел танығанынша.

Көгершін қанша теңізді асуы керек?

Арқасын от құм қарығанынша.

Атомдар қанша рет атылуы керек?

Мәңгілік тыйым салынғанынша.

Жауабын бұның жел айтады.

Иә, жел айтады, досым.

Таулар қанша жыл жасауы керек?

Дүлей теңіз шайып кеткенше.

Адамдар қанша жас жасауы керек?

Бостандыққа қолы жеткенше.

Мойныңды қанша бұруың керек?

Елемей оны өткенше.

Жауабын бұның жел айтады,

Иә, жел айтады, досым.

Көзіңді қанша талдыруың керек?

Аспанның жүзін көргенше.

Адамда қанша құлақ болуы керек?

Жылағанға дем бергенше.

Ажалмен қанша айқасуың керек?

Соншама пендені көмгенше.

Жауабын бұның жел айтады,

Иә, жел айтады, досым».

Міне, бұл оның «Желмен үрлеу» атты әні. Бұл әннің сөзі терең философиялық ойлардан, пайымдаулардан, өмірдің өзінен туындаған шығарма. Қоғамдағы адамның өмірге деген көзқарасы асқақ ән болып, сансыз адамның мұңын айтты. Жүректен жүрекке жетті деген осы болар.

Бұл ән қазірге дейін айтылады. АҚШ елінде, тіпті дүниежүзінде қайта-қайта орындалып жүрген әннің бірі. Боб Дилан­ның өнердегі жолы елу жылдан астам уақыт­ты құрайды. Былай қарасаң, ұзақ та, қыс­қа да уақыт емес. Бірақ оның өнер­ге бергені мен ықпалы хақында өнертану­шылар үздіксіз айтып, жазып келеді. Өткір, қуатты, өлмес туындылары оның беделін, өнердегі деңгейін биіктетпесе, аласартқан жоқ.

Оның тағы бір жақсы әні «Аспан есігін қағу» деп аталады.

«Шеше,

Кеудемдегі алыңыз төсбелгіні,

Енді ол маған қажетсіз, анық білдім.

Айнала қап-қара әлем, көшкен нұры...

Мен Аспанның есігін қағып тұрмын.

Тық-тық, қақтым Аспан есігін...

Шеше,

Қаруымды қойыңыз менен алып,

Оны енді ешкімге кеземеспін.

Түсі суық қара бұлт келеді ағып...

Қақтым Аспан есігін,

Мен – Елеспін», – дейді.

Әр адамның өз болмысы бар десек, Боб Диланның болмысы – шынайы музыка. Оны бізге танытқан да осы ұлы өнер. Сыршыл жүректерді елітетін өміршең ән­дер жазған сазгер музыка арқылы әлемді өз­гертуге болатынын растады. Ол музыканы қару етіп, өзіне тиісті рухани әлем жасады. Бір сөзбен айтқанда, оның әндерінде мейі­рімділік, өмірге құштарлық, үміт пен қуаныш бар. Ендігі жерде Боб Диланның әні бар жерде, оның аты өлмейтініне мына тарих куә.