Спорт • 08 Қараша, 2021

Жетінші бапкерден жеңіс күтеміз

225 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бокстан бас бапкер Қайрат Сәтжанов еліміз Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық құра­маға бас жаттықтырушы болып тағайындалған жетінші маман. Ол құрамаға келе салысымен Әлем чемпионатына аттанды. Сербия шар­шы алаңында болды. Онда Қайрат Сәтжанов баптайтын жігіттер 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, медаль саны жөнінен жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Әзірге бас бапкердің аяқалысы жаман емес.

Жетінші бапкерден жеңіс күтеміз

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

«Egemen Qazaqstan» бұған дейін Қазақстан құрамасын жаттықтырған алты бас бапкердің әлем чемпионатында жеткен жетістіктерін назарларыңызға ұсынып отыр.

Әбдісалан Нұрмаханов (1993-1997)

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін бокс­шыларымызды алғаш рет әлем чемпионатына марқұм Әбдісалан Нұрмаханов апарды. 1993 жылы Финляндияның Там­пере қаласында өткен дүниежүзілік додада Болат Жұмаділов, Нұржан Сманов, Аркадий Топаев, Василий Жиров, марқұм Бектас Әбубәкіров сынды бокс­шылар ел намысын қорғады. Өкінішке қарай, Нұр­лан Қалыбаев (57 кг), Нұржан Сманов (67 кг) және Николай Кульпин (+91 кг) ширек финалда ұтылып, медальға бір қадам жерден тоқтады. Тек 75 кило салмақта өнер көрсеткен Василий Жиров украиналық боксшыдан айласын асырып, жартылай финалға шықты. Алайда Жиров та алысқа ұзамады. Финалға бері­летін жолдаманы түрік боксшысымен сарапқа салған ол қарсыласынан 2:9 есебі­мен ұтылып, әлем чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.

1995 жылы Берлинде (Германия) өткен әлем чемпионатында Әбдісалан Нұрма­ханов бастаған жігіттер екі жүлде­мен оралды. Атап айтсақ, 51 килода жұ­дырықтасқан Болат Жұмаділов күміс медальдың иегері атанса, Василий Жиров екінші рет жартылай финалда сүрініп, қола жүлдені қанағат тұтты. Финалда бокстасқан Болат Жұма­ділов шаршы алаң иесі Золтан Лункаға есе жіберді.

Тұрсынғали Еділов (1997-2002)

Атланта Олимпиа­дасынан кейін ұлт­тық құраманы Тұрсынғали Еділов баптады. Ол боксшыларымызды үш бірдей әлем чемпионатына алып барды. 1997 жылы Мажарстан астанасы Будапешт қала­сында өткен әлем біріншілігінде Ермахан Ибрайымов (71 кг) – күміс, Болат Жұма­ділов (51 кг) қола жүл­дегер атанды.

Ал 1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында ұйымдастырылған әлемдік жа­рыс қазақ боксының тарихында алтын әріп­пен жазылғаны барша жан­күйерлердің жа­дында. Мұхиттың арғы бетінде өткен дүние­жүзілік додада 51 кило салмақта ел намы­сын қорғаған Болат Жұмаділов топ жар­ды. Болат – бокстан қазақтан шыққан тұң­ғыш әлем чемпионы! Аталған додада аса ауыр салмақта сынға түскен Мұхтархан Діл­­дәбеков күміс, Ермахан Ибрайымов

(71 кг) қола жүлдемен елге оралды.

Сидней Олимпиадасынан кейін Қазақ­стан құрамасында буын алмасты. Ермахан Ибрайымов, Болат Жұмаділов сияқты тә­жірибелі боксшылардың орнын жас­тар басты. Содан да болар, 2001 жылы Ир­лан­­дияның Бельфаст қаласындағы әлем чемпио­натында боксшыларымызға бір ғана күміс медаль бұйырды. Оны 57 кило­да сынға түскен Галиб Жафаров жеңіп алды. Бұл Тұрсынғали Еділовтің бас бапкер ретіндегі соңғы әлем чемпионаты болатын. Еділов 2002 жылы жазғы Азия ойындарынан кейін ұлттық құрама тізгінін босатты.

Ермахан Ыбырайымов (2002-2004)

Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов құрама команданы екі жыл ғана жаттықтырды. 2003 жылы оның басшылығымен біздің боксшылар әлем бі­рін­шілігінің екі алтын медалін жеңіп алды.

Таиланд астанасы Бангкокте өткен жа­һандық жарыста Галиб Жафаров (57 кг) финалда неміс боксшысы Виталий Тай­­берттен, Геннадий Головкин (75 кг) украи­на­лық Олег Машкиннен басым түсіп, әлем чем­пионы атанды.

Дамир Буданбеков (2004-2009)

Афина Олимпиадасынан кейін құра­ма­ға бас бапкер болып тағайындалған Дамир Буданбековтің алғашқы әлем чемпионаты (2005 ж.) сәтті басталды. Тұңғыш рет Қазақ­стан құра­масының боксшылары әлем бірін­шілі­гінен бес медаль әкелді. Оның екеуі – алтын. Қытайдың Мяньян қала­сында өткен додада Серік Сәпиев (64 кг) пен Ердос Жаңа­бергенов (81 кг) алтын алса, Біржан Жақы­пов (48 кг), Мират Сәрсембаев (51 кг) және Бақ­тияр Ар­таев (69 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.

2007 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен ХIV әлем чемпионатында Серік Сә­пиев (64 кг) кезекті рет алтын медальға қол жет­кізіп, екі дүркін әлем чемпионы атан­ды. Атал­ған сында Бақтияр Артаев (75 кг) пен Ерке­бұлан Шынәлиев (81 кг) қола жүлдені місе тұтты.

Дамир Бұлтбайұлының қызметінен ке­туіне 2009 жылы Миланда өткен әлем чем­пио­наты әсер етті. Сол дүбірлі додада Қазақ­стан құ­рамасы Серік Сәпиевтің (69 кг) жеңіп алған жалғыз қола медалімен қайтқан еді.

Мырзағали Айтжанов (2009-2018)

Қазақстан бокс тарихында ұлттық құра­­маны ең ұзақ басқарған – Мырзағали Айт­жанов. Мырзағали Құланұлының бас­шы­лығымен біздің боксшылар төрт бірдей әлем чемпонатында бақ сынады. 2011 жылы Бакуде (Әзербайжан) өткен әлем біріншілігінде Серік Сәпиев (69 кг) пен Әділбек Ниязымбетов

(81 кг) финал­да ұтылып, күміс медаль ал­ды. Ғани Жай­лауов (60 кг) пен Иван Дыч­ко (+91 кг) қола жүлдегер атанды.

2013 жылы Мырзағали Айтжановтың шәкірттері Алматыда өткен әлем чемпиона­-

тында айды аспанға шығарды. Тарихта тұңғыш рет он салмақ бойынша еліміздің сегіз бірдей боксшысы жартылай финалға жолдама алып, оның тең жартысы өз салмақтарында топ жарды. Атап айтар болсақ, Біржан Жақыпов (49 кг), Мерей Ақшалов (64 кг), Данияр Елеусінов (69 кг) және Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) алтын алса, Әділбек Ниязымбетов (81), Иван Дычко (+91 кг) күміс медальға қол жеткізді. Ал үздік үштікті Қайрат Ералиев (56 кг) пен Берік Әбдірахманов (60 кг) түйіндеді. Осылайша, бейресми коман­далық есепте Қазақстан бокс­шылары тұңғыш рет бірінші орын алды.

2015 жылы Қатар астанасы Доха қала­сында өткен жаһандық сайыста Данияр Елеусінов (69 кг) пен Иван Дычко (+91 кг) финалға жеткенімен, қазақстандық екі бокс­шыға алтын бұйырмады. Ал 2017 жылы Германияның Гамбург қаласында өткен әлем біріншілігінде алты бірдей боксшымыз жартылай финалға жолдама алғанымен, Қайрат Ералиев (56 кг) ғана әлем чемпионы атанды. Әбілхан Аманқұл (75 кг) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) күміспен күптелсе, Ержан Жомарт (49 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг) және Василий Левит (91 кг) қола жүлдені қанағат тұтты. Неміс жерінде бейресми командалық есеп­те Қазақстан бокс­шылары үздік үш­тікті түйіндеді.

Ғалымбек Кенжебаев (2018-2021)

Ғалымбек Кенжебаев жастар құра­ма­сында өте жақсы жұмыс істеді. Жас бокс­шыларымыз Азия, әлем чемпионаттарында медальды молынан алған еді. Алайда ересектер дуында жағдай басқаша өрбіді.

2019 жылы ересектер арасында өткен әлем чемпионатында боксшыларымыз

1 ал­тын, 1 күміс, 4 қола медаль алды. Бекзат Нұр­дәулетов (81 кг) алтын медаль жеңіп ал­са, Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) финалда сүрінді. Сәкен Бибосынов (52 кг), Абы­­лайхан Жүсіпов (69 кг), Тұрсынбай Құ­лах­мет (75 кг) және Василий Левит (91 кг) қо­ла жүлдегер атанды.

Бұл жаман нәтиже емес еді. Себебі сегіз салмақ бойынша алты боксшымыз жүл­дегерлер қатарында. Бірақ 2021 жылғы Азия чемпионатында біздің жігіттердің бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Бұл аз болғандай, жазғы Олимпия ойын­дарында Кенжебаев баптаған жігіттердің арасынан да алтын медаль алатын боксшы табылмады. Токиодағы сәтсіздіктен кейін бас бапкер өз еркімен құра­мадан кетті.

Міне, Қазақстан құрама командасын жаттықтырған бас бап­керлердің әлем чем­пионатындағы жетістіктері осындай. Бұл тізімді бұдан әрі Қайрат Сәтжанов жалғас­тырады. Жетінші бапкер әлем чем­пионатындағы жорығын жеңіспен бастады.