Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Жұрт арасында «Толстойды оқымай орысты, Бальзакты оқымай французды білдім деу қиын» деген сөз тарағалы да көп болған. Ал біздің саналы оқырман бұл сөзге «Мұхтар Әуезовті оқымай қазақты білдім деу тіптен қиын» деген аталы сөзді қосты. Керекті сөз-ақ. Деректер бойынша Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылыпты, бұл – 1993 жылғы мәлімет. Дерекке сенсек, онда бұл шығарма – әлемде ең көп аударылған шығарманың бірі.
«Абай жолы» қазақ халқының рухани мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан шығарма екенін әлдеқашан мойындап болғанбыз. Автор үшін де, шығарма үшін де бұл – бақыттың өзі. Бір халықтың өмірдегі бейнесін, кейпін, тұрмыс-салтын, мұң-зарын тұтастай бір шығармаға сыйғызып жазып шығу үшін де талантпен қатар еңбек қажет екені даусыз.
Бұл роман-эпопея кезінде өз бағасын алды, жұрт арасына кең тарады, аударылды. «Абай жолы» туралы академик, ғалым Қаныш Сәтбаев: «Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде-бірі бұл кітапты жанап өте алмайды: ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілі мен сөздігінің қаз басуы мен қалыптасуын көреді; ғалым-этнограф қазір көне заманмен қоса көнерген небір тұрмыстық белгілер мен өмір құбылыстарын біледі. Құс салып, саят құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық картиналардың әрқайсысы жеке-жеке ғылыми-этнографиялық толайым еңбектерге пара-пар», дейді.
Академик сондай-ақ ғалым-экономистер Қазақстанның XIX ғасырдағы халық шаруашылығының құрылысынан дәлме-дәл нақты мәлімет алатынына, ондағы тап қайшылығының өзіндік ерекшелігімен танысатынына; ғалым-юристер шариғаттан бастап, билер кесіміне шейінгі даланың заң-жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайтынына жоғары баға бергенін де көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Ал бүгінгі сөзде біздің айтпағымыз бұл туралы емес, біздің мақсатымыз «Абай жолының» өзге тілдерге аударылуы хақында болмақ. Қай тілге қашан, кім аударды және сапасы қалай болды дегенге ізденіс жасап көрдік.
«Абай жолын» оқыған Камерун жазушысы Бенжамен Матип «Қазақ неткен ғажайып халық» деп өзін-өзі ұмыта таңырқаса, Константин Федин «өзінің қалай қазақ болып кеткенін білмей қалған» дейтін жылы сөздер хакім туралы шығарманың аударма арқылы әлем оқырманына жеткендігін растайды. Бірақ қалай жетті деген мәселеге назар аударатын сәт туды. Осы мақаланы жазардан бұрын «Абай жолының» ағылшынша нұсқасын ағылшынтілді орта қалай қабылдады екен деген оймен Амазон кітап дүкеніне жүгіндік. Goodreads сайтына кірсеңіз, «Абай жолы» туралы мынадай оқырман пікіріне кез боласыз. Пікір иесі Есмира Серева. «Абай – қазақтың ұлы ақыны, бұл кітап көп нәрсені қамтыған роман. Даланы, ондағы өмір салтын бейнелейтін тараулар жанды, талғаммен суреттелген. Сол үшін бұл кітап бала кезімнен бері қыста оқитын тамаша шығарма. Әрине, бұл еңбекте коммунизмге деген құрмет бар, бірақ бұл эпопеядағы ең маңызды нәрсе емес. Маңыздысы – кейіпкерлермен, қоршаған ортамен қалай бірден байланыста болғаныңыз, сонымен бірге ойлы өлеңдер, орынды әзіл мен драма және өмірдің қуанышы өзгеше әсер береді, ержетіп, аңызға айналған тұлғаның өмірі көз алдыңызда өткендей болады».
Желі қолданушының бұл пікірі «Абай жолының» ғана емес, қазақ әдебиетінің биігі үшін жақсы баға деуге болады. Әрине, шынайы өнердің қазысы – қарапайым оқырман. Ал Колин МакКелл-Редвуд дейтін желі қолданушы: «Бұл – жай оқиғалар тізбегі ғана емес, жас жігіттің есею барысы, ғасырлар бойы көшпелі өмірден белгісіз болашаққа бет алған елдің сапары туралы жақсы шығарма. Сюжеттің көптеген шешілмеген бөліктері маған ұнады, өйткені өмірдегі көп істер жиі шешімін таба бермейді, өмір – кітаптағыдай емес. Ал қазақ халқының рухын түсінудің стенографиясы да осы кітап болмақ» деген ойын жеткізеді. Ағылшынтілді оқырманның бұл жүрек сөздері шығарманың деңгейін тағы бір мәрте көтерді.
Ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтің өзі: «Мен «Абай жолын» төртінші рет қайталап оқығанымда ғана барып түсіндім», деген мәңгілік шығарманың Батыс, Еуропа әлеміне жеткен аудармасы сапалы болса, біз үшін қуаныштан артық ештеңе жоқ. Ал осы шығарманың моңғол тіліне қалай аударылғаны жөнінде тарихшы Зардыхан Қинаятұлы «Түркістан» газетіне жариялаған мақаласында: «Үшінші курс студентi Жамлийха М.Әуезовтің «Абай жолы» романын моңғолшаға аударуға кiрiстi. Әрине, бұл өте батыл қадам едi. Л.Соболев, Н.Ановтар қазақшадан жасаған сөзбе-сөз аударманың негiзiнде орысша әрлеген Абайды аудару студент үшiн нағыз талапты ердiң қолынан келетiн iс едi. Сөйтiп жүргенде басқадай бiр топ қазақ зиялылары «Абай жолы» романын аударып жүргенi белгiлi болды да, студент Жамлийха «Абай жолының» аудармасын солармен бiрлесiп әрі қарай жалғастырды. Сөйтiп, «Абай жолы» романы моңғол тiлiнде 1972 жылы жарық көрдi» деген дерек келтіреді.
Ал осы шығарманың түрік жұртына қалай жеткені туралы аудармашы Ашур Өздемір: «Абай жолы» түрік тіліне екі рет аударылды, бірінші рет 1997 жылы түркістандық Зейнеш Смайыл мен түркиялық Әлиаппас Шынар дейтін аудармашылар бірігіп аударыпты. Бұлар эпопеяның бірінші, екінші кітабын тәржімалапты. Бірақ бұл аударманың сапасы сын көтермейді. Бұл кітап оқырманның қолына жетпеді деп ойлаймын, жетпегені де дұрыс еді. Менің ойымша, олар сол кезде университетте сабақ беретін, сол себепті романның түпнұсқасын Қазақстаннан Түркияға барып оқып жатқан студенттерге аудартқан сияқты. Ал екінші рет биыл Зафер Кевар деген аудармашы аударып жатыр екен, бірінші, екінші томы шығыпты. Шындығына келсек, бұл аудармашы қазақ тілін білмейді. Сонда ол қайтіп аударады? Мүмкін, жалпылама аударып жатқан болуы керек. Естеріңізде болсын, біз жақта қазақ тілінен түрікшеге кітап аударып жатқандар қазақ тілін жақсы білмейді. Бұл мәселені ашық айтуымыз керек. Тек үш-төрт аудармашы ғана қазақ тілін біледі, ал қалғандары жалпылама аударма жасайды», деп өз ойын айтты. Міне, шыны керек, біздің шетелдегі аударылған кітаптарымыздың халі. Бұл мәселе қазір ғана туындап отырған жоқ. Түбі бір деп білетін түрік бауырларымызға «Абай жолын» дұрыстап аударып жеткізе алмасақ, онда Батыс пен Еуропаны біздің әдебиетті білмейсіңдер деп кінәлаудың өзі ұят.
Оқырманы көп ел саналатын Қытайда Әуезов шығармашылығы дұрыс насихатталмағаны шындық. Ол жақта кеңес әдебиетінен Шыңғыс Айтматовтың аты аталады. Ал «Абай жолының» аудармасы сапасыз болды деген пікірді көп естідік. Эпопеяны қытай тіліне Ха Хуанжаң есімді Сібе ұлтының өкілі аударып, қытай тілінде жазатын қазақ жазушысы Әкпар Мәжит редакциялапты. Ол жақта кино, әдебиет, жалпы рухани құндылықтарға қоғамдық пікір жинайтын book.douban.com дейтін сайт жұмыс істейді. Осы сайттағы әлеуметтік желі қолданушылар әдетте жақсы шығарма немесе сапалы аударылған көркем әдебиет туралы өз ойларын бүкпесіз ортаға салады. «Абай жолы» туралы осы сайт бетінен «Аудармасы сапасыз», «Ғажап эпос екен», «Классикалық кино сияқты шығарма» деген шағын пікірлерді кездестірдік. Біздің білуімізше, бұл сайтта пікір жазушылар әдетте екі-үш мың әріптен тұратын сыни көзқарас, танымдық жазбаларды комментарий ретінде қалдырады. Ал «Абай жолына» келгенде үнсіздік салтанат құрған. Біз бұдан нені түсінеміз? Тағы да сапасыз аударманың мәселесі қылаң береді.
Қалай дегенмен де оқырманы көп елге шығарма сапалы аудармамен жетсе, ешкім үнсіз қалмас еді. Бұл жөнінен біз эпопеяны ақысыз, тек қазақ ұлтын құрметтегені үшін аударма жасаған Ха Хуанжаңға өкпе айта алмаймыз, бұндай игі шаруаны дер кезінде құнттамаған өзіміздің ағаттығымыз.
Шындығын айтсақ, біз осыған дейін шетелге аудартқан көптеген шығарманың бәрін орыс тілінен аударттық. Міне, қателіктің басы осында. Басқасы басқа, көркем шығарма үшін түпнұсқадан сол тілдерге аударту аудармаға ауадай қажет. Сапасыз аударманы шетел оқырманы оқымақ түгілі, қолына алып парақтағысы да келмейді. Осы мәселені көтеріп жүрген аудармашы Зәуре Батаева бір мақаласында: «Орта Азия және қазақ әдебиетін халықаралық деңгейге шығаратын жазушылардың бірі Мұхтар Әуезов екеніне ешкім күмән келтірмес. Өкінішке қарай, бұл көркем тіл шеберін халықаралық деңгейге шығара алмай отырған тағы өзіміз. Қазақстанда «Мұхтар Әуезов ағылшын тіліне аударылған, шетелде танымал жазушы» деген қате түсінік бар. «Абай жолы» мен «Көксерек» ағылшын тіліне аударылғанымен, бұлар Мәскеу қаласындағы «Издательство литературы на иностранных языках» және «Радуга» баспаларынан шыққан. Мұхтар Әуезовтің шығармалары Батыс баспаларынан шыққан емес. Жуықта Қазақстан демеушілерінің қолдауымен «Абай жолы» романын ағылшын тіліне қайта аударуға тапсырыс берілгені және аударма орыс тілін жетік білетін британдық аудармашыға тапсырылғаны жайлы хабар естідім. Бұл шығарма тағы орыс тілінен аударылып жатқаны өкінішті», деген наз айтады. Орынды сөз. Жоғарыда біз айтқан сөздің бір дәлелі де осы.
Қазақ әдебиетінің биік мұнарасы ретінде аталатын «Абай жолы» роман-эпопеясы – күллі қазақ халқының паспорты, өмірінің айнасы. Осы шығарманы шет тілдеріне аударту барысында туындаған мәселелерді жоғарыда айттық. Біз ендігі жерде рухани айнамыздың өзге елдерге таза қалпында сәуле шашуын, оларға қазақ әдебиетінің биік намысы өз дәрежесінде жеткізілсін деген ниеттеміз. Өйткені кітап арқылы жеткен мәдениет – шынайы мәдениеттің бір көрінісі. «Абай жолының» алыс елдерге сапары – қазақ руханиятының, әдебиетінің, сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан мәдениетінің сапары деп білсек, онда сапалы аударма үшін жұмыс істегеніміз жөн болмақ.