Бизнес • 10 Қараша, 2021

Мемлекет пен бизнестің тандемі табысты жобаларға жол ашып отыр

329 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елі­мізде мемлекет-жекеменшік әріптестік жүйесі бес жылдан бері та­бысты іске асырылып келеді. Аталған жүйенің тетіктерін пай­­дала­ну кеңінен таралуда әрі ол экономиканың барлық саласын қам­туда. Осы уақыт ішінде мемлекет пен бизнестің тандемі көп­­те­ген әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырғанына да куә­міз.

Мемлекет пен бизнестің тандемі табысты жобаларға жол ашып отыр

Қазақстандық мемлекет-же­кеменшік әріп­тестік орта­лы­­ғы­ның басқарма төра­ға­сы Ержан Сәрсенбайдың айтуынша, орта­­лық­қа жүктелген маңызды функ­ция­ның бірі – бюджеттік инвестициялар мен мемлекет-жекеменшік әріптестік жоба­ла­рына сараптама жүргізу. Са­рап­тама дегеніміз – кешенді баға­лау. Ол барынша жоғары әлеу­мет­тік не­месе экономикалық нәти­же алу үшін ұсынылатын инвес­ти­­циялық жо­ба­лардың тиім­ді­­­лі­гін айқындайды. Мәсе­лен, осы жылдың 9 айында орталық құны 3,2 трлн теңге болатын 34 жобаға сараптама жүргізген. Оның нәтижесі бойынша жал­пы сома 3,2 трлн теңгеден 738 млрд тең­­геге дейін азайтылған. Осы­­­лай­ша, бюджетке түсетін жүк­­теме 76 пайызға дейін төмен­деп­ті.

– Орталық 2018 жылы 98 жобаны, 2019 жылы 151 жобаны, 2020 жылы 77 жобаны қарады. Былтырдан бастап жобалар саны азайды. Бұл коронавирустың таралуын тежеу үшін қабылданған карантиндік шаралармен байланысты. Орталық биылғы тоғыз айда ең алдымен халыққа әлеу­мет­тік-экономикалық тұрғыдан тиімді жобаларды мақұлдады. Олардың ара­сын­да бірқатар ма­ңыз­ды жобалар бар. Мә­селен, алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Отбасы банк­ке» бюджеттік кредит беру жобасы ма­құл­данды. Бұл мақ­сат­­қа республикалық бюджеттен бюджеттік кредит есебінен 30 млрд теңге бөлу жоспарлану­да. Осы­ның нәти­жесінде 9 373 аза­мат тұр­ғын үй жағ­да­йын жақсартуға мүмк­індік алмақ.

Жоба­ның енді бірі агросекторды қол­дауға қатыс­ты. 2022 жылға арналған агро­­өнер­кә­сіп субъектілерін қолдау үшін «Аг­рар­лық несие корпорациясына» кредит беру бюджеттік бағ­­дар­ламасы қолдау тапты. Ке­лер жылы бюджеттік несие есе­бінен 70 млрд теңгеге 2 400 агро­өнеркәсіп субъектісі мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіні қолдау көз­дел­ген. Оның 387-сі жаңа қарыз алушы бол­мақ. Бұл өсімдік шаруа­шы­лы­ғы­н­­дағы кредиттік ресурс­тарға қа­жеттілікті қанағат­тан­ды­ру­ға және еліміздегі егіс алқап­та­ры­ның 3 млн гектарын қамтуға мүм­кін­дік береді. Қарыз алушы үшін несиелеудің шекті түпкілікті мөл­шерлемесі 5 пайыздан аспайды, – дейді Ержан Сәрсенбай.

Орталық басшысы биыл жү­йе­­ге қа­ты­с­ты бірқатар жаңа­шыл­­­дық­тар енгі­зіл­­генін алға тарт­­ты. Мәселен, «Қай­та­рым­ды мемлекет-жекеменшік әріп­тес­­тік» те­тігі енгізілген. Онда ин­­вес­тор­дың қа­жет­­ті инфра­құ­­­рылымды құруға жұм­саған шы­­­­ғыны мемлекет-жекеменшік әріп­­тес­тік ар­қылы өте­леді.

– Айталық, жеке тұлға зауыт салды делік. Енді оған инже­нер­лік коммуникация­лар жүргізу қажет. Енді жаңа нормаға сәйкес, жеке тұлғаның коммуникация­лар­ды мемлекет-жекеменшік әріптестік шең­бе­рінде жүргізуге мүм­кіндігі бар және әрі қарай өз шығындарының өтемін ала алады. Сондай-ақ ол жұмыс орын­да­­­рының санын көбейтуге мін­детті. Бұл жеке тұлға үшін де, халық үшін де оң нәти­же береді. Бұдан бөлек, мемлекет-жекемен­шік әріптестік жүйесіне қаты­су­шы инвестор капиталының кем дегенде 20 пайызы қолда болуы керек. Жаңа талап бюджет­ке жүктемесін төмендету және жобаны іске асыру кезінде ин­вес­тордың жауапкершілігін арт­тыру мақсатында енгізілді. Сон­дай-ақ ендігі жерде жекемен­шік әріптесті анықтау үшін аукцион­дық тәсіл қолданылмақ. Мысалы, мемлекеттік мекеменің пайдаланылмай жатқан бос алаң­да­ры бар. Пайдаланылмаса да, мемлекет оларды күтіп-ұстауы ке­рек. Демек бұған да қар­жы жұм­­салады. Енді жеке тұлға бос жат­қан мұндай алаңдарды ком­­мерциялық мақ­сатта пайдалана ала­ды. Оны кәдеге жара­татын инвестор аукцион арқылы анық­­талады, – деді орталықтың бас­қар­ма төрағасы.

Е.Сәрсенбайдың айтуынша, бюджет жүк­темесін төмендету, сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріп­тестікті мемлекеттік сатып алу­лардан ажырату мақсатында ны­­санды пайдалану және инвес­ти­циялық шы­ғындардың өтема­қы­сын төлеу кезеңі кемінде 5 жылға ұлғайтылған. Бұрын үш жылдан басталатын.

– Біз жүргізген бағалау шең­бе­рін­де мемлекеттік сатып алуға қа­тысты жо­ба­лар­дың мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тік ­те­­тігі бо­йынша іске асырылған жағ­­дай­­ла­ры анық­талды. Кезеңнің қысқа мер­­зім­ді­лігі жеке серіктестер тез пайда көр­гісі келетін және жо­ба­­ның өзін жүзеге асыруға қы­зы­ғу­­шылық танытпайтын жағ­­дай­ларға алып келді. Соны­мен қа­тар мем­­ле­кеттік мін­дет­те­ме­лер­дің ұлғаюы­на әке­­ліп соқ­тыратын мем­лекет-жекемен­шік әріптестік шарт­та­рының та­лап­­тарын өз­гертуге шектеу қо­­йыл­­ды. Біз бағалау кезінде мем­­ле­кет-жекеменшік әріптестік шарт­­тарының бір бағаға жасал­ға­нын, ал кейін шарттың өзге­рістерге ұшырағанын анық­тадық. Яғни әуелде белгі­лен­ген сома ұлғайтылған, тиі­сінше бә­се­келестік талаптары бұ­зыл­ған әрі бюджеттік шығыс­тар кө­­лемі өскен. Бұдан басқа да өз­ге­ріс­тер енгізілді. Тұтас­тай ал­ған­да өзге­рістердің бар­лы­ғы жо­ба­лар­дың саннан сапаға кө­шуі­не және бюджеттік жүк­те­ме­ні тө­мен­­де­ту­ге бағыт­тал­ды, – деп нақ­ты­ла­ды Е.Сәрсенбай.

Осы орайда Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріп­те­с­­тік орталығы жыл са­йын бюджеттік инвес­тициялар мен мемлекет-жекеменшік әріп­­тестік жоба­ла­рының іске асы­­рылуына баға­лау жүр­гі­зе­­тінін атап өткен жөн. Был­тыр жалпы құны 580 млрд теңге болатын 532 жоба ба­ға­­­лан­ған. Бұлар негізінен ин­женерлік-коммуникациялық ин­фра­­құрылымды жаңартуға және салуға арналған жобалар.

– Осылайша, 2 900 шақырым су­мен жабдықтау желісі жаңар­ты­лып, салынды. 1 400 шақырым газбен жабдықтау желісі, 12,5 мың шақырым кәріз желісі жүр­гі­зілді. 246 шақырым жол қал­пына кел­ті­ріл­ді. Сондай-ақ 390 мың шаршы метр тұрғын үй ғимараты, 100 орын­дық он­ко­ло­гиялық емхана мен орта­лық аудандық аурухана және басқа да әлеуметтік маңызды ны­сандар салынды. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 8 мыңнан астам жұмыс орны сақ­тал­ды әрі жаңадан құрылды. Бұл ретте Солтүстік Қазақстан (727 жұмыс орны), Жамбыл (675), Павлодар (394) облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында (488 жұмыс орны) ең көп жұмыс орындары құрылған, – деді орталықтың басқарма төрағасы.

Қазақстандық мемлекет-же­ке­меншік әріптестік орталығы бас­қарма төрағасының орынбасары Мұхамед Қабылдиновтың дерегінше, 2021 жылдың 1 қаза­нын­дағы жағдай бойынша, елі­міз­де 2 трлн теңгеден астам сомаға 818 мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тік шарты жасалған. Оның 11-і – республикалық, қалғаны өңір­­лік деңгейде. 950 млрд теңге инвестиция тартылған.

– Мемлекет-жекеменшік әріп­­тестік шарттарын тексеру ке­зін­­де мемлекеттік әріп­тестер жо­ба­ларды іске асыру ке­зінде жі­бер­ген бірқатар проблема анық­­талды. Қазіргі уақытта бюд­жет­­тік бағ­дар­ламалардың әкім­­ші­­лері Ұлттық эко­но­мика ми­нис­­­трлігі мен біздің орталық бі­р­ле­сіп анықталған проблемаларды реттеуге күш салуда. Сондай-ақ мемлекет-жекемен­шік әріптестік саласындағы заң­на­маға толықтырулар енгізу бо­йын­­ша жұмыс жүргізуде, – деді М.Қабылдинов.

Басқарма төрағасының орын­ба­­сары атап өткендей, мем­ле­кет-жекеменшік әріптестік жо­ба­­ларының көбінде теңгерім­ділік жоқ. Яғни жобаны іске асыру кезінде міндеттемелер, ке­пілдіктер, тәуекелдер мен кі­ріс­тер мемлекеттік әріптес пен жеке меншік әріптес арасында өзара тиімді бөлінбеген. Жекеменшік әріптестің міндеттемелері са­лын­­ған қаражат пен пайданы бюд­жеттік міндеттемелер есе­бі­нен 100 пайыз қайтаратын нысан құ­ру­мен ғана шектеледі. Ал бюджеттен тыс көздер есебінен жобалардың өзін өзі ақтауына қол жеткізу, сондай-ақ халыққа көр­се­ті­летін қызметтердің сапа­сы­­на қа­тыс­ты міндеттемелер қам­­­тыл­­майды.

– Қазіргі уақытта мемлекет-жекемен­шік әріптестік жоба­ла­ры үш санатқа бө­лін­ген. Бірінші санат – шығындарды 100 пайыз өтейтін жобалар. Екінші санат – шығындарды ішінара өтей­тін жобалар. Үшінші санат – шы­ғын­дарды өтемейтін жобалар. Үшінші санатты табысты жоба­лар деп санауға болады. 1 қа­зан­дағы жағ­дай бойынша іске асы­рылып жатқан жо­балардың үш­тен бірі осы санатқа тие­сілі. Яғни олар барлық өңірде таратылатын бюджеттің ағымдағы шығыстары, тарифтер және бюд­жеттен тыс көздер (ақылы қыз­мет­тер) есебінен өтеледі, – дейді М.Қабылдинов.