Коронавирус • 11 Қараша, 2021

Мониторингтік топтар қызметі күшейтілді

576 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл шілде айынан бастап «Қызыл» аймақта тұрған Пав­лодар өңірінде эпидемиялық жағ­­дай әлі тұрақсыз. Облыста бү­гін­ге дейін коронавирус­ты жұқ­­тырудың 50 844 мың де­регі тір­­келді. Оның 41 530-ы симп­­том­ды, 9 314-і – симптомсыз. Осы­ған орай Ashyq жүйе­сі бо­йынша жұмыс істейтін нысан­дар­дың жұмысына өзгеріс енгізілуде.

Мониторингтік топтар қызметі күшейтілді

Сондықтан өңірлік коммуникациялар қызметінде мониторингтік топтардың қызметі талқыға салынды. Облыстық Кәсіпкерлік және ин­дус­т­риялық-инновациялық даму бас­­қар­масының басшысы Ернұр Жәу­тік­баевтың мәліметінше, мони­торинг­тік топтар құрылғалы 7 500 рейд жүргізді. 45 650 кәсіпкерлік объектісінің жұмысы тексеріліп, 451 ереже бұзушылық анықталды, 53 млн теңге айыппұл төленді. Ең жиі тіркелетін тәртіп бұзушылықтарға эпидемиялық сақтану шараларын қолданбаған және әлеуметтік ара қашықтықты бұзу мен адамдар санын шектен тыс қабылдау жатады. Облыста мониторингтік топтар жұ­мысы жетілдірілмек. Енді Ashyq жобасына қатысатын нысан­дар «қызыл», «сары» және «жасыл» аймақтар бойынша бөлінеді. Адам­дардың сауда орталықтарына, ойын-сауық орталықтарына қанша­лықты жиі келуі осыған байланысты болмақ. Мысалы, «қызылға» жиі шағымданған және қайталанған бұзушылықтар анықталған нысандар кіреді. Мониторингтік топтар нысандарды депутаттармен, қоғамдық белсенділермен және еріктілермен аптасына екі рет тексереді. Ал «сары» аймаққа айына ең аз тек­серістен өткен нысандар және адам­­дар үшін қауіпті аймақ­тар кіре­ді. Мұндай орындарға тексеру­ші­лер ап­тасына бір рет полиция қыз­меткер­лері­мен бірге барады. Қо­ғам­дық көлік­тер де «сары» деп сана­лады. «Жасыл» аймаққа Ashyq жо­басы­ның көш­бас­шылары қатысады, оларға монито­ринг­тік топтар екі аптада бір рет келеді.

Тексерушілердің жұмысын тиім­дірек ету үшін өңірде шұғыл шаралар белгіленді. Бірінші кезекте мониторингтік топтардың құрамы жаңар­тылады, баратын нысан­дары­ның тізімі бекітіледі, депутаттар мен еріктілер жұмысқа тартылады. Өңір­де қоғамдық көліктегі бақылауды кү­шейту, ақпараттық стендтер, бел­гі­леу­лер мен шектеу сызықтары жаңартылады.

– Мониторингтік топтарды енді жаңа формат бойынша жібереміз. Мысалы, бұрын тексерушілер үнемі бірдей нысандарды аралап жүрді. Егер қандай да бір нысан қауіпсіздік тұрғысынан көшбасшылар қатарын­да болса, онда оны соңына дейін тексермейміз, – деп түсіндірді Ернұр Жәутікбаев. Оның айтуынша, мониторинг топ құрамына аудандық және қалалық әкімдіктердің бөлім қызметкерлері енеді. Бөлімдер мамандарсыз қалмайды – мониторингтік топтарда адамдар «жылжымалы кес­те» бойынша кезекшілік етеді.

– Мониторингтік топтар кәсіп­керге қысым көрсетпейді. Мақ­сат – нысан­дарға баратын немесе сол жерде жұмыс істейтін адам­дардың денсаулығы­на қамқор­лық жасау. Басты бағ­дар – биз­неспен қатар болу, санэпиднор­ма­ларды қамтамасыз ету, кеңес беру, ұсыныстар беру. Бірақ тәртіп бұзу­шыларға қатаң шаралар қолдану керек. Себебі олар келушілерге коронавирус жұқтырып, ауруханаға жатқызуға, реанимацияға, тіпті өлімге әкеп соқтыратын жағдайларға себеп болады, – деді «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Риза­бек Исабеков.

Нысандар ережелерді орындаудың тәртібі бойынша үш топқа бөлінеді: проблемалық нысандарға бара­тын топтар полиция, депутаттар мен әртүрлі қоғам өкілдерімен қоса аралайды. Ал басқа қоғамдық орындарды шағын құрамдағы топтар бақы­лайды. Сонымен бірге топтар ішін­дегі мем­лекеттік қызметшілерді жұмысы­нан босату, ынталандыру мәселелері қарастырылуда. Жұмысына жауапты қараған мониторингтік топ мү­ше­лерін қалай ынталандыратыны әзір­ше белгісіз. Қоғамдық орындар қауіп­сіз болуы керек. Вирусқа, ауруды жұқтырған адамдарға жол беретін бизнес өкілдері жазалануға тиіс.

Ризабек Исабеков Ashyq жүйе­сіндегі «қызыл» белгісі бар тұр­ғын­дарды шыдамдылыққа шақыр­ды. Өйткені «қызыл» белгісі бар адамдарды ауру тара­татын көшпелі эпицентрлер деп атады. «Оқшаулауда болуға тиіс болса да олар дүкен аралап жүреді. Мы­салы, «қызыл» статусы бар адамды үйлеріңізге кіргізуші ме едіңіз?» дейді ол.

– Облыста 29 қазаннан 12 қарашаға дейін Ashyq арқылы жұмыс істейтін нысандарға жұмыс күндері тек «жасыл» статусы бар адамдар кіре алады, – деді департамент өкілі Ғизат Әбішев. – Жеті күннен аспаған ПТР-тестінің нәтижесі теріс және вакциналаудан өткендер кіре алады. Өңірдің 6 ай бойы «қызыл» аймақ ортасында қалып отыруының басты себебі – тұрғындардың карантиндік режімді жиі бұзуы. Олар шектеулерге қарамастан сауда үйлеріне, дәмханаларға, Ashyq бағдарламасы орнатылған орындарға баруда.

Қазір барлық қала мен ауданда 24 мониторингтік топ жұмыс істейді. Эпидемиялық ахуалдың тұрақсыздығы, індет жұқтырған науқастардың көбеюі жаңа талаптар қабылдауға мәжбүр еткені белгілі. Енді 29 қазан мен 12 қараша аралы­ғын­да Ashyq жобасына қатысушы нысандардың күнделікті жұмысына толықтырулармен бірге өзгерістер де енгізіледі. Бүгінде облыс көлемінде 6 830 әлеуметтік және бизнес нысаны Ashyq бойынша жұмыс істейді. Ashyq жобасы тәртібін бұзушылар Павлодар, Екібастұз және Ақсу қала­ларында анықталған. Жалпы, 2,5 мыңға жуық қатысушы анықталды, олардың 467-сі – мемлекеттік мекемелер. Мониторингтік топтардың мүшелері Ashyq жобасына қатысу­шылармен түсіндіру жұмыс­тарын жүр­гізуде. Тәртіп бұзушыларға әкім­­шілік құқық бұзу жөніндегі заң талап­­тары бойынша құны 8 млн теңге­ден астам 63 әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы хаттама толтырылса, қалғандары сотқа жолданған.

Облыс аумағындағы Үрлітіп, Шарбақты, Қосақ, Амангелді шекара бекеттерінен 8 шетелдік азаматқа өтуге тыйым салынды. Облыстық са­ни­тариялық-эпидемиологиялық бақы­лау департаментінің мәліметінше, бекеттерде тәулік бойы кезекшілік атқарылуда. Өткен тәулікте шекарадан 495 азамат өтті, оның ішінде 374 жаяу, 121 жүк көлігінің жүргізушісі өтіп, 10 адам карантиндік стационарға жатқызылды.

Қазан айының соңғы күндері өңірде індет жұқтырған 49 331 науқас тіркелсе, 27 035 науқас – облыс ор­талығының тұрғындары. Эпидемио­логтер­дің бағалауы бойынша өңірде КВИ-мен сырқаттану жағдайы әлі тұрақсыз.

 Павлодар облысы