Өнер • 16 Қараша, 2021

Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ: Өнерімді шынайы бағалаған Елбасына қарыздармын

544 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Жуырда Шымкент қалалық опера және балет театры ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын қайта жаң­ғыр­тып, жаңаша стильде көрермен назарына ұсынды. Жалпы, биыл үшінші мегаполистегі бұл театрдың жаңа тынысы ашылғандай, өзгеріс көп. Өнер­сүйер қауым бұл оң өзгерісті театр басшысы Майра Мұхамедқызымен бай­ла­ныстырып отыр. Осы орайда аз уақытта көп іс тындырған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, «Тарлан» сый­лығы­ның, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» Қазақ­станнан шыққан тұңғыш әншісі Майра Мұхамедқызын сөзге тартқан едік.

Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ:  Өнерімді шынайы бағалаған Елбасына қарыздармын

– Биыл классикалық өнер сала­сын­дағы Bravo сыйлығын алдыңыз. Мемлекеттік сый­лық­­­тың лауреатысыз, жалпы көп­те­­ген, оның ішінде халықаралық сый­­­лық­тарды алдыңыз. Әрине, бар­лы­ғы шығар­машылық ізденістің, еңбек­қорлықтың, төккен тердің нә­ти­жесі. Дегенмен Сіз үшін қайсысы қымбат?

– Мемлекеттік сыйлық әрине. Себебі бұл өз Отанымның сыйлығы. Отанымның әрбір сыйлығы мен үшін ыстық, қымбат. Оларды бөліп-жарып айта алмаймын. Және менің тағы бір арманым бар. Ол – Елбасы атындағы медальды алу. Өйткені менің тағдырым Қазақстанмен, Елбасымен байланысты.

Мен, негізі Қазақстанға алғаш 1991 жылы қаңтар айында келдім. Ол кезде мені ешкім танымайтын. Алматыдағы қазақ қоғамдастығы «әлі тәуелсіздігіміз­ді алған жоқпыз, бәлкім қиындықтар кездесер, бәлкім бәрі оңынан шешілер. Егер тәуелсіздігімізді алып жатсақ, онда шетелдегі қандастарымызды шақырамыз. Сіз кезекте бірінші тұрасыз» деп айтқан еді. Жылға жуық мерзімнен соң Қазақстан тәуелсіздігін алды. Бірақ бізге елге оралу 1994 жылы бұйырыпты.

Атамекенге оралған соң концерт бере бастадым. Әсіресе, сол кездегі Қытай Халық Республикасының төрағасы Цзян Цзэминьнің Қазақстанға алғаш жұмыс сапарымен келген күндер есімнен кетпейді. Қос Президенттің ортасында отырып екеуіне тілмаш болдым, ән айттым. Сон­да Цзян Цзэминь менің Қазақстанда отырып-ақ қытай тілін ешқандай акцентсіз сөйлегеніме дән риза болып, «менің өзімде қытайша сөйлегенде Шанхай акценті бар» деп таңғалған еді. Елбасы Н.Назарбаев: «Майра, сен Қазақстан азаматтығын алдың ба?» деп сұрады. «Жоқ, аға, – дедім мен. – Қытай азаматтығын тапсырған соң қақпаған есігім жоқ. Қолымда «қазақ» деген куәлігім бар әйтеуір. Екі жыл болды, босқын сияқты жүрмін». Сол кездесудегі әңгімеден кейін Нұрсұлтан Әбішұлы менің тағдырымды өзгерткен еді.

Расында да Елбасының сарабдал саяса­тының, ерен еңбегінің арқасында Қазақ­стан Тәуелсіздіктің 30 жылында көптеген биік белесті бағындырды, еліміз бүкіл әлемге танылды. Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен мен де қалаған жерімде концерт қойып, қалаған әнімді айттым. Қазақтың бұлбұлы болып жүрдім. Себебі Елбасы өнерді ерекше бағалайды. Өзі де домбыра тартып, ән айтады. Сондықтан да жан дүниесі өнерге бұра тартып тұрады. Бұл – ішкі мәдениетінің жоғарылығы, жүрегінің нәзіктігі деп білемін.

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен және тапсырмасымен Абай атындағы опера және балет театрының күрделі жөн­деу­ден өткізілуі, әлемдік деңгейдегі «Астана Опера» театрының са­лынуы, бірнеше жүздеген өнер адамдары­ның жұмыс­пен қамтылып, спектакльдер өте жоғары дең­гейде қойылуы – бұ­ның бәрі қазақ өне­ріне деген Тұңғыш Прези­дентіміздің жа­нашырлығы дер едім. Сөзімнің басында айтып кеткенімдей, Мемлекеттік сый­лық мен үшін өмірімдегі ең қымбат марапат ­деп білемін. Өйткені халықаралық байқау­­лар­да жеңімпаз атану бір бөлек те, өз елің­де еңбегің жанып, сені қолдап, қолпаштаған, бағалаған қуанышты сезіну одан да ерекше, одан да әсерлі де ыстық, жүрегіңе жақын екен. Өзім ғана емес, менімен бірге ел де қуанды. Ең қуаныштысы, атамекенге келген қандастар арасынан өнер саласында жоғары сыйлыққа ие болдым. Бұл екі өкпесін қолына алып туған Отанына жеткен ағайындарға да берілген марапат деп білемін.

– Тарихи Отаныңызға оралға­ны­ңызға 27 жылдан асыпты. Яғни Тәуел­сіз Қазақстанның қалыптасуы, өсіп-өр­кендеуі, даму кезеңдері көз алдыңызда өтті. Осы орайда жылдарды саралай түйген ойларыңызды айта отырсаңыз. Жалпы, Отан сізге не берді, сіз атамекенге не бердіңіз?

– Елге келерден бұрын менде қос таңдау болды. Бірі – Отанға оралу, екіншісі – АҚШ-қа кету. Сол кезде ­­­­АҚШ-қа Джульярд өнер мектебіне жолдама алған болатынмын. Егер жолдамамен Америкаға барғанда әлемді бағындырар ма едім деп ойлаймын. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар келіп, өнерлерін ортаға салып, бір-бірімен жарысатын. Жас кезімде бәсекелестікке төтеп беруге, өзгелермен өнер жарыстырып оқ бойы озып шығуға құштар болдым. Шын мықтылармен жарысқанда шыңдалып, бұдан да биік белестерге шығар едім деп аздап өкінемін. Бірақ елге оралмай АҚШ-қа кеткенде өкінішім бұдан да зор болар еді. Отанға оралу, еліме, жеріме деген махаббат – әлемді бағындырудан да басым болды.

Елге алғаш келген жылдары оңай бол­мады. Ол кезде Қазақстан аяғын енді тәй-тәй басқан жас мемлекет еді. Экономика әлі тұрақталмаған. Елде тауар тапшы. Экономика шатқаяқтап тұрғанда руханият саласында жағдай қандай бол­ғанын бағамдай беріңіз. Дегенмен біз бұл қиындықты еңсеріп шықтық. Қазақ өнерінің тарихын елмен бірге қаладым десем болады. Менің әр жарыс­та, нақтылайтын болсам, Португалияда бірінші орын алып көк Туды желбіретуім, Мәскеуде музыка олимпиадасы санала­тын Чайковский атындағы конкурста қола медаль алуым, Париждің Гранд Опера ­театрында жұмыс істеп келіп, ондағы тә­жі­рибені өз елімде бөлісуім – ел өнерінің ­дамуына қосқан үлесім. Қазақстан руха­ния­тының өсіп-өркендеуіне тамшыдай болсын үлес қосқанымды мақтан етемін.

Ал Отаным маған не берді десем, халықтың махаббатын берді. Ел азаматтары мені «Майра, Майра» деп қолпаштап, ылғи көтермелеп жүреді. Көрген жерде жұрт танып, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Өзіме деген халықтың ыстық ықыласын көргенде мерейім тасиды. Бәрін берді. Ең алдымен, әрі ең бас­ты­сы – Қазақстан маған еркіндік бер­ді. Қазақстан дегенде түсінетінім – Тәуел­сіздік, қарапайым сөзбен айтсақ – бостандық. Қараңызшы, сол бостандыққа қаншама ұлт күресіп жете алмай жатыр. Сол еркіндіктің болмауынан тағдырлары өзгеріп, Отанының жоқтығынан өмірде де, өнерде бейшара болып жүргендер қаншама. Соларды көріп, Аллаға мың шүкірлік жасайсың. Егер Қазақстанға келмегенде, мүмкін осылай ән сала ал­мас па едім деп ойлаймын. Олай дей­ті­нім, Қытайда жүргенде бала кезден армандаған Чайковский атындағы дүниежүзілік байқауға қатысуға бел будым. Оған бес әнші қатысатын болдық. Қытай үкіметі тарапынан екі әнші қытай ұлтынан, қалғандары өз қаражатымен барсын дегенді естігенде, жүрегім қан жылады. Ондай мүмкіндік қайда?! Ұс­тазым профессор Го Шу Джен: «Мен екі қытай әншісін дайындаймын, саған қолым тимейді. Шәкіртім ретінде айтарым, қатысқың келсе Қазақстанға бар. Ондағы мықты оқытушылардың дені Мәскеу, Ленинградтағы орыс мектебінің түлектері, сонда барып дайындал, сол жақтан жолың болар», деп кеңес берді. Әрине, мен екі елдің мәдениетімен, екі елдің дәстүрімен өстім. Осыған дейін 5 мың жылдық тарихы бар Қытайдың мәдениеті, тәрбиесі, мектебінен өтіп, жақсы-жаманын көрдім. Ол бір алғашқы шыңдалу мектебі болды. Бірақ Қазақстан-ға келген соң түпкі санамдағы адамға керек еркіндікті сезіндім. Шекарадан өте бастағанда ұшы-қиыры жоқ кең даланы көріп, тынысым ашылып сала берді. Келдім. Көрдім. Қиындық та болды. Менің қиналатыным, кейбір отандастарымыз Тәуелсіздіктің, еркіндіктің не екенін біліп, түсініп жатпайтындай көрінеді. Қытайда, әрине, менде ондай сезім болған жоқ. Өйткені әр мемлекеттің өз саясаты, өз дәстүр-салты бар демекші, көпті көр-генмен, ішкі еркіндікті сезінбейтінсің. Қазақстан Тәуелсіздігін алған кездегі ондағы ағайындардың қуанғанын айтпаңыз. Мен сол еркіндікті іздеп келдім. 1994 жылы туған топыраққа аяқ басып, Отанымызға оралдық. Содан бергі 27 жылда қазағыммен, елімнің тарихымен бірге өсіп келе жатқанымды мақтаныш сезіммен айта аламын. Қазір тіпті Қытайда туғанымды ұмытып кеттім. Қайда барамын деймін, барамын. Еркін сөйлеймін, еркін пікірлесемін, емін-еркін өлеңімді айтамын. Маған бір адам тосқауыл қоя алмайды. Өйткені дербес тұлғамын. Бұл – сол еркіндіктің арқасы. Міне, соны әрқайсымыз түсіне білуіміз, сол еркіндікті қорғауымыз керек. Атамекен – сенің мәңгілік қайтар мекенің, айналып келер темірқазығың. Міне, сол тәуелсіздігімізге биыл отыз жыл толып отыр. Қай заманда да, қай уақытта да адамзат баласы үшін тәуелсіздіктен асқан құдіретті сезім болмаған.

– Иә, Отан алдындағы борыш, аза­маттық парыз, ол баршамызға қатыс­ты қасиетті міндет. Осы ойды жалқы түрде жалғастырсақ, өзіңізге өнер жолында қолдау танытқан, демеу болған жандар туралы айта кетсеңіз. Өзіңізді кімнің алдында борыштар сезінесіз?

– Ең алдымен, қазақ болып туғаным үшін халқыма қарыздармын. Одан кейін ата-анама. Бақытым шығар, өнерлі отбасында дүниеге келіп, тәрбиелендім. Әкем Мұхамед Әбдіқадырұлы музыкант, әрі композитор, ал анам 40 жыл сахнада ән салған Қытайдың бірінші дәрежелі әртісі, біздің өлшеммен халық әртісі болды. Қазақтың кім, қандай екенін, көбіне анам орындайтын халық әндерінің қасиетінен, сөзінен, нәрінен топшылап өстім. Бұл атамекенге деген арман, құштарлығым­ды күшейте түсті. Тағдырымда кезіккен, бау­­лыған ұстаздарыма қарыздармын. Әрине, өнер жолы ауыр да, қиын жол. Осында келген соң қалай өмір сүріп, өнерімді қалай жалғастырамын дегенде игі жақсы адамдарға кезіктім. Ал үл­кен байқауларға қатысу үшін қажымас қайрат, жігеріңмен қатар, қолдау да қажет. Бүгінгідей жетістіктерге жетіп, бірден-бір үлкен сахналарға шығуымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Сондықтан да, одан кейін кімге қарыздарсыз деп сұрасаңыз, Елбасына қарыздармын деп айтар едім. Мен бұл ойларымды осыдан бұрын әріптестеріңізге де сұхбаттарым барысында айтқанмын. Ұмытылмас күндерді еске де алғанмын. Иә, 1997 жылы Португалияға байқауға барып келген соң алғаш рет Елбасының алдында сахнаға шықтым. Зеректігі, талантты тани білетін қасиеті шығар, сол жолы мен туралы сұрастырып, жағдайымды біліпті. Жоғарыда айтып өттім ғой, ол кезде шетелден келген қазақтарға азаматтық алу өте қиын шаруа еді. Екі жыл ала алмай жүрген азаматтығымды, оған қоса пәтердің кілтін өз қолымен табыс етті. Бас­па­налы болуым бар күш-жігерімді өнер­ге арнап, жетістікке жетуге мүмкін­дік берді, яғни содан бастап жолым ашылды. Халықтың маған деген көңіл күйі, үміті, сенімі, берген ақ батасы рух, күш берді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев менің өнерімді қолдап, елге келген кезде барлық мүмкіндікті сыйлап, мені барынша бағалады. Берген концерттерімнен қалмай дәрежемді көтерді. Шетелге де жібертіп, әрқашан көмегін аямады. Сондықтан да өнерімді шынайы бағалаған Елбасына қарыздармын. 

– Шымкент қаласы тұрғындарының опера және балет өнеріне деген қы­зығушылығы қандай? Үшінші мегаполисте осы өнер саласының болашағын қалай елестетесіз?

– Шымкентке алғаш келгенде басқа республикаға келгендей болдым (күлді – автор). Мысалы Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында халық театрға жиі барады. Онда билет бағасы 15 мың теңгеден бас­тап 50 мың теңгеге дейінгі аралықта. Бірақ өнерсүйер қауым бұл бағаны ауыр­сынбайды. Билет бағасына қарамай қойылымдар аншлагпен өтіп жатады. Ал Шымкентте билет бағасын 500 теңгеден 5 мың теңгеге дейін белгілесек, «не деген қымбат» деп шоршып түседі. Біз көбіне сенбі, жексенбі күндері театрға емес, тойға баруды жөн көреміз. Біз отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаған халықпыз ғой (күлді – автор). Дегенмен халық бір күні бұдан да жалығады. Өзіне рухани азық іздей бастайды. Сол кезде шынайы өнерге деген сұраныс артады. Көрермендер театр­ға келіп, қойылымнан көкейінде жүр­ген сауалға нақты жауап алып, рухани ләззатқа бөленсе, бізге бұдан асқан бақыт жоқ.

Алла қаласа, Шымкентте зәулім опера және балет театры ашылады. Қала халқы театрға сыймай, кассада билет тау­сылып қалып, таласып-тармасып көреді деген сенімдемін. Біртіндеп бұл күнге де жетеміз. Мен өзіме мақсат қойдым. «Әр наурызда қазақ операсын қоямын» деп. Көктем шымылдығын қазақ операсымен ашсақ, залда ата-апаларымыз ұлттық киіммен отырып тыңдайды деген ойдамын. Шымкентте опера және балет өнері үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады. Себебі Оңтүстік – қазақтың қаймағы бұзылмаған өңір. Халық шынайы өнерді бағалай біледі. Шымкенттіктер меймандос, бауырмал, салт-дәстүрді сақтайды. Алғаш Шымкентке келгенде осыған көз жеткізіп, тәнті болдым. Халқы дәл Шымкенттей жылы. Жүзінен нұры төгіліп тұрады. Шымкент жылы ғана емес, жасыл орман ішіндегі шырайлы қала. Мұнда бақ дегендер өте көп екен. Бір Дендробақтың өзі неге тұрады?!

– Шымкент қаласы басшылығының өнерге деген көзқарасы қандай?

– Қөзқарастары өте жақсы. Қала әкі­мі Мұрат Әйтенов, бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ханзада Есенова – барлығы жастар. Үшеуі де осы Оңтүстік өңірінің тумалары. Олар өз елінің патриоттары. Өнерге деген ықыластары жоғары. Ұстанған бағыттары, тұжырымдамалары дұрыс бағытта. «Мәдениетті дамытамыз» деп игі бастамаларды жүзеге асырып жатқандары өте орынды. Оларды депутаттар, халық болып қолдап жіберсек, Шымкент талай қала, облыстың алдын орап кетеді.

Адамның бойында мәдениет болма­са басқа жағынан озып шығу мүмкін емес. Адам­затты мәдениет дамытады. Қо­ғам­ды алға мәдениетті азаматтар же­­те­лейді. Егер адамда мәдениет бол­маса басқа нәрсенің бәрі жайына қала­ды. Ішкі мәдениеті қалыптасқан, руха­ни бай азаматтар жамандыққа жол бер­мей­ді. Мәдениет болмаған жерде ізгілік жойы­­лып, ұрыс-керіс өршіп, соғыс өрті тұ­танады. Сондықтан да қала басшылығы Шымкентте мәдениетке ден қойып, қол­дан келген барлық жұмысты атқаруда.

Мен осы театрға директор болып кел­ген кезде мұнда көптеген мәселе бар еді. Оның біразын шештік. Әлі де атқарылар шаруа өте көп. Қазір менің директор болғаныма 10 ай болды. Көктемде «До­малақ ана» қойылымын қойдық. Өткенде «Қыз Жібек», енді «Қамар сұлуды» қоймақшымыз. Гастрольге де шығып жатырмыз. Театрды өрге сүйреу үшін алға қойған мақсатымыз өте көп. Менің бұл жұмыс ырғағыма театрдағы біраз кісі ілесе алмай, жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Себебі бұған дейін олардың арасында мемлекеттен жалақы алып, мұн­да уақытын көбіне босқа өткізіп үйре­ніп қалғандары бар екен. Қазір қоғам­да жалқауларға орын жоқ. Еңбек еткен адам­да ғана мүмкіндік бар. Әсіресе, бізде кадр жағынан мәселе көп. Өкінішке қарай, жалақы аз. Сол себепті де театрдағы кей қызметкерлер 2-3 жерде жұмыс істейді. Мен оларды түсінемін. Жалақы 50 мың теңгеден басталады. Мен директор ретінде 140 мың теңге аламын.

Театрға соңғы үлгідегі жаңа проек­тор алдық. Бұған дейін бұрын LED экран­ды қолданған екен. LED экран концертке жақсы болғанымен, қойылым қоюға ыңғайсыз. Қысқасы, театрда үлкен өзгерістер болып жатыр. Аз ақшамен үлкен тірліктерді атқаруға тырысудамыз. Мен осында біраз болсам деймін. Себебі мен кетсем театр құлап қалатындай көрінеді (күлді – автор). Яғни қолға алған жобалар орта жолда қалып кететін секілді. Сол себепті бастаған ісімді соңына дейін жеткізгім келеді. Театрдың алдына үлкен міндеттер қойылды. Бес жылдық жоспарымызды айқындап, қазіргі таңда жас кадрлар жинауға кірістік. Қала әкімдігі жаңа опера және балет театрын салып бермек. Оған дейін қанатымызды қа­тайтып, жаңа буын өкілдерімен репертуарымызды қайта жаңғыртудамыз. Бүгінде жан-жақтан жиналған мамандар өнердегі достығымызды құрметтеп келіп жатыр. Қаржылық қолдау қажет. Бекзат өнерді бағалап, оны көруге асығатын өз көрерменімізді қалыптастыру мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылуда. «Дома­лақ ана» операсы көптің көңілінен шықты деп айта аламын. Кезекті туындымыз қазақ операсының жауһарын жаңғырту арқылы көрерменге ұсынылды. Одан кейін қараша айындағы туындымыз «Қамар сұлу» болады.

– Өнер жолында биіктен көрінген таланттарға, әсіресе, жастардың елік­тей­тіні, тіпті жеке өмірін зерттеп-зер­де­леп жүретіні белгілі. Сізге ұқ­­сағысы келетіндер, сізден үлгі ала­тындар аз емес. Бүгінгі заман жас­та­рының сұранысын, өмірлік ба­ғы­тын, көзқарасын Сіз де жақсы біле­тін бо­лар­сыз. Өнерге, оның ішінде опе­ра­ға қы­зығатындар көп пе? Ізбасар шәкірт­теріңіз туралы айта кетсеңіз.

– Ұстаз шәкіртімен мақтанады ғой. Мен шәкірттерімнің көптігімен, жеткен жетістіктеріммен мақтанамын. Мы­салы, әлемге танылған Димаш Құдай­бер­ген менің шәкіртім екенін зор мақ­­танышпен айта аламын. Рысты Ра­хым­жан деген шәкіртім бар. Әйгерім Ораз деген қызым да бар. Біреуі Нұр-Сұлтанда, екіншісі Қарағандыда ән салып жүр. Осы Шымкенттегі опера және балет театрындағы жастардың бәрі менің шәкірттерім. Мен оларға бар білгенімді айтып, тәжірибеммен бөлісіп отырамын. Олар менің айтқан сөздерімнен қорытынды шығарып, бойларына қажеттіні сіңіре алса, ұстаз ретінде арманым жоқ болар еді.

Қазіргі жастар қандай керемет! Үш тілде емін-еркін сөйлейді, білімдері өте терең. Ылғи ізденісте жүреді. Жастарға қарап болашаққа деген сенімім артады.

– Ба­ла тәрбиесінде нені негізге аласыз?

– Ана ретінде, өнер иесі ретінде де бала­ тәрбиесі, отбасы құндылықтары тура­лы көп ой айтуға болады. Қызым тоғыз жас­та. Оған барынша еркіндік беремін. Оның мамандық таңдауына араласпаймын. Жүрегі қалаған мамандығын алса дей­мін. Бала – бала болып құмардан шық­­қанша ойнап, еркіндікте өсуі керек. Өз көз­қарасыңды таңып, қысым жа­сау дұ­­рыс емес. Қызыма кітапты наси­хат­таймын. Оған күнде кешкісін кі­тап оқып беремін. Кітап оқып беру арқы­лы баланың фанта­зиясын, өй-өрісін дамы­туға, дүниетанымын кеңейтуге болады. Осы арқылы баланың ойлау, армандау қабі­леті жетіледі. Әрине бала мектепте жү­ріп тәрбие алады ғой. Дегенмен ең үл­кен тәрбие бесігі – ата-ана­сы. Балаға тәр­биені сөзбен емес, іс-әре­кет­пен беру ке­рек. Ағылшындар «баланы емес, өзіңді тәр­биеле», деп айтады ғой. Сондықтан да ата-ана балаға үлгі болуы керек. Өзгені емес, өзімізді тәрбиелейік.