Әдебиет • 17 Қараша, 2021

«Бақбақ». Кавабатаның соңғы демі

467 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

1972 жылы сәуір айының жексенбі күні түстен кейін жапонның әдебиет аталымы бойынша тұңғыш Нобель лауреаты Ясунари Кавабата жалға алған көпқабатты үйде өзіне қол жұмсады. Бұл берісі Жапония әдебиеті, әрісі әлем әдебиеті үшін ауыр трагедия еді. Қайғылы оқиғадан соң бірнеше сағаттан кейін есіктен газдың иісін сезген қызметші әйел полицияға хабар береді. Әп-сәттегі ауыр қаза жапондық әдеби ортаны ғана емес, сонымен бірге бүкіл дүниені дүрліктірді.

«Бақбақ». Кавабатаның соңғы демі

 Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Тіпті оның өлімі туралы New York Times газеті бірін­ші бетінен орын бе­ріп, талантты жазушының бақилық бол­ғанын хабарлады. Жапонияның рухани күретамыры аталған Кавабата өмірімен қоштасарда ешқандай ескерту немесе түсініктеме қалдырмапты, бірақ арада қырық бес жыл өткен соң, оның соңғы және аяқталмаған романы «Бақбақ» оқырманға ұсынылды. Аталған роман Майкл Эммерихтің аудар­масымен New Directions басылымы арқылы ағыл­шынтілді әлемге таралды.

Жазғаны бірегей таланттың соңғы романын оқуға ынтыққан оқырман аз болмапты. «Бұл роман шынымен оқырманды елең еткізетін шығарма» дес­ті әдебиеттанушылар. Жазушы аяқ­­тал­маған романын жазып жүріп өз өмірін аяқтады. Сонда «Бақбақ» романы оның өліммен күресінің көрі­нісі болғаны ма? Романдағы бүкіл оқи­ға кейіпкердің ғашығы мен оның анасы­ның диалогы арқылы баяндалады. Анасы оны психикалық ауру деп есептейді және емдетуге мұқтаж. Ал ғашығы Куно оның психикалық ауру емес екеніне сенеді, сол үшін оған үйленсе ғана бұл қиындықты жеңеміз деп ойлайды. Осы шығарманы оқып отырып, Кавабата өзінің өмір мен өлім арасындағы жанжалдарын, ауыр сұрақтарын қағазға түсіріп отыр ма деген ойға батасыз. Ол екі кейіпкердің өз ойларымен, сондай-ақ бір-бірімен қақтығысып жатқан әрекеттерін керемет бейнелейді.

«Бақбақ» романының айтар ойы – «сомагнозия» деген аурудан зардап ше­гетін Инеко атты әйелдің өмірі, ол анда-санда заттарды, адамдарды мүл­де көрмей қалады. Талғампаз оқыр­ман оның кейіпкерінің бойындағы бұл құбылысты Оливер Сакстың «Әйе­лін қалпақ деп шатасқан адам» ат­ты туын­­дысындағы кей оқиғалармен са­лыс­­тырады. Дегенмен Кавабата­ның шы­­ғармасындағы эпизоттар тым ­ауы­ры­рақ.

Бұл романның атауы шығарманың бірінші сөйлемінен алынған. Жазушы кейіпкер арқылы Икута өзенінің жаға­сында гүл ашатын бақбақ туралы жиі айтады. Инеконың анасы мен оның жігіті Куно адамдар арасында тым си­­рек кездесетін аурудан, «сомаг­но­зия­­­дан», қазақшалап айтқанда, «дене со­­қыр­лығынан» зардап шеге бас­таған Инеконы құтқаруға кіріседі. Шы­ғар­мадағы негізгі өзек сомагно­зия нау­қа­сы жазушы тарапынан ойдан шы­ға­рыл­ғанымен, романды оқи келе өмір­де сондай ауру болуы мүмкін деген ше­шімге келесің. Науқастың басқа адам­ның де­несін мүлде көре алмайтыны жан­ға ба­тады. Бұл сырқатпен күресіп, оның қа­лай пайда болғанын білу үшін дәрігер де толғанады, ізденеді.

Шығарма Инеконың балалық шағы, ауруының басталуы және екі кейіп­кер­дің тағдыр туралы әртүрлі нанымдары сияқты көптеген тақырыпты да оқырман назарынан тыс қалдырмайды. Кейде олардың әңгімесін пейзаждағы оғаш құбылыстар бұзады, нендей құбы­лыстар дейсіз ғой, ақ түсті бақбақ, кішкентай шикіл сары баланың әре­кеті сияқтылар. Баяндаушының «... көк­темнің хабаршысы сияқты көрінбей­тін түрде гүлдеді» деген жалғыз сөй­лемі бақбақтың бүкіл тіршілігін көз алдымызға жайып салады.

Роман басқа мәселелермен қатар өлілер туралы жазу – өзіңізді қайтыс бол­ғандармен бірге сақтау деген қара­ма-қай­шылықты «көзқарасты» бізге ұсынады. Куно Инеконың анасына: «Мен бәлкім жас шығармын, бі­рақ мен көптеген адамның өлгенін көр­­дім, олардың арасында маған өте жа­­қын адамдар да болды» дейді. Әде­биет шынымен де қандай ой айт­қа­нын ұмытып, бірақ авторларын есте сақ­таған элегияларға толы. Бұл шығарма Кавабатаның өз өмірінің тра­гедиясын қағаз бетінде бізге түсін­діріп тұрғандай. Төрт жасында же­тім қалған Кавабата Осакадағы ата-әжесімен бірге тұрды. Әжесі жеті жасында, атасы он бес жасында қайтыс болды. Бір-ақ рет кездескен үлкен әпкесі он бір жасында бақилық болды, оның басқа бірде-бір туысы жоқ та еді. Кавабата 1968 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған кезде, ол жапон әдебиетіндегі меланхолия мен суицидтің таралуы туралы ұзақ сөйледі. Екі жылдан кейін оның жақын досы Юкио Мишима өзін өзі өлтірді. Осыдан екі жылдан кейін Кавабата өз өмірін қиды. Осы тұрмыстық трагедиялардың бәрі оның шығармашылығында қайталай көрініс тапты. Яғни жүрек не ойласа, қалам соны жазды. Кавабатаның өміріндегі бұл кездейсоқтықтар оның өзі жазған сомагнозия ауруының бір түрі сияқты. Бір сөзбен айтқанда, өзіңіздің, жақын адамыңыздың өмірдің бір бөлігін көр­меуге тырысу һәм қандай да бір ауыр соққыдан туындайтын соқырлық.

«Бақбақта» Куно мен Инеконың ана­сы Инеконың ауруының ықти­мал көз­деріне зерттеу жүргізу керек пе, жоқ па деген сұрақтар төңірегінде ойла­нады. Инеконың анасы қызының кіш­кентай кезінде әкесі өзіне қол жұм­­сау үшін тауға кеткенін, сол уақыт­­тың маңыздылығы туралы айта­ды. Ол көп ұзамай қайтып оралып, әйелі мен қызына оны бір жас қыз­дың құт­қарғанын баяндайды, бірақ Ине­ко­ның анасы күйеуінің бұл сөзіне сенбейді, арада бірнеше ай өткен соң, Инеко әке­сімен бірге атқа мініп бара жатқанда, оның жартастан құлап бара жатқанын көреді. Кейіпкердің анасы Кунодан бұл оқиғаның Инеконың сомагнозия­сына түрткі болуы мүмкін бе деп сұрайды, өйткені бұл қайғылы оқиға қазір қайталануда дегенді жеткізеді. Бірақ Куно бұнымен келіспейді, себебі Инеконың анасы мен әкесі алғаш кездескен сәттен бастап Жапонияның Екін­ші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшырауына дейінгі аралықтағы кез келген себептерді мысал етуге болады, сол үшін бұл оқиғалар тізбегімен мәлім бір адамның тағдырын анықтауға тырысу қауіпті деп қарсы келеді.

Романдағы қайшылықты бір нәрсе фантастикалық ауру туралы роман жа­зу тек сол ауруды оқырман үшін қол­же­­тімсіз етіп көрсету үшін ғана деген тұ­­жырым шығады. Зер салып қара­сақ, Куно мен Инеконың анасының ара­сын­­дағы пікірталас біздің өлімнен, әсі­­ресе өзіне қол жұмсаудан себеп та­бу­­ға мәжбүрлі екенімізді көрсетеді. Ка­вабата өз өмірін қиғаннан кейін, Йоси­ми Усуйдің «Оқиға туралы есеп» деп ата­латын кішкентай кітабына оқыр­ман­ның назары бірден ауды, ол кітап­та Ка­ва­батаның өзіне қол жұмсау се­бебі ре­тінде жазушының жас үй қызмет­ші­сіне деген жеккөрінішті сезімін дәйек етеді.

Кавабата «Бақбақты» жазу барысында өмірінде кездескен оқиғалардың тізбегін жасап, жиі ойланған сияқты. Өйткені оның бұл шығармасында­ғы әрбір кейіпкер әйтеуір бір нәрсеге соқыр­лық танытады. Мүмкін жазушы осы шығармасы арқылы Жапониядағы адамдардың арасындағы алшақтықты айтқысы келген де шығар. Икута кли­ни­ка­сында дәрігерлер науқастарға арналған біртүрлі рәсімін жасайды, ондағы науқастарға күн сайын қала ғибадатханасында қоңырау соғуға рұқ­сат етіледі. Дәрігерлер мұның әлі күн­ге дейін анықталмаған емдік мәні бар екенін айтады әрі ерекше наным­ды алға тартады, ал емханадағы кей­бір жас дәрігерлер қоңыраудың ды­бы­сынан ғана қоңырау туралы бір­деңені түсінуге болады деп ойлай­ды. Инеконың анасы мен Куно үшін қоңы­раудың бірінші сыңғыры «қат­ты, бірақ тыныштықты бұзған» күй­де болады. Біздің білуімізше, ғибадатха­надағы қоңыраудың дыбысы оны соқ­қан науқастың эмоциясын, әсе­рін, өмірге көзқарасын, үміті мен жіге­рін айтады. Ғибадатханада бір ғана қоңы­рау ілулі тұр, бірақ оны әр рет соқ­қан сайын әртүрлі дыбыс шығады. Бірақ қоңы­раудан шыққан дыбыс тыңдаушыға байланысты болады.

Қоңырау соғу жапон тарихы үшін күш-қуатты қалыптастыру рәсімі болуы мүмкін. Ал ауру адамдардың қо­ңы­­­рау соққанын елестетіп көріңізші. Одан шыққан дыбыстар қалай болмақ? Белгілі деңгейде сырқат адамдардың қоңырауды соққанда шыққан дыбыс­тар мінсіз естілетін де шығар, бірақ оқырман ретінде сіз қоңырауды кім және қалай соғып жатқанын ешқашан біле алмайсыз. Ақырында, Инеконың анасы мен Куно қаланы кезіп жүргенде, олар Инеконың науқасының басты себебін тұрақтандырғандай болады. Оның әкесі Кизаки Маясукидің кенеттен және кездейсоқ қайтыс болуы, оның Екінші дүниежүзілік со­ғыс кезін­дегі офицерлікке алынуы, Жа­пония же­ңі­ліске ұшырағанда қатты алаң­дауы, өз өмірін қию үшін тауға қашуы кейіп­кер қыздың кездейсоқ сыр­қатына себеп болған деген ой тұжы­рымдамасы шығады.

Мен бұл шығарманы бірдеңе оқы­ғысы келетін адамдарға оқуды ұсы­намын. Бұл шығарманы оқу – ұқсас бір күн ішінде екі адам арасындағы жалғасып келе жатқан бітпес әңгімені тыңдаумен бірдей. Сонымен бірге бұл романның өзге шығармалардан айырмашылығы – Кавабата шынайы әңгіменің қандай болатынын оқыр­манға жақсы түсіндіріп береді. Кейіп­керлер әртүрлі қорытындыға келе отырып, ұқсас бір тақырыпты қайталайды және шешім шығарады. Адам өмірінің ең соңында ғана өмір кіршіксіз қалыпта елестеуі мүмкін.

Психиатриялық ауруханадан шы­ғып бара жатып, Инеконың анасы жылап тұрған ағашты байқайды да: «Ағаштың діңінде жарақаттар бар... Жарылған қа­бық мүк басқан кәрі тасбақа­ның сауытындай қатты болып кет­кен. Бұл ағашты кесу үшін үлкен күш пен табандылық керек. Тіпті ағаш бетіне кей ессіздер өз есімдерін ойып жазып кеткендей көрінеді», деп шер төгеді. Оның бұл сөзіне Куно: «Кейде адамдар сол жерде болғанын дәлелдеу үшін мүмкіндігінше із қалдырғысы келеді», деп жауап береді. Романда жылап тұрған ағаш бірнеше беттен кейін қайтадан назарға ілігеді, Куно Инеконың анасы ағашты неліктен әу баста айтқанын түсінген күй кешеді де: «Ағаш – Инеко, солай емес пе? Сол үшін сізге жылап тұрғандай көрінген болар» дейді. Бәлкім, бұл роман Инеко сияқ­ты өмірдің әртүрлі қиыншылықта­рын бастан өткізген адамдардың «Мен осындамын, Мен де тірімін» деген үнін жеткізуге көмектесер. Тіпті Ясунари Кавабатаның өзі жылап тұрған ағашқа айналған шығар.