«Әлемде шикізаттың және көлікпен тасымалдау бағасы өсуінің жалғасуы жаһанда инфляциялық қысымды сақтап отырғанын да атап өткен жөн. Биылғы қазанда өсімдік майы, бидай өнімдері мен сүт өнімдері қымбаттауы есебінен ФАО азық-түлік бағаларының индексі 3 пайызға өсіп, 133,2 тармаққа жетті. Металдар шамамен 1,5 есе қымбаттады. Контейнерлер жетіспеуінен құрғақ жүкті тасымалдау құны (Baltic Dry Index) 2020 жылғы мамырдан бастап 7 есе өсті. Нәтижесінде өндірушілер өнімінің өзіндік құнының өсуі тұтыну бағаларына ауысады», деді «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы туарлы баяндаған Ерболат Досаев.
Оның атап өтуінше, аталған сыртқы факторлар Қазақстанда да аталған салаға тиісті өнімдер бағасының өсуіне әкеледі. Сондай-ақ, бұл факторлар елдегі инфлияцияның өсуіне ішкі фактормен тең дәрежеде әсер етеді.
«Биылғы 2-жартыжылдықтан бастап Қазақстанда инфляция тұтынушылық белсенділіктің тез қалпына келуі, экономиканы фискалдық ынталандырудың жалғасуы және жекелеген тауар нарықтарындағы дисбаланстар нәтижесінде өсті», деді Ұлттық банк төрағасы.