Бәріне «кінәлі» – жаһандық жылыну мен елде биылғы наурызда өткен сайлау. Климаттың өзгеруі түсінікті. Қазіргі таңда шартараптың жылынуы салдарынан теңіз деңгейі көтеріліп келеді. Арктика мен Антарктида секілді мәңгілік мұз жабындары шетінен еріп, мүжілген үстіне мүжіле бастады. Бұл өз кезегінде мұхиттағы судың деңгейін көтереді. Осылайша, Нидерланд секілді теңіз деңгейінен сәл ғана биікте жатқан елдер климаттың өзгеруінің зардабын қатты тартпақ.
Жаһандық жылынуға өндірістен, көліктерден бөлінетін көмірқышқыл газдарынан бөлек, жан-жануарлар да үлкен әсер етеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару кезінде ауаға таралатын метан газы өте зиян. Әсіресе сиыр, тауық секілді үй жануарларының парникті газдардың көбеюіне тікелей ықпалы бар.
Қазіргі таңда әлемде ауаға таралатын зиянды газдардың 14,5 пайызы осы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі екен. Соның үштен екі бөлігі ірі қараға қатысты. Сондықтан 2050 жылға қарай парникті газдар көлемін нөлге түсіруге талпынған Еуропалық одақ елдері ауыл шаруашылығы саласын жаңартуға ерекше мән беруге тиіс. Осы орайда аталған салада өнім шығарудан алдыңғы орында тұрған Нидерланд үшін мыңғырған малдың пайдасынан, келтіретін зардабы көп болып тұр. Бұл – бірінші мәселе.
Екіншіден, елде ауыл шаруашылығы өндірісіне қатысты дау туындауына биылғы наурыздағы сайлау да әсер етті. Естеріңізде болса, дауыс беру нәтижесі бойынша «Азаттық пен демократия үшін» халықтық партиясы жеңіске жетіп, 21,87 пайыз қолдауды иеленген еді. Democrats 66 партиясы 15,02 пайызбен екінші орынға тұрақтады.
Ешқандай партия сайлауда анық басымдыққа ие болған жоқ. Сондықтан олар министрлер кабинетін жасақтау үшін коалиция құруы қажет болатын. Бірақ партиялар өзара мәмілеге келе алмай жатқанына 8 айға жуықтады. Өйткені кей мәселелерде ортақ ұстанымға келу Нидерланд саясаткерлеріне қиынға соққан еді.
Енді «жығылғанға жұдырық» демекші, көптеген пікірталасқа ауыл шаруашылығынан бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту мәселесі келіп қосылды. Яғни елдегі саясаткерлер мал санын азайту керек пе, жоқ па – соны біле алмай дал.
Ауыл шаруашылығына қатысты пікірталастың қызу жүруі бекер емес. 2019 жылы Еуропалық сот Нидерландтағы азот шығарылымын қадағалау жүйесі тиімді емес деген шешім шығарды. Осыған байланысты елдің Жоғарғы соты азотты көп мөлшерде қажет ететін құрылыс жобалары мен ауылшаруашылық қызметіне рұқсат берген заңдар Еуропалық одақтың заңнамасын бұзады деп мәлімдеді.
Содан бері ел үкіметі мен ауыл шаруашылығы саласы шығарылым көлемін азайту жолдарын іздестіріп жатыр. Оны елдегі сот жүйесі бақылауға алған. Сондай-ақ Еуропалық одақ та қатаң бақылауда ұстап отыр. Алда-жалда Нидерланд билігі ережелерді орындамаса, қарт құрлықтың ұйымы оған араласпақ.
Жоспар бойынша Нидерланд 2035 жылға қарай азот шығарылымын шамамен 70 пайызға азайтуы керек. Бұған қол жеткізу өте қиын шаруа. Кей сарапшының айтуынша, елдегі жалпы мал басын екі есе қысқартуға тура келуі мүмкін.
Жыл басында үкімет жануарлардың санын азайту мақсатында «сатып алу схемасына» өз еркімен өтініш бере алатын жоспар ұсынған. Бірақ нәтиже күткендегідей болған жоқ. Жоспарға сәйкес 430 шаруашылық осы санатқа сай келуге тиіс-тұғын. Бірақ 278 ферма ғана оған сай келді.
Айта кетерлігі, мұндай мәселеге тап келіп отырған Нидерланд қана емес. Жыл басында Бельгияның Жоғарғы сот судьясы құс фабрикасының бірінде азот шығарылымы рұқсат етілген шектен асып кеткені жөнінде шешім шығарған соң, аталған шаруашылық жабылып тынды. Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы уақытта Дания мен Германия секілді елдер де осындай мәселемен бетпе-бет келеді.
Нидерландтың бас ауыртқан мәселесін көргенде, елдегі ахуал еске түседі. Қазақстанда қазіргі таңда шамамен 7,8 миллион ірі қара, 20 миллион қой-ешкі, 3,1 миллион жылқы, 816 мың шошқа, 43,3 миллион құс, 227 мың түйе бар. Былай қарасаңыз, елдегі мал басының саны алақандай Нидерландтан көп болмаса, аз емес. Бірақ ауыл шаруашылығы өнімін шығару жөнінен әлдеқайда төмен. Мәселен, Нидерланд жылына 79 милилард доллардың ауылшаруашылық тауарын шетелге жібереді. Біздің елде 3 миллиардтың о жақ, бұ жағы. Қорыта айтқанда, кейбір шетелдер мыңғырған малын азайта алмай әлек, ал біз оның пайдасын көре алмай жүрміз.