Біз оларды қалай дайындап жатырмыз?
Иә, медицинада науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін орта буын қызметкерлер екені белгілі. Өйткені, емдеуші дәрігер емінің дұрыс нәтиже беруі – медбике көрсеткен ем-домның қаншалықты қалтқысыз орындалуына тікелей байланысты. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі дәрігерлер саны 63 881-ге, ал орта буын медицина қызметкерлер 151 178-ге жеткен. Демек, 151 178 орта буын маман халықтың денсаулығын нығайтып, әрі тиімді медициналық көмек беруде бағалы ресурс болып отыр. Оның үстіне бүгінгі күні еңбек нарығы сауатты, бәсекеге қабілетті мамандарды қажет ететіндіктен, бұл мамандыққа деген көзқарасты да өзгертуіміз керек. Өкінішке қарай, бізде медбике жұмысы мен міндеттері, білім деңгейі туралы стандарттар жетілдірілмеген. Соған байланысты тәуелсіз сараптамаға арналған критерийлер де жоқ. Медбикелік кадрларды жоспарлау және болжау ісі шешімін таппаған. Еліміздегі сексен жылға жуық тарихы бар бірден-бір қара шаңырақ – Орта медициналық және фармацевтік қызметкерлерді даярлау және қайта даярлау жөніндегі республикалық колледждің директоры, білікті ұйымдастырушы, медицина ғылымдарының докторы Сұлтан СЕЙДУМАНОВПЕН әңгімеміз осы өзекті мәселелер төңірегінде өрбіді. – Сұлтан Тұрарұлы, алдымен әңгімемізді еліміздегі 68 медколледждің қаншасы мемлекеттік, қаншасы жекеменшік, оларға кім лицензия береді, кімдер тексеруге құқылы деген анықтамалық сауалдан бастасақ... – Қазақстанда бүгінде ресми тіркелген 68 медколледж бар десек, тіркелмей жұмыс жасап жатқандары да кездеседі. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында медколледждердің ашылғанын естіп-біліп жатырмыз. – Сонда қалай, лицензия алмай, ресми түрде тіркелмей жұмыс жасай беруге бола ма? – Олар Білім және ғылым министрлігіне бағынатын жергілікті органдардан лицензия алып, Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық статистикасына тіркелмей қалуы мүмкін. Сондықтан олардың саны 70-тен асып отыр. Жалпы, тіркелген 68 колледждің 40-ы жекеменшік, 25-і мемлекеттік, 3-уі медуниверситеттер жанынан ашылғандар. Әрине, жекеменшік оқу орындарының көп болғаны, бір жағынан бәсекелестік орта туғызады, ол жақсы. Ал медицина саласында олардың көбейіп кетуіне сақтықпен қараған жөн. Өйткені, басқа оқу орындарымен салыстырғанда, ерекшеліктері өте көп. Егер гуманитарлық жекеменшік колледжін ашатын болсаңыз, оған аудитория, құжат, қағаз, қалам, оқу құралдары керек. Ал медицинада тек қағаз-қаламмен студентті оқыта алмайсыз. Үш жыл оқытып, маман етіп шығару үшін қажетті материалдық-техникалық база қажет. Өйткені, студент бірінші күннен науқаспен жұмыс істейді, операцияға қатысады, ине салады, т.б. Ол үшін манекен, симулятор, муляждер арқылы ине салуды, әйелдерді босандыруды, жарақат таңуды, т.б. үйретеміз. Демек, мұндай құралдарсыз оқыту мүмкін емес, олар әр колледжде міндетті түрде болуы тиіс. Ал біздегі ашылып жатқан жекеменшік оқу орындарының материалдық базасы осы талаптарға сай емес. Тек құрал-жабдықтар емес, оқытатын кадрлар да шешімін таппаған. – Мұндай жағдайда тексеруге кім құқылы? – Денсаулық сақтау министрлігі аттестация кезінде бес жылда бір рет мемлекеттік комиссия құрып, тексеруге құқылы. Ал кезексіз, ағымдағы тексеруді жасай алмайды. Оны тек Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік бақылау департаменті тексере алады. Сондықтан да алқа мәжілісінде ведомство басшысының екі министрлік бірлесіп, биылғы жылы барлық медколледжге жоспарлы тексеруді аяқтап, стандарттар мен талаптарға сай келмейтіндеріне қатаң шара қолдануды ұсынып отырғаны содан. Осындай жағдайларды ескеріп, еліміздегі медицина саласындағы орта буын мамандар даярлайтын колледждер бірігіп, проблемаларды өз тарапымыздан шешіп, жұмысты үйлестіру мақсатында Қазақстан медицина колледждерінің одағын құрдық. Оған жекеменшігі, мемлекеттігі бар 51 колледж мүше. Одақ алдына бірнеше мақсат қойды. Біріншіден, бітіруші түлектердің білім деңгейі мен сапасының бірдей болуын қамтамасыз ету. Өйткені, бүгінде әр колледждің материалдық базасы, кадрмен қамтылуы әркелкі. Бірақ, диплом бірдей. Оның үстіне, қазір орта буын қызметкерлерін жұмысқа қабылдарда бас дәрігер жекеменшік оқу орындарын бітіргендерді жұмысқа алмай жатады. Бұл заңға қайшы. Міне, осындай әңгімелер көбейіп кеткен соң, колледждердің білім беру сапасына сараптама жасау мақсатында әр мамандықтың кәсіптік стандартын жасап, Одақ жанынан 7 мамандық бойынша 6 оқу-әдістемелік бірлестік құрдық. Екінші мақсаты – оқу орындарының жалпы деңгейін анықтау. Мәселен, біздер 80 жылдық тарихы бар, көшбасшы оқу орны болсақ та, өзіміздің қай деңгейде отырғанымызды білмейміз. Сол үшін мамандық, материалдық-техникалық, кадр бойынша индикатор белгіледік. 2012 жылдан «Медбике ісі жөнінде ақпараттық хабаршы» атты журнал шығарамыз. – Бүгінде елімізде 63 881 дәрігер болса, орта буын медицина қызметкерлерінің саны 151 178, яғни екі есе көп. Бұл жеткілікті ме? – Тек Қазақстан емес, бұрынғы Кеңестер Одағында бір дәрігерге екі медбикеден келетін. Ал шетелде ол 3, 4, 7-ге дейін барады. Ол нені білдіреді? Жалпы, медициналық көмек көрсетуді көп функцияны медбикенің өзі-ақ атқара алады. Ал бізде көпшілігін дәрігерлерге жүктеп қойғанбыз. Ал дәрігер дегеніміз кім? Ол – жоғары дәрежелі кәсіби маман. Ол қағазбастылықтан гөрі науқасқа көбірек көңіл бөлуі тиіс. Демек, олардың біраз міндетін неге медбикеге жүктемеске?! Бұл мәселе «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына да енгізілген. Бүгінде еліміздің емдеу мекемелерінде 44-тен аса дәрігерлік функция медбикелерге берілді. Дәрігердің жұмысын медбикеге жүктеу, әсіресе, ауылдық жерлерге аса қажет. Өйткені, ауылдарда маман-дәрігер жетіспейді. Сондықтан медбике, фельдшерлерге заңды түрде емдеуге мүмкіндік беру керек. Ауызша міндет арта алмайсың, оның артында жауапкершілік тұр. Бірақ, бұл мәселенің екінші жағы бар. Егер медбике, фельдшерге ондай жауапкершілік жүктелген жағдайда, бұл саланы жақсы білуі шарт. Ол үшін жүктелген жұмысты колледжде оқыту стандартына енгізіп, оқытып, білімін жетілдіруге тиіспіз. – Бүгінде медицина күн санап қарыштап даму үстінде. Осы ретте орта буын медицина мамандарын даярлау мен біліктілігін арттыруда, сол талаптар үдесінен шығуда қаншалықты мүмкіндік жасалып отыр? Жаңарған, заман талабына сай білім беру қаншалықты ұйымдастырылған? – Ұжымның жаңашылдыққа ұмтылысы, қоғамдағы медбикенің рөлі мен мәртебесін өзгерту қажеттілігін түсінуі, мамандар даярлауда жаңа бағдарламаларға көшуі медициналық училищеге 1996 жылы Орта медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді даярлау және қайта даярлау жөніндегі колледж мәртебесін алуын қамтамасыз етті. Бүгінде колледж осы міндеттеріне сәйкес мемлекеттік стандарттар бойынша жұмыс атқаруда. Қазір медколледжде орта медициналық және фармацевтикалық білім беруде 7 мамандықта 2 мыңға жуық студент оқиды, 3 мыңға жуық медицина қызметкерлері жыл сайын біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Оларды оқыту мен қайта даярлау бойынша екі жүзден аса тәжірибелі оқытушылар, оның ішінде жоғары және бірінші санаттағы мамандар, ғылым кандидаттары мен докторлары еңбек етеді. Рас, бүгінгі таңда орта буын мамандарының рөлі, қызметі және қызметін ұйымдастыру формалары денсаулық сақтау саласы алдында тұрған жаңа міндеттерге сәйкес өзгеріп жатыр. Осының бәрі колледждің педагогикалық ұжымынан оқу-бағдарламалық құжаттарды қайта қарауды, кабинеттер мен лабораторияларды заманауи медициналық жабдықтармен, жаттығу құрылғыларымен, манекендермен қамтамасыз етуді, яғни оқытуды практикалық жұмыспен ұштастыра жүргізуді талап етеді. Колледждің педагогикалық ұжымы алдында сауатты кадрлар даярлауды жетілдіру, шешу жолдарының бірі – оқыту-тәрбиелеу ісін ақпараттандыру, білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу болып табылады. Осы мақсатта 2010 жылы ақпараттық технологиялар орталығы және кәсіби практика бойынша білім беру қызметінің сапа мониторингі орталығы құрылды. 2011 жылы қазіргі заманғы автоматтандырылған ақпараттық жүйе (ААЖ) енгізілді. ААЖ колледждің барлық құрылымдық бөлімшелерінің қызметін біріктіреді, ақпарат алмасуға, білім берудің тиімділігін арттыруға себін тигізеді, студент, бітіруші, оқытушылардың білімі, іскерлігі және дағдылары бойынша сапа мониторингін өткізуге мүмкіндік туғызады. – Сұлтан Тұрарұлы, бүгінде елімізде осы саладағы бірегей білім мекемесі болғандықтан басқа оқу орындарынан қандай ерекшеліктеріңіз бен мүмкіндіктеріңіз бар? – 2012 жылы колледжіміз аттестаттаудан жаман өтпеген сияқты. Оқу ғимаратының сыртын ғана емес, материалдық базасын да жақсарттық. Мәселен, былтыр жалпы медицина мамандарын даярлайтын кез келген оқу орындарына таптырмайтын заманауи ересектер мен балаларға арналған электронды манекен сатып алдық. Мұндай симулятор тіпті дәрігерлік университеттерде жоқтың қасы. Оларды бұрынғы манекенмен салыстырғанда, мүмкіндігі өте жоғары, барлығы компьютерленген. Мысалы, симуляторға кез келген аурудың бағдарламасын енгізсеңіз, студент сол диагнозды тауып көрсетуі тиіс. Ем дұрыс қолданылып жатыр ма, жоқ па, оны да симулятор өзі анықтайды. – Симуляторға қалай қол жеткіздіңіздер? – Оны бюджеттен тыс қаржымызға сатып алдық. Біреуі 27 млн. теңге тұрады. Биыл тағы да акушерлік симулятор алсақ па дейміз. Артықшылығы – студентті бірден науқасты емдеуге жібермей, алдымен симуляторға тәжірибе жасатып үйретеміз. Емтихан кезінде студенттің теориялық білімін тест арқылы бағамдасақ, практикалық білімін сапа мониторингі орталығында тексереміз. Сабақты сіз бересіз, емтиханды басқа мұғалім қабылдайды. Ол өз арамыздан, болмаса сырттан шақырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда студенттің қандай білім алғанымен бірге, ұстаздың да еңбегі бағаланады. Екіншіден, курсанттар да сынақты осы орталықта тапсырады. Үшіншіден, студент сабаққа қатыспаған жағдайда орталықтан жолдама алып, қайта тапсырады. Төртіншіден, емтихан «стандартталған пациент» әдісімен тапсырылады. Яғни, студент «пациентпен» жеке қалып, комиссия сырттан бейнекамера арқылы бақылап отырады. Тағы бір ерекшелігі – колледжде көздері нашар көретін зағип студенттер де білім алады. Қазақстанда мұндай арнайы бөлім еш жерде жоқ. Жыл сайын 16 бала қабылдаймыз. Мамандықтары – массаж жасаушы. Екі жыл оқиды. Биыл үшінші түлегіміз бітіргелі отыр. Барлық компьютер, қажетті құралдарды бюджеттен тыс қаражатқа сатып алдық. Әрине, Қазақстан бойынша бір топ аз. Талапкерлер санын арттыруға жатақхананың жоқтығы қолбайлау. Өйткені, олардың қасында міндетті түрде ертіп жүретін жақындары болады. Қазақстан мен Ауғанстан үкіметтері арасында «Білім саласындағы ынтымақтастық туралы» келісімге сәйкес сол мемлекеттен келген студенттерді даярлау іске асырылуда. Сондай-ақ, күні кеше Оңтүстік Кореядан келген әріптестерімізбен мамандарды даярлау мен қайта даярлау бойынша меморандумға қол қойдық. – Мамандардың біліктілігін арттырып, қайта даярлауда колледж үлкен жұмыс атқаруда екен. Айтыңызшы, қайта даярлау ісімен жекеменшік оқу орындарының оқытуға құқы бар ма? – Онымен лицензиясы бар кез келген оқу орнының айналысуға құқығы бар. Бірақ, оқытушы кадрлар жетіспесе, материалдық базасы бүгінгі стандартқа сай келмесе, ондай оқу орнына қалайда тосқауыл қою керек. Өйткені, қазіргі кезде мамандарды қайта даярлауға сұраныс өте жоғары. Оның үстіне бүгінде денсаулық сақтау саласында аттестациядан өтудің жаңа жүйесі енгізілген. Бұрын қалай еді: бес жылда бір рет аттестацияның уақыты жақындағанда кез келген колледжден «оқыды» деген сертификат алып, өткізе салатын. Қазір жинақтау жүйесімен бес жылда міндетті түрде 216 сағат көлеміндегі циклдар оқиды. Қосымша конференция, семинарларға қатысып, газет-журналда мақала жариялайсыз. – Қайта даярлау тегін оқытыла ма? – Тегін де, ақылы да. 2013 жылы министрліктен колледжге 1906 квота бөлінді. – Сонда ақылы бір курсыңыз қанша тұрады? – Ол сағатқа байланысты. Сағатты министрлікпен келісіп белгілейміз. Екі апталық оқу – 22 995 теңге. Бір ескеретін жайт, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша әр емделген науқастың артынан ақша бөлінетіні белгілі. Соның ішінде мамандардың білімін жетілдіруге арналған қаржы қарастырылған. Яғни, маманға тегін, ал мекеме бізбен келісімшартқа отырып, білім жетілдіруі тиіс азаматтарына ақшасын аударады. Демек, мамандарды оқыту бас дәрігердің қолында. Оны Америкаға жіберіп, болмаса шетелден маман шақыртып оқыта ма, өз еркінде. Бұл жерде курсанттарға оқу орындарын таңдау түсетіндіктен медколледждер арасында бәсекелестік туындап отыр. Ол үшін біздер біліктілікті арттыру мен қайта даярлап оқытудың сапасын көтеріп, материалдық базамызды нығайтып, оқу бағдарламаларын, оқыту-әдістемелерін жоғары бәсекелестік деңгейге көтеруге тырысамыз. – Орта буын мамандарын дайындап отырған оқу орнының басшысы, ұйымдастырушысы, әрі ғалым ретінде медбике мәртебесін көтеруге қатысты ойыңызды білгіміз келеді... – Медбикеге деген біржақты көзқарас Кеңес Одағынан бері қалыптасқанын жоғарыда айттым. Орта буын деген атынан-ақ олардың орнын белгілеп қойған. Ол дұрыс емес. Шетелде медбике – өзінің ғылыми дәрежесі бар, доктор, профессор атана алатын, өсу жолы айқындалған мамандық иесі. Ал бізде ғылыми да, карьералық та өсу жоқ. Қанша білімді, білікті болсаң да мықтағанда бас медбике боласың. Соңғы жылдары медициналық ЖОО-ларда медбике ісі факультеті ашылып, жоғары білімді медбикелер даярланып, диплом алғанмен, жұмысқа орналастыру тетігі нақты қарастырылмаған. Орта буын мамандар тек медбикелер ғана емес, гигиенис, эпидемиолог, стоматолог, акушерлер де бар. Бұған фельдшерлерді қосыңыз. Ол университетке түссе, фельдшер емес, дәрігер болып шығады. Неге фельдшерлік жолмен өспеске? Бізге осы туралы да ойлану керек. 151 мың орта буын маманның 118 мыңы медбике, 20-22 мыңы жоғарыда дәйекке келтірген мамандықтардан. Сондықтан жалпы жүйені заманға сай қайтадан қарастыру керек. Бізге өткенде Амстердам медициналық орталығының директоры келді. Мамандығы – медбике. Ал бізде медбикеге екінші «сорттағы» маман деп, мұрын шүйіре қарайды. Тек дәрігердің «барып кел, шауып келі», одан басқаны талап етпейтін орындаушысы деп түсінеді. Біле білсеңіз, медбике медицинадағы ең ауыр жұмысты атқаратынын естен шығармағанымыз ләзім. Олар уақытының 70 пайызын науқастың қасында өткізеді. Әрі оларға емдеумен қоса, күту міндеттері де жүктелген. Сондықтан бұл мамандыққа деген көзқарасты, оқытушылардың да психологиясын, сайып келгенде, жалпы жүйені өзгерту керек. Ол үшін осы бағыттағы стратегия, тұжырымдама жасап, оны іске асырсақ, ұтылмас едік.– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».