Тәуелсіздік • 22 Қараша, 2021

Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам

1033 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңын қабылдады.

Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам

Биыл біз басты ұлттық мерекенің, Тәуелсіздік күнінің, егемен мемлекеттің құрылуының, халықаралық құқық пен халықаралық қатынастардың қадірлі субъектісінің 30 жылдығын атап өтеміз. Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында халықаралық аренада абыройлы, өркендеген, дамушы елге айналды. Бұл Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да зор еңбегі.

«Тарихы ерен, тамыры терең Қазақстан үшін бұдан артық құндылық жоқ. Бұл біздің ең қымбат қазынамыз, ең асыл мұратымыз. Сондықтан біз ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздігімізді бағалай білеміз. Егемендік - бұл әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес игілік. Тәуелсіздігіміздің шежіресі Тұңғыш Президент - Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты», деді Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәуелсіз мемлекеттің дамуы, мемлекеттік басқару жүйесінің қызметі, экономиканы және азаматтық қоғам институттарын дамыту, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа құқықтық негіз қалыптастырылды. Құқықтық саясаттың негізгі қорытындылары ұлттық заңнаманың негізгі салаларын елеулі түрде жаңартуы болды. Басқа елдерде этносаралық және конфессияаралық негізде сілкіністер болып жатқанда Қазақстан өз халқы үшін ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, халықтар арасындағы достықты және олардың дамуын нығайтты. Реформалар жүргізу үшін қажетті заңнамалық база құрылды, құқықтық мемлекет құру және құқық үстемдігін орнату жөніндегі конституциялық қағидаттар белгіленді. Бұл ретте, қазақстандық құқықтық жүйе үздік халықаралық стандарттарға, қоғамдық даму қажеттіліктеріне бағдарлана отырып, дәйекті дамып келеді, өзекті жаһандық міндеттерге бейімделеді.

1995 жылы мемлекеттіліктің саяси, экономикалық, мәдени және құқықтық негіздерін бекіткен Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Конституция мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізіне айналды. Ата Заңға сәйкес тиімді демократиялық институттар - президенттік басқару нысаны, қос палаталы Парламент, есеп беретін Үкімет, тәуелсіз сот жүйесі және белсенді азаматтық қоғам қалыптасты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бастамаларының арқасында еліміз халықаралық ядролық қарусыздану қозғалысының көшбасшысы болып, жоғары халықаралық беделге ие болды.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан көптеген беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі болды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысты «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын іске асыруға, «әділ қоғам мен тиімді мемлекет» қалыптастыру, мемлекет пен азаматтық қоғамның тығыз өзара іс-қимылына, құқықтық саясат пен құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру бағытына бағыттауда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады. «Мерейтой экономикалық және саяси реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, экологиялық және басқа да проблемаларды шешу белгісімен өтуде. Мемлекет басшысы әңгіме, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған тиімді реформалар туралы болып отырғанын атап өтті. Бүгінгідері Адам құқықтары туралы конституциялық нормаларды іс жүзінде іске асыру, заңдар мен заңға тәуелді актілердің Конституцияға сәйкес келуі, ал оған пәрменді конституциялық бақылау жүзеге асырылуы үшін толыққанды және тиімді заң жобалау жұмысы маңызды болып табылады. Міне, осы бағытта үлкен жұмыс жүріп жатыр. Конституция негізгі қағидат – қарапайым адам құқықтарының басымдығы деп жариялаудан басталады: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Яғни, мемлекеттің қызметі ғана емес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам.

Адам мемлекетке қызмет етпейді, бірақ мемлекет, мемлекеттік органдар осы қарапайым адамның құқықтары үшін жұмыс істеуі керек. Осы қағидаттарды іс жүзінде іске асыруды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзі жариялаған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамаларында, «әділ қоғам мен тиімді мемлекет» құруда іске асырады. Олар демократия туралы, Адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы туралы, идеологиялық және саяси сан алуандық, заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігі туралы, әділ сот арқылы қорғалу құқығы туралы, кез келген негіздер бойынша кемсітушілікке тыйым салу туралы, азаматтың мемлекетті басқарудағы құқығы туралы, сайлау және сайлану құқығы туралы, қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы конституциялық принциптер мен нормаларды айқын көрсетеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін, билік пен азаматтық қоғамның тікелей диалогының бірегей институтын құру мемлекеттің демократиялық құндылықтарға, құқық үстемдігі мен адам құқықтары қағидаттарына бағытталған қозғалысындағы прогрессивті қадам және маңызды оқиға болды.

Нақ осы тұста Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалардың маңызды әрі қажетті қоржынын паш етті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің түрлі бастамаларын іске асыру аясында қысқа мерзім ішінде 17 заң қабылданды. Осының бәрі прогрессивті демократиялық қайта құруларға, ал ең бастысы, біз бәріміз өмір сүріп жатқан Қазақстан Конституциясының, біздің Ата Заңымыздың қағидаттары мен нормаларын іске асыруға бағытталған. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары – демократияландыру, қоғамдық қатынастарды ырықтандыру, азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру бойынша алға жылжу.

Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам өмірінің барлық аспектілерін модернизациялау жағдайында құқықтың рөлі артып келеді. Қазақстан Президенті нормашығармашылық процесін сапалы деңгейге шығару жөнінде жаңа міндеттер қойып отыр. Олардың ішінде заң жобалау қызметін перспективалық жоспарлау; нормативтік құқықтық актілер жобаларына ғылыми (құқықтық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және т.б.) сараптама жүргізу; қабылданатын заңдарды толық қаржылық қамтамасыз ету, құқық шығармашылығы қызметін болжамды-талдамалық қамтамасыз ету ерекше орын алады.

Азаматтық қоғам өкілдерін, сарапшыларды нормашығармашылық қызметке тарту маңызды болмақ. Адамдарды кеңінен қатыстыру арқасында құқықтық жүйе әлеуметтік процестерге, азаматтық қоғамның үміттерін орнатуға және бағдарлауға белсенді әсер етеді, олардың заң шығару процесіне қосылуын қамтамасыз етеді. Норма түзушіліктің қолданыстағы практикасын жетілдіру жөнінде әрі қарайғы шаралар қажет.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде жүргізіліп жатқан қайта құруларына барабар заңдардың мазмұны мен сапасы мемлекеттік билік институттарының тиімді жұмыс істеуі, биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының сындарлы және серпінді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы қамтамасыз етілуге тиіс, мұны біз қазір байқап та отырмыз. Қазіргі кезеңде құқықтық білім беруді және құқықтық насихатты, яғни құқықтық мәдениетті жетілдіру өзекті болып табылады. Бұл құқықтық тәрбиенің жаңа ғылыми негізделген жүйесін қалыптастыру. Бұл ретте мемлекеттік және саяси институттарды жаңғырту кезінде демократияландыру процестері мен XXI ғасырдың жаһандық сынқатерлеріне сай қоғамның құқықтық мәдениетінің бір мезгілде өзгеруге бет алуы аса маңызды.

Құқықтық шындық құқықтық нигилизмнің, халықтың құқықтық сауатсыздығының салдарынан үлкен қиындықпен қалыптасады. Қоғамдық сананы жаңғыртумен тығыз байланысты аспектілердің бірі заңгерлік білім мәселелері болып табылады. Қоғамға және мемлекетке адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағдарланған жаңа тұрпаттағы даярланған заң кадрлары қажет. Мемлекет басшысы жариялаған «әділ қоғам мен тиімді мемлекет» құру, құқықтық мемлекеттілікті қалыптастыру жағдайларында құқық нормаларының олардың әлеуметтік қажеттілігіне, әділдігіне, өзектілігіне терең ішкі нанымына орай орындалуы маңызды. Заңның қоғамның рухани мәдениетінің элементі ретінде, құқықтық мәдениет оның барлық көріністерінде жалпы мәдениетте ерекше орын алатындығын атап өткен жөн. Дәл осындай тәсіл «құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қазіргі заманғы талаптары контексінде жан-жақты қайта құруды талап ететін заң білімі жүйесінің негізінде жатуға тиіс. Бұл сондай-ақ республика Конституциясының негізгі идеялары мен қағидаттарын Қазақстанда құқықтық мемлекет құрудың жаңа кезеңі контексінде іске асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстандық заңнаманы кешенді дамыту және оны тиімді қолдану конституция пәрменін, заңдылық режимін одан әрі нығайтуға, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға ықпал ететін болады. Ел дамуының қазіргі кезеңі құқықтық жүйені дамытудың ірі кешенді проблемаларын шығармашылық тұрғыдан әзірлеуді, құқықтық саладағы ғылыми зерттеулердің әлеуметтік маңыздылығын арттыруды қажет етеді. Қазіргі уақытта елімізде құқықтық жүйені дамытудың іргелі ғылыми проблемаларын жария етуге және шешімін табуға байланысты барлық мүмкіндіктер жасалған. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы Президентінің ұлттық мүдделерді ескере отырып, адам құқықтары саласындағы заңнамалық және практикалық шараларды дәйекті қабылдау туралы бастамалары аса маңызды. Әңгіме жаңа бастамалар туралы ғана емес, қолданыстағы заңнама мен практиканы қайта жүктеу қажеттігі туралы болып отыр. Қолданыстағы механизмнің тиімділігіне үнемі мониторинг жүргізу қажет. Бұл процесс мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен, ұлттық және халықаралық сарапшылармен және ғалымдармен сындарлы әріптестігі арқылы өтуі тиіс. Барлық ұсыныстар жан-жақты талқылануы керек. Бұл ретте «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жергілікті жерлерде жұмыс істеуі де маңызды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзі сайланған алғашқы күндерден бастап-ақ адам құқықтары оның саясатының басым бағытын құрайтынын мәлімдеді. Қолданыстағы заңнамалық тетіктер мен тәжірибенің біртекті және тиімді болуының маңызы зор. Бұл тек атқарушы органдардың қызметіне ғана емес, сот практикасына да қатысты. Ол үшін ұсыныстарды қалыптастырудың ең басында талқылаудың ашық диалогын қамтамасыз ету қажет. Бұл әйелдерді, мүгедек адамдарды қолдау және олардың мүмкіндіктерін кеңейту бөлігінде мемлекеттік саясатты тұжырымдауға ғана емес, сондай-ақ Конституциялық кепілдіктерге сәйкес адам құқықтарын қорғаудың нақты тетіктерін қамтамасыз етуге де қатысты. Үкімет ағымдағы жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс бірінші кезектегі шаралардың егжей-тегжейлі жоспарын қабылдағанының мәні зор. Әзірленген шараларда азаматтық қоғам өкілдері көтерген ұсыныстардың ескерілгені өте маңызды. Азаматтардың адам құқықтары саласындағы өтініштері бойынша БҰҰ комитеттерінің шешімдеріне ден қоюдың құқықтық тетіктерін жасау зор маңызға ие болып отыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мақсатында азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау міндеті жүктелген мемлекеттік органдармен қатар Қазақстанда азаматтардың құқықтарын қорғайтын Республикалық заң консультанттары алқасы құрылды және оның негізгі мақсаты мемлекет кепілдік берген және ҚР Конституциясында бекітілген адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сот арқылы қорғауға және білікті заң көмегін алу құқығын іске асыруға жәрдемдесу болып табылады. Ол біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қорғауға зор үлес қосады. Алқа заң консультанттары палаталарының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, мемлекеттік органдарда, мемлекеттік емес ұйымдарда, оның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдарда заң консультанттары палаталарының мүдделеріне өкілдік етеді, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады және заң көмегі мәселелері бойынша әдістемелік материалдар әзірлейді.

 Заң консультантының өзінен заңгерлік көмек сұрағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауына мүмкіндігі мол. Заңгерлік көмек тек арнайы құқықтық білімді ғана емес, сонымен қатар оларды қолданудың практикалық дағдыларын да қажет етеді, тек кәсіпқой маман ғана осындай қасиеттерге ие бола алады. Заң консультанттарының құқықтық көмек көрсету жөніндегі қызметі белгілі бір азаматтың, жеке адамның мүдделеріне де, қоғамның, мемлекеттің мүдделеріне де сай келеді. Сондықтан олардың қызметінің ең басты мақсаты – адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, республикалық заң консультанттары алқасын құру – әбден негізделген, орынды әрі қажетті болары анық. Бұл білікті заң көмегін неғұрлым тиімді, сапалы көрсету қажеттігіне де байланысты.

Республикалық заң консультанттары алқасының құрылуы тарихи оқиға болды, бұл елдің құқықтық жүйесін одан әрі дамытудың және азаматтарға құқықтық көмек көрсетудің маңызды кезеңдерінің бірі екені хақ. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы кезеңінде қуатты, бірегей әлеуметтік реттеуші ретіндегі қолданыстағы құқықтың мызғымас мәні аса маңызды болып отыр. Өйткені, қолданыстағы құқықтың реттеушілік қасиеттерінің көмегімен, құқықтық құралдардың күллі жүйесінің құқықтық нысанымен біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігі арта түседі, адам мен қоғамның әлеуметтік, саяси, экономикалық және тіршілік әрекетінің өзге де салаларындағы негізгі проблемалар шешімін табатын болады.

 

СЕРІК БАЙСЕЙІТҰЛЫ АҚЫЛБАЙ,

Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор