Үкімет • 23 Қараша, 2021

Салық дискриминациясы отандық өндірушілердің мүмкіндігін шектеуде – Энергетика министрі

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шетелдік және отандық өндірушілер арасында қалыптасқан салық дискриминациясы жергілікті тауар өндірушілердің ірі жобаларға қатысу мүмкіндігін шектеп отыр. ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салық дискриминациясы отандық өндірушілердің мүмкіндігін шектеуде – Энергетика министрі

«Отандық тауар өндірушілердің ірі жобаларға қатысу үлесінің төмендігі – шетелдік және отандық өндірушілер арасында қалыптасқан дискриминациялық жағдайларға байланысты болып отыр. Осылайша, ірі операторларға берілген кедендік преференциялар нәтижесінде олар шетелдік тауарларды қосылған құн салығын нақты төлемей сатып ала алады. Ал отандық өндірушілерден тауарларды сатып алу кезінде 12% мөлшерінде салық төленеді. Бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру жолдарының бірі – Салық кодексіне өзгерістер енгізу. Бұл өзгерістер ірі жобалар үшін тауарларды жеткізу кезінде отандық өндірушілердің ішкі айналымын қосылған құн салығынан босатуды қамтиды», деді ведомство басшысы.

Айтуынша, бұл шара шетелдік және отандық компаниялар арасындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді.

«Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігіне, Қаржы министрлігіне және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Энергетика министрлігімен бірлесіп осы ұсынысты пысықтауды тапсыруыңызды сұраймын», деді Мағзұм Мырзағалиев.