Экономика • 23 Қараша, 2021

Жеке қосалқы шаруашылық: Ірілене ме, біріге ме?

1230 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда елімізде 1 636,2 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Олар 2020 жыл­дың соңына қарай жалпы сомасы 2,6 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіріп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Бұл салада 3,5 миллионнан астам адам жұмыс істейді, олар табыс дең­гейі төмен азаматтар санатына жатады. Шаруашылықтарда қордаланған мәсе­ле де көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қосалқы шаруа­шылықтар туралы бөлек заң болуы керегін ерекше тапсыруы да сондықтан.

Жеке қосалқы шаруашылық:  Ірілене ме, біріге ме?

Үкімет қысқа мерзім ішінде әзір­леу­ге тиіс «Жеке қосалқы шаруа­шы­­лықтар туралы» заң жобасында қан­дай жаңашылдықтар болады, шаруаларды қолдайтын қандай мүм­кін­дік­тер қарас­ты­рылуы мүмкін? Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрі Ербол Қарашө­кеев­тің сөзімен айтсақ, заң жобасында жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы көтеру жоспарлануда. Осылайша, қосалқы шаруашылықтар мен шағын фермерлерді азық-түлікпен және өнеркәсіптік қажеттіліктерімен
кооперация тізбектері арқылы қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылмақ, яғни ұсақ шаруашылықтар бір-біріне қосылып, кооператив құрылады.

Бұл ұсыныстар 2006 жылы Парламент қарауына жолданған. Бірақ «ұсақ шаруа­ларды кооперация жолымен біріктіру» туралы ұсыныс «бұрынғы қолхоз-совхоз жүйесіне қайта оралу» деп қабылданып, қолдау таппаған. Сөйтіп аграрлы ел болсақ та бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттері ішінде қосалқы шаруашылық мәселесін реттейтін заңнамасыз жұмыс істеп келген жалғыз ел болдық. Тіпті мәселе ауыл шаруашылығына қатысты қолданыстағы заң жобаларында да көп айтылмаған. Мәселен, Жер кодексінің 50-бабында жеке қосалқы шаруашылық ретінде ауыл­да суарылмайтын жерден 0,25 гектар, ал суармалы жерден 0,15 гектар жер берілетіні ғана көрсетілген. Енді Үкіметке де, Парламентке де бұл мәселемен шындап айналысуға тура келіп тұр.

Қосалқы шаруашылықтардың мәр­те­бесін Ресей де, Беларусьте, Украина да 2000 жылдардың басында-ақ заңмен реттеп алған. Ресей Федерациясының 2003 жылдың 21 маусымындағы «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» За­ңында «Жеке қосалқы шаруашы­лық­­ты мемлекеттік қолдау» деген арна­йы бап бар. Онда жеке қосалқы шаруа­шы­лықтарға ұйымдастырушылық-құқық­тық, экологиялық және әлеуметтік жағ­дай­лар жасау арқылы оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтарға, оларға қызмет көрсететін ауылшаруашылық кооперативтеріне және өзге де ұйымдарға қайтарымды негізде мемлекеттік қаржы және материалдық-техникалық ресурстар берілуі тиіс екені көрсетілген. 2016 жылы бұл заңға өзгерістер енгізіліп, қосалқы шаруашылығын кеңейткісі келген фермерлерге берілетін жер көлемі 0,25-тен 1 гектарға дейін көбейді.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы қо­сал­­қы шаруашылықтардың мәртебесін нақтылап алу мәселесін алғаш рет был­тыр­ғы Жолдауында көтеріп, коопе­ра­­циялау арқылы олардың әлеуетін пай­даланып, аймақтық азық-түлік хабтарына тарту мәселесін айтқан-ды. Президент субсидиялау және салықтық жеңілдіктер бағдарламасы аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу жөнінде нақты міндеттер қойып, заң жобасын 2021 жылдың мамыр айына дейін дайындауды тапсырды. Бірақ Үкімет бұл мәселені тиісті мерзімінен бес айға кешіктіріп барып қолға алғалы отыр. Оның кешіккен себебін жыл са­йын мемлекет бөлген қаржыдан қомақты үлес алып отырған ірі шаруашылық өкілдері, заңды солардың ыңғайына қарай бейімдеп отырған шенділер ғана білер. Заңнаманың солқылдақ тұсын пайдаланған шенеуніктер мыңдаған гектар құнарлы жерді жекешелендіріп жібергенін, ал шаруа ауылдың іргесінен мал бағатын, шөп шабатын жер таба алмай, қолына құрық ұстап қалғанын ел көрді. Кейбір сарапшылар 2006 жылы Үкімет табалдырығынан қайтқан заң жобасы қайта орала ма деп қауіптенеді.

Экономика ғылымдарының докторы Қуаныш Айтаханов шаруаларға берілетін жеңілдіктер жеке қосалқы шаруашылықтарға да тиесілі екені заң жобасында нақтылануы керегін айтады. Өсімдік шаруашылығындағы өнімнің 50 пайызы, ал мал шаруашылығы өнімінің 80 пайызға жуығы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Бау-бақша, саяжай, үй іргесіндегі жерлердегі көкөніс, жеміс-жидектерді карантинді зиянкес­терден, әртүрлі аурулардан қорғау жеке шаруашылықтың қолынан келмейтінін қаперге салған қоғам қайраткері мал тұ­қымын асылдандыру, қолдан ұрық­тан­ды­ру, тегін дәрігерлік тексеруден өткізу, малдан адамға жұғатын жұқпалы аурулармен күрес мәселесі де мемлекет тарапынан қолдау табуы тиіс екенін жеткізді.

Сондай-ақ «Жайылымдық жер тура­лы» Заңның толық жұмыс істемей тұр­ғанына да қосалқы шаруашылық туралы мәселені заңдастыра алмау себеп көрінеді. Сарапшының айтуын­ша, Асқар Мырзахметов Жамбыл облы­сының әкімі болғанда қосалқы шаруа­шы­лыққа қатысты біраз тәжірибені алға жылжытқан. Бұл үрдісті қазіргі әкім Бердібек Сапарбаев жалғастырып ке­ле­ді. Заң жобасын талқылаған кезде осы тәжірибені де ескеріп, бір нұсқа ретінде қарастырған дұрыс. Заң жобасын дайындаған кезде асығыстыққа жол беруге болмайды, мәселені шешуді кезең-кезеңмен жүзеге асырып, күрмеуі қиын тұстарын нарық жолымен реттеу қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері атап өткендей, Үкімет жаңа заң жобасын қолға алды. Ал сарапшылар атал­ған жайтты азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, салық жинау және ауыл­­­­­­да жұмыс орнын ашу мәселесімен бір­ге қарастыру қажеттігін айтып жатыр. Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов бірінші кезекте жаңа заңның атауын нақтылап алу қажеттігін айтады. Экономист 1980-жыл­дардың аяғына дейін елдегі 982 қосал­қы шаруашылық 4,8 мың тоннадан астам ет және сүт, 1 млн 44 мың жұмыртқа өндіргенін жеткізді. Бұл деректер қосалқы шаруашылықтардың әлеуеті жоғары болғанын көрсетеді. Сондай-ақ сарапшы ауыл шаруашылығы саласында қосалқы шаруашылық ұғымы қалалықтардың сая­жайы немесе жекелеген ұйым­дар­ға қатысты шаруашылық нысандары «қосалқы шаруашылық» деп атала беретінін, осы тұсты да айқындап алу қажеттігін айтты. «Бұл жолы осы заң арқылы ауыл шаруашылығы саласына бөлініп жатқан миллиардтаған демеуқаржыдан қағылған, он шақты малын қорасында бағып отырған, ондаған гектар жерге бау-бақша дақылдарын егіп, мемлекет қажетін қолынан келгенше қанағаттандырып отырған шаруа­лар­ға көмек қолын ұсынуымыз керек. Қазақстандағы 1,7 млн жеке үй телімі бір жағынан салық төлемейді, екінші жағынан олардың иелері әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Бұл – ауыл тұр­ғындарының зейнетақысында да, меди­ци­налық қорында да, әлеуметтік қорында да жинақтары жоқ деген сөз», дейді А.Шәменов

Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рахымбеков жеке қосалқы шаруашылық иелерін заң дең­ге­йінде мойындау керегін айтады. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған сегмент үш топқа бөліп қарастырылатынын жеткізді. Алғашқысы – бірнеше мың­даған малы, жері бар ірілендірілген шаруашылықтар. Екінші топ – жеке кәсіпкер ретінде тір­кел­ген, қарауында 5-6 малшысы бар шағын шаруа қожалықтары. Ал үшінші – санатқа кірмей қалған топ, олар – жиырма шақты малын қорада байлап, ондаған гектар жерін баптап отырған ауылдағы ағайын. Т.Рахымбеков айтып өткендей, соңғы жиырма жылда осы мәселеге мем­лекеттік деңгейде назар аудармаудың сал­дары БЖЗҚ реформасын дайындау кезінде алдыдан шықты.

Қазір қосалқы шаруашылықпен 3,5 миллион адам жан бағып отыр. Оларды кооперативке біріктіріп, әрқайсысынан 10 пайыз көлемінде салық жинаса, қа­зы­наға жыл сайын 200 млрд теңге түсім кі­реді. Ауылдағы ұсақ шаруаларды ірі­лен­­діру мәселесі сарапшы­лар тал­қысына салынған-ды. Олар кооперацияны кө­бірек қолдайды. Айталық, әр ауыл­да кем дегенде 200 адамның жеке шаруа қо­жалығы бар. Олардың әрқайсысын жеке ветеринарлық клиникамен, мал дәрігерімен, агрономмен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан дұрысы – ұсақ шаруаларды ірілендіру, біріктіру. Мұның мәнісі, ауылдағы 200 шаруашылық жанынан 201 шаруа қожалығы ашылып, оған өзгелер қолындағы мал санына қарай үлеспен кіреді. Ауылдағы шаруаның қолайына жаға бермейтін бұл ұсыныстың себебін сарапшы былай түсіндіреді: Қазақстандағы 1 млн 700 мың жеке қосалқы шаруашылықтың өнімін сауда нысандары мен қайта өңдеуші кәсіпорындар ресми түрде сатып алмайды. Себебі сауда өкілдерінің пайымынша, бұл өнімдер талапқа сай келмейді. Өйткені жекелеген шаруалардың арнайы мамандар ұстауға мүмкіндігі жоқ. «Біз бұл мәселені жоғарыда айтып өткендей, 201 шаруа қожалығын ашып, оған өзгелері қолындағы мал санына қарай үлеспен кіру тетігі арқылы ғана шеше аламыз. Бұл жүйе сырттай қарағанда, қаладағы жекеменшік пәтерлер кооперативін еске түсіреді. Біз осы жүйе арқылы ғана ауылға маман тартып, ауыл экологиясын сауықтыра аламыз. Ауылды дамытуға бө­лінген қаржыны ұсақ шаруаларға бағыт­тау мәселесі осы жүйе арқылы оңай шешіледі. Ауылдағы ағайындар мал-жанның проблемасын жеке-дара шеше алмайтынын түсінуі керек. Биылғы қуаң­шылық барлық мәселенің алдын алу­дың қажет екенін көрсетті», деп тү­йін­деді Т.Рахымбеков.

Бұл ұсынысты ауылда мал ұстап отыр­ған ағайынның бәрі қос қолдап қолдайтынына күмәніміз бар. Себебі ауыл 1930 жылдардың басында бұл тәжірибені бастан өткерген. Кешегі колхоз жүйесі де сол тәжірибенің жаңартылған нұсқасы болды. Қазір ешкімді күшпен біріктіре алмайсың, халық бәріне бас шұлғып қосыла беретін кезеңнен әлдеқашан өтіп кетті.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов бұл тәжірибені кезең-кезеңімен қолдану қажеттігін айтып берді. Алдымен қосалқы шаруашылықтың нарықтық мәртебесін анықтап алу қажет. Сарапшы айтқандай, қосалқы шаруашылығы арқылы жан бағып отырған миллиондаған шаруаның нақ­тыланбаған мәртебесі кеңестік кезең­мен салыстырғанда түбегейлі өзгерді. КСРО кезінде әрбір адамның негізгі табысы колхоз-совхоздан, ал қосымша табысы қосалқы шаруашылықтан алынды. Қазір бұл мәселе ауылдағы ағайынның көпшілігі үшін жалғыз күнкөріс көзіне айналып отыр. Парламентте талқыланбақ заң жобасында қосалқы шаруашылық иелеріне тиесілі субсидия заңмен нақты­лан­уы керек.

«Қосалқы шаруашылық туралы заң қабылданады» дегеннен бері ауыл­дағы ағайын мәселенің соңын күтіп, іштен тынып отыр. Осы күнге дейінгі жеке­ше­лендіру науқаны, содан кейінгі ре­фор­малардың ауыл жағдайына қанша­лықты әсер еткені ауылға белгілі. Осы ретте Үкімет пен Парламенттің ауыл тағдырына әсер ететін заң жобасын майдан қыл суырғандай етіп дайындауға кәсіби біліктілігі жетсе, ауылдың күре тамырына қан жүгірері анық. Бұл жолы ешкімнің де қателесуге құқы жоқ.

 

АЛМАТЫ

 

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»