Қазақстан • 24 Қараша, 2021

Қазақстан – әлеуметтік бағдар ұстанған мемлекет

4036 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өз алдына «әлеуметтік бағдар ұстанған, нарықтық экономикасы бар қуатты егеменді мемлекет құру» міндетін қойды және ол жаңа қоғамдық қатынастардың қалыптасуына негіз болды.

Қазақстан – әлеуметтік бағдар ұстанған мемлекет

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішін­де біз әлеуметтік даму арқылы орасан зор жолдан өттік. Алғашқы жылдары бұл жол кедей­лік пен жұмыссыздық про­б­ле­маларының шиеленісуімен ерек­­шеленді. Мемлекеттік ресурс­тардың тапшылығынан әлеуметтік қорғауға жұмсалатын қаражат жетіспеді. Әлеуметтік төлемдерді алу­шылар саны төмендеп, әлеу­мет­тік жәрдемақылардың нақ­ты мөл­шері азайды. Алайда күрделі жағдайларға қара­мастан халықтың өмір сүру дең­гейінің төмендеуіне жол бермеу және оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау бойынша бірқатар шара қабылданды, ұзақ мерзімді әлеу­меттік басымдықтар қалыптасты. Қазақ­стан Республикасының Конс­ти­туциясы Қазақстанды әлеумет­тік мемлекет деп жариялады.

Барлық қазақстандықтың ден­сау­лығы, білімі және әл-ауқаты­ның өсуі – «Қазақстан-2030» Стра­те­гиясының ұзақ мерзімді негізгі ба­сымдықтарының бірі ретінде ай­қындалды. Өмір сүру сапасын жақ­сарту, ең алдымен, халықты әлеу­­меттік қорғаудың тиісті моде­лін құруды талап етті. Сол кез­дің өзінде, яғни республика экономи­касы­ның қалыптасуының күрделі кезеңін­де еліміздің Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев: «Бізге шұғыл түрде Әлеумет­тік саясаттың біртұтас тұжырым­дамасы қажет», деп мәлімдеген болатын.

Ел алдында мынадай таңдаулар тұрды: неғұрлым сенімді, бірақ ең төменгі әлеуметтік игіліктерді көздейтін бұрынғы жүйені сақтау, не қандай қиыншылықтарға тап болатынын түсіне отырып, әлеу­мет­тік салада түбегейлі өзгеріс жасау керек болды.

Біз нарықтық экономика жағ­дай­ларына сәйкес келетін әлеумет­тік қорғаудың жаңа моделін құру бағытын таңдадық. Жаңа модель: жаңа мемлекеттік әлеуметтік стан­дарт­тарды әзірлеуді және енгізу­ді; еңбек қатынастарының қазір­гі заманғы жүйесі­не көшуді және әлеу­меттік әріптестік­ті дамы­ту­­ды; жұмыспен қамту схема­сын ре­фор­малауды; көпдеңгейлі зей­нет­ақы жүйесін белгілеуді; зат­тай жеңіл­дік­терді монетизация­­л­ау­ды; еңбек­ақы төлеуді реформа­­лау­­­ды; ме­м­­лекеттік әлеуметтік жәр­­­дем­ақы­­лардың негізгі түрлерін ен­гі­зу­­ді; атаулы әлеуметтік кө­мек ен­­­гізуді қамтамасыз ету. Өткен жыл­­­­­дар­дың қорытындылары жаңа мо­дель өзінің өміршеңдігін дәлел­дег­е­нін және халықаралық сарап­шы­­л­ардың жоғары бағасына ие бол­ғанын көрсетіп отыр.

Қазақстанның басты ұлттық идеясы – ұлттың бәсекеге қабілет­тілігін арттыру және бәсекеге ба­рын­ша қабілетті 50 елдің қатары­на кіру болған Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасын іске асыра отырып, экономикалық өсу мен азаматтардың өмір сүру сапасы мен стандарттарын арттыру арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуге ерекше мән берілгенін айрықша атап өткім келеді.

Еліміз­дің Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал сая­сатының арқасында қол жеткі­зіл­ген республикадағы жетістіктер бү­гінде қазақстандық қоғам өмірі­нің көрсеткіштері болып табылады. Осы жылдар ішінде жүргізілген реформалар өтпелі кезеңнің қо­лай­сыз салдарларын еңсеруге мүм­кіндік берді және негізгі мақс­аты ха­лықтың материалдық әл-ау­қа­тын жақсарту болып табылатын ауқым­ды әлеуметтік реформаларға көшу­дің базисін жасады.

Біздің елімізде әлеуметтік қам­сыз­дандыру жүйесін жетіл­діру 2001 жылы «Қазақ­стан Республи­касының халқын әлеу­меттік қорғау тұжырымдамасында» бекі­тілді, онда: мемлекеттік жәр­дем­ақы­лар, міндетті әлеуметтік сақ­­тан­­дыру, жи­нақтаушы зей­нет­ақы­мен қам­сыз­дандыру, әлеу­мет­тік көмек секіл­ді негізгі эле­мент­­терді дамыту жолдары айқындалды.

«Халық – мемлекет үшін, мемлекет – халық үшін» формуласын негізге ала отырып, әрбір мемлекет халықтың өмірі мен тұрмысы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады. Мемлекеттердің осы миссиясының негізінде әлеуметтік саясат жатыр.

2012 жылы Қазақстан Рес­пуб­ли­­касы Парламенті Мәжілісі­нің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті­нің мүшесі және әлеуметтік қамта­ма­сыз ету мәселелеріне байланыс­ты заң жобалары бойынша жұмыс тобының жетекшісі бола отырып, депутаттар мен жұ­мыс то­бы мүшелерінің осы сала­дағы заң­намаға өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу бойынша қанша­лықты тиянақты және мұқият жұмыстар жүргізгенін білемін.

Мысалы, «Қазақстан Республи­ка­сы­ның кейбір заңнама­лық акті­леріне әлеуметтік қамсыздан­дыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы­ның жобасы бойынша жұмыс тобы­ның жетекшісі ретінде біз 2014 жы­лы жұмыс істейтін әйелдер үшін олардың жүктілігі мен босануы және бір жасқа дейінгі ба­ла­лар­ды күтуі бойынша олардың де­ма­­лыста болған кезеңінде мін­детті зейнет­ақы жарналарын субси­дия­лауға қатысты нормаларды енгіздік.

Ал 2017 жылы мынадай түзе­ту­лер енгізілді: 2017 жылғы 1 шіл­деден бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін; бала тууына байланысты жәрдем­ақылардың мөлшерін 20 пайызға; жасына байланысты зейнетақы тағайындау үшін қабылданатын табыстың ең жоғары мөлшерін 41-ден 46 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруға бағытталған түзетулер енгізілді.

Қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында де­пу­тат­тардың ұсыныстарын ес­кере отырып, заң жобасы шең­берін­де мынадай өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді, атап айт­қанда: «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңға жаңадан құрылған Еңбек және әлеуметтік қорғау және Денсаулық сақтау ми­­нистр­ліктері арасындағы функ­ция­лар­дың аражігін ажырату бөлі­гінде; «Ең төмен әлеуметтік стан­дарт­тар және олардың кепіл­дік­тері туралы» заңға өмір­лік қиын жағ­дайда жүр­ген, арнаулы әлеу­мет­тік қыз­мет­тер­дің кепіл­дік беріл­ген кө­лемі көр­сетілуі мүм­кін адам­дар­дың тіз­бесін толық­тыру бөлі­гін­де өзге­рістер мен толықтырулар енгізілді.

Жалпы, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру мәселелері жөніндегі заң жобаларының негізгі міндеті әлеу­меттік және зейнетақы заңнамасын жетілдіру, зейнет жасындағы аза­маттардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету, сондай-ақ балалары бар отбасыларды және азаматтардың осал санаттарын қолдау жөніндегі шараларды күшейту болды.

Сондай-ақ аз қамтылған азаматтарды қолдаудың мемлекеттік жүйесін реформалау мақсатында көмек алушылардың пассив рөлін болжайтын табыстарды жай қайта бөлуден отбасылардың неме­се адамдардың өмірлік қиын жағ­дайды еңсеру және кедейлік жағ­дайынан шығу үшін күш-жі­герін ынталандыратын белсенді сая­сатқа көшу арқылы әлеуметтік кө­мек көрсетудің тәсілдері мен те­тік­­­­терін өзгертуді көздейтін «Қазақ­­­­стан Республикасының кей­­­бір заң­намалық актілеріне ха­лық­­­­­ты әлеуметтік қорғау мәселе­лері бо­­­йынша өзгерістер мен то­лық­­ты­­ру­лар енгізу туралы» заң қабыл­данды.

Әлеуметтік саясаттың маңызды құрам­дас бөлігі ана мен баланы қорғау болып табылады. Балалы отбасылардың құқықтарын қорғау және заңды мүдделерін қорғау – Қазақстан Республикасының ұлт­тық саясатының негізгі бағыт­тары­ның бірі. Бүгінгі таңда елімізде ана мен баланы қолдаудың ұлт­тық моделі қалыптасқан, ол мем­ле­кеттік жәрдемақылар мен төлем­дер жүйесінен тұрады. Бірақ өмір өз түзетулерін енгізуде, сол се­бепті Парламент Мәжілісінің депу­тат­тары 2020 жылғы ақпанда «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өз­герістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасады. Бұл заң жобасы Мемлекет бас­шысының тапсыр­маларын орындау мақсатында әзір­ленді және көпбалалы отбасыларды әлеу­меттік қолдауға бағытталған.

Мемлекет тарапынан мүгедек­терге де көп көңіл бөлінеді. Мәселен, 2015 жылы мүгедектер­ді әлеуметтік қорғау жүйесін жетіл­діру, мүгедектерді оңалту саласында қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру, мүгедек адамдардың басқа азаматтармен тең дәрежеде болуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Уақыт өткен сайын өз түзетулерін талап етеді. Бұдан басқа, 2020 жылы «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның нормаларын қол­даныстағы заң­на­маға имплементация­лау және Қазақстан Республикасында мүге­дек адамдардың құқықтарын қам­тамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды» іске асыру мақсатында қолда­ныс­тағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңда 1-топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдар­ға жәрдемақы беруді енгізу көзделеді, мүгедек бала­ларға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша бір мез­гіл­де жәрдемақы алуға құқық бері­леді, бұл мүгедек балалары бар және асы­раушысынан айырылған отба­сы­лардың табысын арттыруға мүм­кіндік береді. Бұл норма 2 мыңнан астам адамға қатысты болады.

Бұдан басқа, мүгедек бала 18 жасқа толған жағдайда оны тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезектілікті сақтау бекітіледі. Депутаттар мүгедектік тобы белгіленген мүгедек балаларға арналған жоғары жәрдемақыларды тағайындау мерзімдерін айқын­дауға бағытталған түзетулер енгіз­ді, бала кезінен 1-топ­тағы мүгедекке күтім жасау жөнін­де осыған ұқсас жәрдемақы алып жүр­ген адамдар үшін мүгедек­ке кү­тім жасау жөніндегі жәрдем­ақы­ны тағайындау тәртібі, мүге­дек­терді әлеуметтік қызметтер порта­лы арқылы көмекші құрал­дармен, арнаулы жүріп-тұру құ­рал­­дарымен, көрсетілетін қыз­мет­­термен қамтамасыз ету про­цесін жетіл­діру, сондай-ақ аз қамтыл­ған отба­сыларға кепілді әлеумет­тік пакет ұсыну мәселелері оңайлатылды.

Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен тәуекелдер жағдайында қо­ғам­ның ашықтығы, серпінділігі мен ұтқырлығы, мемлекеттің аза­мат­тық қоғам институттарымен тиім­ді өзара іс-қимылы, әлеуметтік әріп­тес­тікті тереңдету маңызды. Халық­ты әлеуметтік қорғау моделі әлеу­меттік белсенділікті, азамат­тар­дың лайықты өмір сүру жағдай­лары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге тиіс.

 Айгүл НҰРКИНА,

Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі