Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен өткен көрмеге аталған орталықтың үш оқушысының 35 картинасы ұсынылды. Мазмұнды іс-шараның ашылуында Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи сөз алып, көрменің маңызына тоқталып өтті.
− Нұр-Сұлтан қаласында Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы он жылдан бері жұмыс істейді. Бұл орталық түрік тілінен дәріс беріп қана қоймайды, түрлі мәдени шараларды өткізуге ұйытқы болып жүр. Соның бір белгісі ретінде бүгінгі көрмені айтуға болады. Мәселен, кез келген адам басқа елге сапарлап барса, сол жердің табиғаты мен мәдениетін көріп, әсерленеді. Біздің жас суретшілеріміз Түркияға барып, сол елді, жерді көрген әсерлерін түрлі-түсті бояу түсімен көркем жеткізе білді. Олар осы еңбектері арқылы екі ел арасындағы мәдени байланысты байытып отыр, − деді елші.
Көрмеге суреті қойылған Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының оқушысы, жас суретші Әлия Сұлтанованың айтуынша, ол суретті 5-сыныптан бастап салады екен.
«Мен Түркияны көпшілік білетін емес, басқа қырынан көрсеткім келді. Осы көрмеге 16 картинам қойылды. Оның ішінде Түркияның халық биі «Зейбек», «Дәруіш би», «Таксим трамвайы», «Ататүрік» портреттері секілді жұмыстарым бар. Солар арқылы Түркия елінің салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстыруға күш салдым» десе, тағы бір жас суретші Нелли Үркенова: «Суретшінің шығармалары – оның ішкі ойының айнасы. Менің мешіттерге деген ықыласым бөлек, ал Түркиядағы мешіттер өте ерекше. Сондықтан картиналарымның көпшілігінде соны бедерледім» деді. Ал үшінші жас қылқалам шебері Айнұр Мырзахметованың «Дәруіш», «Түрік шайы», «Баклава», «Түрік аяқ киімі», «Көз моншақ», «Галата мұнарасы» атты суреттері келушілердің қызығушылығын туғызды.