08 Мамыр, 2010

ОТТЫ ЖЫЛДАР ЖЫРЛАРЫ

910 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Зұлмат соғыс халқымыздың қаншама дарынды ұлдарын дегеніне жеткізбей, бойларындағыларын сарқып ұлтына бергізбей, артына ұрпақтарын да қалдырмай қыршындарынан қиып, өздерімен бірге асыл армандарын арқалатып алып кетті. 1932-нің аштығы, 1937-нің нәубетінен ұлтының небір асыл ұл-қыздарынан айрылған халық басқыншыларға қарсы соғысқа тағы да қимастарын аттандырған. Соғысқа өзі сұранып кетіп, елге қайтып оралмаған сондай боздақтардың бірі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Тәшібай Әлмұхамбетов бола­тын. Есімі Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратындағы мәрмәр тақтаға ойып жазылған, Торғайда кіндік қаны тамғанымен, қасиетті Ұлытау өңірінде ұстаздықпен, шығармашылықпен айналысқан ақын Тәшібай Әлмұхамбетовтің 100 жылдығына орай Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Байқоңыров атындағы Жезқазған универ­си­тетінде “Ұлы Отан соғысы жыл­дарындағы қазақ әдебиеті және жауынгер ақын Тәшібай Әлмұхам­бетов шығармашылығы” атты республикалық ғылыми-практи­калық конференция өткізілді. Конференцияны ашқан инс­титут проректоры Тыныс Сүлей­менов оқу орнының басшысы Әбділмәлік Тәкішевке сөз берді. Ректор барша жиналғандарды Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен құт­тықтап, ұстаздығы мен шығарма­шы­лық қарымын Ұлытау аймағы­мен мәңгілікке байланыстырған дарынды тұлға – соғыстан орал­маған Тәшібай Әлмұхамбетовтің 100 жылдығына байланысты Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен өткізіліп отырған конференция жұмысына сәттілік тіледі. Бүгінгі конференцияны бір жағынан елімізде аталып өтіп жатқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын лайықты қарсы алудағы кең көлемдегі істердің бір шарасы, екінші жағы­нан тарихи жадымыздың жаң­ғыруының тағы бір көрінісі деп бағалаған жөн, деп сөз бас­таған Жезқазған қаласы әкімі­нің орынбасары Серікжан Ғабдулуа­хитов әрі қарай бары­мызды та­нып, бағалымызды дәріптеу арқылы ұлттық сана, ұлттық рух қалып­тасатынын атап көрсетті. Осы тұрғыдан қарасақ, деп жалғады сөзін ол, бұрын есімі жиі айтыла бермейтін тұлғаларды танудың, насихаттаудың маңызды екендігіне шүбә жоқ. Олардың елге, халқына қызмет ету жолдары өскелең буын алдында үлкен үлгі. Шығарма­шылығы бізге бір жағынан таныс, бір жағынан бейтаныс, есімі көнекөз қариялар мен өлкетануда зерек жандардың аузында ғана айтылатын осы тұлғаны танудың жаңа беттерінің жазылуын баста­дық деген ойдамыз. Өкініші сол, қариялар білетін Тәшібай Әл­мұхамбетовті ғылыми орта наза­рына лайықты ұсына алмадық, жастардың ортасында мейлінше таныта алмадық, оны жасырмай­мыз. Ол жайындағы құнды дерек­тер мұрағат сөрелеріне ысырылып кетіп жатты. Ал бүгінгі шара – сол олқылықтың орнын тол­тыруға жасалған алғашқы қадам. Біздің ғалым зерттеу­шілерімізді, өлкетану­шыларымызды ақын Тәшібайдың, прозаик Тәшібай­дың, Ұлы Отан соғысында көз жұмған жауынгер Тәшібайдың тағдыр жолы қызық­тыруы тиіс. Торғайда туып, Ұлы­тауда еңбек еткен оның тағылымды жолын алдымен ұлытаулықтар зерттегені абзал іс деп білеміз. Тәші­бай Әлмұхамбетовтің айрықша мән беретін бір қызметі бар. Ол – оның фольклор жинаушы болған­дығы. Аудан бойынша ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, тарихи ескерткіштерді тізімдеумен айна­лысқан арнайы экспедицияға жетекшілік етуі дер едім. “Жауынгер-ақын Тәшібай Әлмұхамбетов” тақырыбында баян­дама жасаған жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметов жиналғандар алдына ақынның бар-жоғы 33 жылдық ғұмырынан небір жәйт­терді жайып салды. Шығармалары газет-журналдарда жиі жарияланып, қаламынан шыққан дүниелері 1938-1940-жылдары баспа бетін көрген топтама жинақтарға енгендігін айтты. 1938 жылы қазіргі Абай атындағы мемлекеттік универси­тетті тәмамдағаннан кейін Томь мемле­кеттік педагогика институ­тының аспирантурасына түсіп, ғылыми ізденістермен енді айна­лысайын деп жүргенде сұрапыл соғыс ол ой-арманын жүзеге асырмаған Т. Әлмұхамбетовтің шәкірт тәрбие­леудегі жұмысына тоқталды. Оның алдынан тәлім алған Әзілхан Нұр­шайықовтың өз ұстазы жайындағы естелігін де айтып кетті. Әзаға: “Тәшібай Әл­мұхам­бетов – 30-шы жылдары әдебиет көкжиегінде көрінген талантты жазушылардың бірі. Ол кісінің шығармалары салиқалы жинақтарға басылып, “Әдебиет майданы”, “Қазақ әде­биеті”, “Лениншіл жас” газеттеріне шығып жүрді. Оның “Шляпа” деген әңгімесі мен “Доктордың қызы” атты көлемді повесі күні бүгінге дейін есімде. Тәшібай оқырманының осындай сүйікті жазушысы болып қалыптасып ке­­ле жатыр еді, бірақ сұрапыл соғыс оны қыршынынан қиып кетті”, – деп әрі қарай ол кісінің адамгер­шілігі мен шәкірттеріне деген мейі­рімділігін сөз етіп, оның ше­шен­дігі мен терең білімділігіне қызыға­тынбыз деген естелігін мысалға келтірді. Ал оның қам­қор­лығын көрген екінші бір шәкір­ті фило­логия ғылымдары­ның кандидаты, ақын Әбулақап Райымбеков ұстазының туынды­ларын түгендеп, 1989 жылы “Мен ғашықпын өмірге” атты өлең-әңгімелер жина­ғын шығарған екен. Филология ғылымдарының докторы Сәуле Тапанова отты жылдарда шығарылған жырлар, оның ішінде Тәшібай ақынның өлеңдері жайында баяндама жасаса, ғылым кандидаты Ғазез Ештанаев өз баяндамасында оған нағыз лирик ақын деп баға берді. Ғалым Кәмшат Омарова ақынның тілдік ерекше­лігіне тоқталып, Тәшібай ақынның жырларындағы сөз саптаудың өзгешелігіне жұрт­шылық назарын аудартты. Ал ақынның туыстары, экономика ғылым­дарының канди­даты Жет­піс­бай Бекболатов пен Мұрат Оспанов оның шыққан тегі мен өмір жолы жайында айтып, конференцияны өткізушілерге ризашылықтарын жеткізді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. Қарағанды облысы.