Қазақстан • 01 Желтоқсан, 2021

Өңдеу өнеркәсібінде қандай өзгеріс бар?

223 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай сөз болды.

Өңдеу өнеркәсібінде қандай өзгеріс бар?

Салаларға серпіліс әкелді

2025 жылға қарай елдегі өңдеу өнер­кә­сібінің өсімін 1,5 есе арттыру мін­деті қойылғаны белгілі. Оған қол жет­кізудің екі жолы бар. Бірі – Индус­трия­ландыру картасы. Яғни ірі инвести­ция­лық жоба­ларды іске қосу. Екіншісі –  «Өнер­кә­сіп­тік саясат туралы» заң жобасында көз­делген жаңа шараларды жүзеге асыру.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша еліміздің өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталып отыр. Нақты көлем индексі 5,3%-ға артып, 13,4 трлн теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен жоғары. Саланың барлық секторында оң динамика байқалады. Өңірлер биыл Индустрияландыру картасы аясында 1,3 трлн теңгеге 139 жобаны іске қосып, 12,7 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлауда. Қараша айындағы жағдай бойынша, 1 трлн теңгеге 83 жоба пайдалануға беріліп, 9 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылған.

– Министрлік 2025 жылға дейін 13,3 трлн теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібіне қатысты 490 жобаны іске қосып, 102,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Жобалардың ең көбі құрылыс индустриясына (198 жоба), тау-кен металлургия кешеніне (119), машина жасау саласына (72) тиесілі, – деді Б.Атамқұлов.

Министрдің мәліметінше, 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 1,5 есе арттыру міндеті жүктелген. Ол үшін өнімдері әлемнің 60-тан астам еліне экспортталатын 180 жобаны іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ 2025 жылға дейін жоғарғы қайта бөлу өнімін өндіру көлемі 2,7 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл қазіргі өндірісті 2 есе арттырмақ. Экспорт көлемі 65,3%-ға ұлғайып, 1,6 млрд долларға жетеді деген жоспар бар. Орта технологиялық өнім шығару көлемі 2,1 трлн теңгені, экспорт 2 млрд долларды құрады. Бұл өндірісті 12,5%-ға және экспортты 14,3%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

– Бәсекеге қабілетті өнім өндірісін ұлғайту және дамудың шикізаттық мо­делінен алыстау арқылы өңдеуші өнер­кәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы әзірленді. Оны осы жылдың соңына дейін қабылдау қажет. Заң жобасында бірқатар жаңашылдық бар. Мәселен, дайын өнімді өткізу және ішкі нарықты жаңа тауарлармен толықтыру үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялар офтейк-келісімшарттар мен офсеттік шарттарды пайдаланады. Кәсіпорындардың сұранысы бойынша ынталандырудың жаңа құралы – өнеркәсіптік грант әзірленді. Ол қоса қаржыландыру арқы­лы өндірісті жаңғыртуға беріледі.  Жал­пы, 2025 жылы жа­ңа жобаларды іске асыру әрі жаңа шара­ларды қабылдау арқылы өңдеу өнер­кә­сібінің жылдық көлемі 19,7 трлн теңге­ге, өңдеу өнеркәсібінде не­гіз­гі капи­тал­ға салынатын инвестиция 3,5 трлн тең­геге, шикізаттық емес тауарлар экспорты 21,8 млрд долларға жеткізіледі, – деді министр.

Энергетика министрі Мағзұм Мырза­ға­лиевтің баяндауынша, отын-энергетика саласында өңдеу өнеркәсібін дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, мұнай өңдеу зауыттарын жаң­ғырту аяқталғаннан кейін өндіру көлемі өскен. Биылғы 10 айда мұнай өнімдерін өндіру көлемі 11,3  млн тоннаны құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен жоғары.

– Қысқа және орта мерзімді перспективада өндірісті одан әрі арттыру үшін бірқатар іс-шара жоспарланған. Биыл Ақтау битум зауытында битум өндіру блогын жаңғырту аяқталады. Бұдан бөлек, Түркістан облысында жеке инвесторлармен мұнай өңдеу зауыттарын салу бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Оларды 2023 жылы аяқтау жос­парланып отыр. 2025 жылы Павлодар мұнай өңдеу зауытында депарафиндеу блогымен біріктіре отырып, гидротазарту қондырғысын реконструкция­лау жобасы іске асырылады. Оның нәтижесінде бұрын зауытта өндірілмеген 160 мың тонна қысқы дизель отыны шығарылады. Аталған іс-шараларды іске асыру арқылы мұнай өнімдерін өндіру көлемі 2025 жылға қарай 2,2 млн тоннаға дейін артып, 15,3 млн тоннаны құрайтын болады. Тартылатын инвестиция көлемі 148,5 млрд теңгеге жетпек, – деді М.Мыр­зағалиев.

Министрдің мәліметінше, биыл қаңтар-қазан айларында 2,6 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілген. Осы жылы 3,2 млн тонна өндіру жоспар­лан­ған. Ішкі нарықта сұйытылған мұ­най газының 60%-дан астамын авто­көліктер тұтынады. 2019 жылдан бас­тап газға көшкен автокө­лік саны 2,2 есе өсіп, 310 мыңға жет­кен. Бұл ретте сұйытылған газ өнді­рісін арттыру мақсатында 3 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олар –  Ақ­тау қаласындағы төмен қуатты газ өң­деу зауыты, Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауыты және Қашаған кен орнындағы қуаты 1 млрд текше метрді құрайтын газ өңдеу зауыты. Аталған жобалардың нәтижесінде 2025 жылға қарай сұйытылған газ өндірісінің көлемі 300 мың тоннаға артып, 3,5 млн тоннаны құрамақ. Ал тартылатын инвестициялардың көлемі 530 млрд теңге болады деп жоспарлануда. 

– Осы жылдың 10 айында мұнай-газ-химия өнімдерінің өндіріс көлемі 147 мың тоннаға тең болды. 2021 жылы 190 мың тонна өнім өндіру жоспарланған. 2021 жылы мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру бойынша 2 жоба пайдалануға берілді. 2022 жылы қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт ашылады. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін екі зауыттың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Тиісті жобаларды жүзеге асыру 2025 жылға қарай шығарылатын мұнай-газ-химия өнімінің көлемін 2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал тартылған инвестициялар сомасы 1,2 трлн теңгені құрамақ, – деді Энергетика министрі.

Министрлік машина жасау саласын дамыту бойынша бірқатар шаралар мен бастамаларды қолға алған. Биыл мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндірісін жергіліктендіру. Атап айтқанда, жаңа өндірістер ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осы жылдың 10 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгені құрағанын жеткізді. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестиция­лар көлемі 5,9%-ға ұлғайып, 81,8 млрд теңгені құраған.

– Заттай мәнде соңғы 10 айда жарма өндіру көлемі 5,3%-ға, крахмал өнімдерін өндіру 18,7%-ға, жеміс және көкөніс шырындарын өндіру 2,8%-ға, қант өндіру 2,6 есе, қышқыл сүт өнімдерін өндіру 5%-ға, сары май өндіру 9%-ға артты. Ал ұн өндіру көлемі 4,5%-ға, өсімдік майын өндіру 3%-ға, шұжық өнімдерін өндіру 0,4%-ға төмендеді. Осы жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 29 жоба пайдалануға берілді. Бүгінде инвестициялық жобалар пулында шамамен 100 жоба бар. Бұлар – өндірістің қосымша өсімін және тиісінше экспорттың қосымша көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа жобалар. Сайып келгенде өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға жол ашылуы мүмкін, – деді Е.Қарашөкеев.

Министрдің баяндауынша, биылғы жылдың 9 айында экспорт 950,5 млн долларды құраған. Оның өсімі 2,4%-ға тең. Сүт өнімдері экспорты 2%-ға, макарон өнімдері 37,4%-ға, күнбағыс майы 11,7%-ға ұлғайған.

– Агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім экспортының үлесі 37%-ды құрайды. Бұл деңгейді өндіріс көлемін ұлғайту және экспорттық кедергілерді жою есебінен 70%-ға дейін жеткізуіміз керек. Экспорттың негізгі бағыттары – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Орталық Азия елдерінің, Ауғанстанның, сондай-ақ Еуропа елдерінің дәстүрлі өткізу нарықтары, – деді Е.Қарашөкеев.

Тақырыпты түйіндеген Премьер-Министр алдағы 10 желтоқсанға дейін Үкіметке Индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасының 2025 жылға де­йінгі өзектендірілген жобасын, 2022 жылғы 1 наурызға дейін өңірлердің ерек­шеліктерін ескере отырып, моноқа­лаларда іске асыру үшін «зәкірлік» индус­триялық жобалар топтамасын әзірлеу­ді тапсырды. Бұдан бөлек Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министр­лігіне 2022 жылғы 1 наурызға дейін кә­сіп­орындарда цифрлы шешім­дер­ді енгізуді ынталандыру бойынша қа­жет­ті нормативтік құқықтық базаны қа­был­дауды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Омикрон»: ол қандай штамм?

Үкімет отырысында елдегі сани­тар­­лық-эпидемиялық жағдай туралы баян­даған Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуын­ша, Еуропада сырқаттанудың өсу тен­денциясы әлі де жалғасуда. Біздің рес­публика бойынша вирустың репродук­тивтік саны 0,91-ді құрайды және та­мыз айымен салыстырғанда 1,2 есе тө­мен. Бүгінгі таңда «қызыл аймақта» Сол­түс­тік Қазақстан облысы қалып отыр. 5 өңір (Қарағанды, Қостанай, Ақмо­ла, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қала­сы) – «сары аймақта». Қазақстан Респуб­ли­касы және қалған 11 өңір «жасыл ай­мақ­та» орналасқан.

Бірінші вице-министрдің айтуын­ша, коронавирус инфекциясының «Омик­рон» штамының жаңа нұсқасының пайда болуын ескере отырып, оны рес­публика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда биылғы 3 желтоқсаннан бастап бірқатар шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданған. Атап айтқанда, Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуі шектеледі. «Омикрон» нұсқасынан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден (Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Аустралия, Кана­да және Египет) келетін адамдар вакци­на­сының бар-жоғына қарамастан міндетті түрде ПТР тестілеуден өтуі керек. Сон­дай-ақ «Омикрон»-нан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантиніне оқшаулануы тиіс. 

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың жаңа штамының табылуы әлемнің көптеген елінде алаңдаушылық тудырып отырғанын атап өтті. Бірқатар Еуропа елдері, Сингапур және Израил қатаң шектеу шараларын қабылдады. Израилде әуе қатынастары шектелуде, Еуропа елдері «Омикрон» анықталған елдерден келген адамдарды 14-күндік карантиндік оқшаулау тәртібін енгізді.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала деректеріне сәйкес, жаңа штамм «Дельта» нұсқасынан да қауіпті әрі тез таралады. Сондықтан жаңа штамның еліміздің аумағына енуінің алдын алуға бағытталған шараларды қолдауды сұраймыз. Ұсынылған шектеу шаралары ведомствоаралық комиссия отырысында қаралып, мақұлданды. Сонымен қатар биыл маусымдық тұмау мен жедел респираторлық вирустардың таралу жиілігі 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артып отыр.  Осыны және әлемдегі жағдайды ескере отырып, барлық әкімнен санитарлық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтуді сұраймыз, – деді Е.Тоғжанов.

Шетелдерде коронавирустың «Омикрон» жаңа штамының пайда болуын ескере отырып, Үкімет басшысы Асқар Мамин мемлекеттік шекарада санитарлық-эпидемиялық бақылауды күшейтуді, ел ішіндегі жағдайды үнемі бақылауда ұстауды, ғимараттар мен көліктерде бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау тәжірибесін одан әрі жалғастыруды тапсырды. Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне, әкімдіктерге халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастыру мақсатында вакциналау қарқынын арттыру жүктелді.