Кино • 02 Желтоқсан, 2021

Отандық кино нарығына 6 тарихи сериал қосылды

1391 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген тарихи телехикаялардың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық кино нарығына 6 тарихи сериал қосылды

Бүгін «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи телехикаяларының таныстырылымы өтті.

Ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев, Жәңгір хан мен Домалақ ананың өміріне арналған тарихи туындылар «Qazaqstan» арнасының эфирінен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көрсетіледі.

Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, депутаттар, телевидение саласының ардагерлері мен журналистер қатысты.

«Тарихи сериалдардың негізгі мақсаты – тарихи тұлғалардың өмір жолын, сол заманның тынысын көрсету. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының қарсаңында осы жобаларды көрермен назарына ұсынып, халықтың жүрегіне жете алсақ, сол кезеңдердегі әрбір қиын сәттер мен жеңісті күндерді бүгінмен үндестіре алсақ, бұл - үлкен жеңіс. Бұған үлкен қадам жасалды», деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

2

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бүгінде отандық сериал нарығында жоғары бәсекелестік қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

«Қазір отандық кино саласындағы жұмыс жылдан-жылға қарқын алып келеді. Соңғы 5 жылдың ішінде 3500-ден астам бөлімнен тұратын 250-ге жуық сериал түсірілді. Осыдан 10 жыл бұрын сериал дайындайтын продакшн-компаниялар саусақпен санарлық болса, бүгінде бұл салада бәсеке жоғары. Осының арқасында, бүгінде тарихи жобалар мемлекеттік телеарна өнімдерінің 30%-ын құрайды. Жыл аяғына дейін тарихи бағытта түсірілген 12 сериал көрермен назарына ұсынылады. Тәуелсіздіктің құнын біліп, оның қадір-қасиетін бағалау үшін өткенімізді ұмытпауымыз керек. Тарихта қандай жолдардан өттік, қандай тұлғалар болды барлығын ұрпаққа ұғындыру керек. Сондықтан да Президент ұлт тұлғаларын насихаттайтын тарихи сериалдарды көбейтуді тапсырған еді. Осы сериалдар арқылы біз өскелең ұрпаққа тарихи тұлғалар мен олардың өнегелі өмірін таныстыра аламыз», деді министр өз сөзінде.

1

12 бөлімді «Жәңгір хан. Сарай сыры» сериалына Арман Сқабылұлы, 6 бөлімді «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясына Мұрат Есжан, 2 бөлімнен тұратын «Домалақ ана» телехикаясына Нұриддин Паттев, 4 бөлімді «Тәшенев. Тайталас» сериалына Жасұлан Пошанов, 6 бөлімді «Қаныш. Қазына» телехикаясына Айгүл Байбек, 4 бөлімді «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи туындысына Азамат Сатыбалды жетекшілік етті.

«Корпорацияның, жалпы, еліміздің сериал өндірісі тарихында бұған дейін бір жыл ішінде 6 көпбөлімді тарихи телехикая түсірілген жоқ. Сондықтан биылғы жыл біз үшін үлкен сынақ пен тәжірибеге толы жыл болды. Ең бастысы, дәл осындай тәуекелдер арқылы нарықта тарихи сериал өндірісіне машықтанған компаниялар саны артып, сериалдар үшін жаңа бейнелер қалыптасып жатыр», деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай шараның ашылу барысында.

Басты кейіпкерлерден бөлек, сериалдарда Бәйдібек бидің, Махамбет пен Исатай, Әліби Жангелдин, Міржақып Дулатұлы, Жұмабай Шаяхметов, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев, Фариза Оңғарсынованың рөлдері де кездеседі.

Кеңесші-сценаристер қатарында жазушы Медеу Сәрсеке, ақын Ұларбек Нұрғалым, Бақыт Беделхан, Ұлықбек Есдәулет, ахметтанушы Райхан Имаханбет, Мұқағали Мақатаевтың келіні Бақытгүл Мақатаева, Жұмабек Тәшеневтің ұлы Саян Жұмабекұлы мен келіні Фатима Садыққызы бар.

Тәуелсіздік мерекесінде Ұлттық арна эфирінде алғаш болып «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясы көрсетіледі.

Айта кетсек, Қазақстан телерадиокорпорациясы келесі жылы түсірілетін сериалдарға ашық байқау жариялап, 188 жобаны қабылдап үлгерді. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың өмірін, бейнесін, шығармашылығын экран арқылы дәріптеу мақсатында келер жылы Әлихан Бөкейханов, Әлкей Марғұлан, Дина Нұрпейісова, Мағжан Жұмабаев туралы тарихи жобалар түсіру жоспарланған. Сонымен қатар, Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романын экранизациялау да қолға алынбақ.

Биыл Корпорацияның түркі елдеріне ортақ тұлға «Қорқыт ата» тұлғасына арналған телехикаяның шығармашылық жұмыстары басталып та кетті. Түркия сериал өндірушілерімен бірлесе қолға алынған телехикаяның түсірілімі үш жылға созылады.

1

2