Президент • 06 Желтоқсан, 2021

Өзбекстан – бізге маңызды серіктес қана емес, бауырлас мемлекет – Қ.Тоқаев

63 рет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт БАҚ өкілдері үшін бірлескен брифингте қазақ-өзбек қатынастары туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Өзбекстан – біз үшін тату көрші әрі маңызды серіктес қана емес, тамырлас, тағдырлас және бауырлас мемлекет. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік табысты дамып келеді. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық кеңейе түсті. Бүгінгі келіссөзде қазақ-өзбек қатынасын жаңа деңгейге көтерудің тиімді жолдары айқындалды. Біз халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Көпжақты ықпалдастықты одан әрі дамыту жөнінде ортақ шешімге келдік. Бүгінгі сапар өзара қатынасқа да тың серпін береді деп сенемін. Осы орайда, ынтымақтастығымызды жаңа одақтастық деңгейге көтеру туралы тарихи шешім қабылданғанын ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Бұл – біздің бауырластығымызды бекемдеп, сан қырлы ықпалдастықты нығайта түсетін маңызды қадам», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ-өзбек қатынастарының бүгінде жоғары деңгейде дамып келе жатқанын және оның достық, тату көршілік, стратегиялық серіктестік рухына толық сай келетінін атап өтті.

Қазақстан мен Өзбекстан – аймақтағы ең ірі экономикалық серіктестер. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 30 пайызға артып, 3,2 миллиард доллардан асты. Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы осындай жетістікке қол жеткізуге септігін тигізді деп санайды. Энергетика және агроөнеркәсіп кешені бағытындағы ықпалдастық тұрақты дамып келеді. Екі елдің үкіметтеріне сауда көлемін 10 миллиард долларға дейін жеткізу міндеті жүктелді. Мемлекеттеріміздің азаматтары үшін қолайлы жағдай жасалуда. Екі ел астаналары мен ірі қалаларының арасында қосымша әуе рейстері іске қосылды, автобус қатынастары кеңейе түсті, жаңа темір жол бағдарлары пысықталуда, қажетсіз кедергілер алынып тасталуда.

«Мұның бәрін халықтарымыз зор қуанышпен қабылдап жатыр және бұл бауырлас халықтардың одан әрі жақындай түсуіне тың серпін береді. Осыған байланысты бүгін құрметті Шавкат Миромонович екеуміз мемлекетаралық қатынастарды одақтастық деңгейіне көтеруге шешім қабылдадық. Бұл тарихи шешім сенімге, қолдауға негізделген әрі ортақ мүддені ескере отырып тығыз ықпалдастықты одан әрі нығайтуға деген өзара шынайы ұмтылысымыздың нәтижесінде жүзеге асып отыр. Одақтастық қатынастарды үйлестіру үшін Жоғары мемлекетаралық кеңес, Парламентаралық кеңес, сондай-ақ жұмыс органы ретінде Сыртқы істер министрлері кеңесін құруға уағдаластық. Одақтастығымыздың қағидаттары жаңа ғана қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы декларацияда көрсетілген. Осылайша біз көпжақты қазақ-өзбек байланыстары жылнамасының жаңа әрі жарқын парағы ашылды деп сенімді түрде айта аламыз. Мұның Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және өңірді өркендетуге қосылған елеулі үлес екені сөзсіз», деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар

Мұнай бағасы көтеріле ме?

Экономика • Кеше

Алашорда офицері

Қазақстан • Кеше

471 мың долларға сатылды

Әдебиет • Кеше

Шабыт пен шарап

Әдебиет • Кеше

Ұқсас жаңалықтар