Қаржы • 06 Желтоқсан, 2021

Мобильді аударымды аңду бизнесті көлеңкеден шығара ма?

144 рет көрсетілді

Халық өмірін біршама жеңілдетіп берген мобильді аударымдар­дың басына қайтадан бұлт үйірілді. Мемлекет бизнестің са­лығын бақылаймыз дегелі бері. Осы жолы Үкімет шындап кіріскен секілді. Олардың айтуынша, тауар және ұсыныл­ған қызмет үшін төлемді мобильді аударым арқылы қабылдау – бизнес иелерінің салықтан жалтарып кетуіне жол береді.

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Қаржы министрлігінің хабар­лауынша, мобильді аударым ар­қылы ақша қабылдаған кәсіп­кер клиентке фискалды чек бермей, салықтан жалтарады, сол арқылы тұтынушы құқығын да бұ­зады. Сөйтіп, министрлік қара­ша айында онлайн төлем жасау­ды «мобильді аударым» және «төлемдер» (кәсіпкерлік төлем) деп екіге бөліп, оны заң жобасына енгізді. Яғни клиент алған тауары мен тұтынған қызметінің ақысын арнайы кәсіпкерлік шотқа жіберуге міндетті.

«Төлемді мобильді аударым арқылы қабылдап, салық төле­мей­тін кәсіпкерлерді арнайы ақ­па­раттық жүйе анықтайды. Мәсе­лен, бір адамға бірнеше адамнан тұ­рақ­ты түрде ақша аударымдары жасалып тұр­са және ол бір аптаға, тіпті бір айға де­йін созылатын бол­са, бірден салық органдары қыз­меткерлерінің назарына түседі. Ондай кезде мамандар әлгі адамның немен айналысатынын жіті тексереді. Тіпті банктер­ден қажет ақпарат алады. Бізде ақпа­раттық жүйелер жақ­сы дамыған. Жасанды интеллект көме­гімен он­дай күмәнді операцияларды анықтау қиынға соқпайды», деді Қар­жы министрінің орынбасары Марат Сұлтанғазиев.

Осы сөзден кейін-ақ қоғам дүр­лігіп сала берді. Әр жерде так­сис­тердің, дүкен­шілердің мо­биль­ді аударым ар­қы­лы төлем қабыл­дамай, қолма-қол ақша сұрай бас­тағаны туралы ақпарат тарады.

30 қараша күні бұл мәселе­ге министр­лік түсініктеме берді. «Мо­­бильді ауда­рымдарды пай­да­лануға байланысты са­лық заң­намасына енгізілген өз­геріс жеке тұлғалардың жеке аударым­да­рын кәсіпкерлік мақсатта жүзеге асы­рылатын мобильді төлемдерден ажы­ра­туға бағытталған. Бұл мә­селе банк және бизнес-қа­уым­дастықпен бірне­ше рет талқы­лан­ды. Бастаманың түпкі мақ­саты – бизнесті әрі қарай цифр­лы кеңістікте дамыта түсу. Ал де­рек­терді мемлекеттік кірістер орган­дарына бе­реді деп алаңдауға негіз жоқ. 2022 жыл­дан бас­тап кәсіпкерлік шоттарға түс­кен тө­лем­дер бойынша ғана банктер­ден ақ­парат алу жоспарланып отыр. Осылайша, жеке аударымдарға салық салынбайды», делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, жеке кәсіпкерлікке салық са­лу үшін қолайлы бірнеше салық ре­жімі бар. Мысалы, таксис­тер па­тент негізінде арнайы салық режі­мін таңдай алады. Аталған режім жылдық табысы 10,3 млн теңгеден ас­паған жағдайда жұмыс істейді.

«Қазір бірнеше мобильді қо­сымша бар. Кәсіпкер онлайн кас­салық аппа­раттың мобильді нұс­қасын (Kaspi Pay, Halyk Pos, ForteKassa, Alfa Pay – ред.) жүктеп алып, оны заңдық негізде пайдалана алады. Ал салық есептілігі e-Salyq Business қосымшасын енгізумен автоматты түрде пайда болады. Мұның бәрі болашақта бизнес жүргізуді оңай ету үшін жасалып отыр. Еске салайық, мораторий аясында жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін табыс салығынан босатылған», дейді министрлік.

Тауар мен қызмет ақысын же­ке шо­­тына аудартқан кәсіпкер та­бы­сын жасырады, айналымын көр­сетпейді, сөйтіп салықтан жалтарып кетеді дегенді Мәжі­ліс депутаты Сергей Симонов та айтқан болатын.

«Біз заң жобасында мобильді тө­лем­нің не екенін нақтылай­мыз. Қазір біз­дің Салық кодексінде тө­лемнің тек екі түрі көр­сетілген: қолма-қол төлем жә­не міндетті түр­де фис­калды чек шы­­­ға­ратын тер­минал арқылы картамен ауда­рым жасау. Сондықтан шотты биз­­нес үшін деп бөліп, мобильді ауда­­рым арқылы төлем жасаған кезде фис­­калды чек беру процедурасын же­ңілдету қажет. Бұл кәсіпкердің бизнес жүр­гізуін жеңілдетеді және тоқсан са­йын салық есептілігін дұрыс ұсына ала­ды. Тиісінше, тұтынушы құқы да қорғалады», дейді С.Симонов.

Ал вице-министр М.Сұлтан­ғазиев тауар мен қызмет ақысын бұрынғыдай жеке шотына аударт­қан кәсіпкерлерге қандай жаза қолданылатынын айтты.

«Қазір бізде өз уақытында есеп­­ке қой­­мағандығы үшін салы­натын әкім­ші­лік айып­пұлдар бар. Чек бермегені, яғни есепте айналымды көр­сет­пе­гендігі үшін де әкімшілік жауап­кер­шілік­ке тартылады. Бәрінде де бі­рін­ші ретте ескерту беріліп, екінші рет қай­талан­са, айыппұл басталады», деп түсін­дір­ді ­вице-министр.

Жеке тұлғалардың аударымына са­лық салынбайтынын Мем­­лекеттік кіріс­тер комитеті өн­ді­рістік емес тө­лем­дерді әкімші­лен­діру басқармасы бас­шы­сының орынбасары Олжас Отар да растады. Ол бұл туралы «Хабар» арна­сындағы «Бүгін» ток-шоуында мә­лімдеді.

«Аударымдарға» емес, «тө­лемдерге» ғана салық салынады. Егер бір кәсіпкер­ге бір күнде 50-100 рет аударым жасал­ған болса арнайы бақылау жасау ар­қы­лы оларды анықтаймыз. Кейбір адамдар «той жасасам, тойыма келген 100 адам мобильді қосымша арқылы ақша жіберсе, салық тө­леймін бе?» дейді. Олай емес. Ол бір күн ғана солай ақша алар. Әрі қарай олай жалғаспайды ғой. Ал кәсіпкер күн сайын осыншама адамнан ақша алады. Сондықтан оларды бақылауға аламыз», дейді О.Отар.

Мұның бәрі түсінікті. Десе де халық­тың бір тобы «Үкімет неге дәл осы мо­бильді аударымдарға жабысып алды?» деп арыз айтады. Олардың келтіретін дәйегі – қол­ма-қол ақша ұсыну да тура осы аударым жасау сияқты нәрсе ғой. Ең бастысы, дүкенші (тауар не қандай да бір қызмет ұсыну­шы кәсіпкер) чек берсе болды емес пе?

Әзірге дәл осы сауалға нақты жауап жоқ. Қай тараптан да. Face­book желісін­де Маржан Ра­қай есімді қолданушы «Баға­на дү­кенге бардым. «Каспи ауда­­рымы ­жоқ» деп жазып қойыпты. Со­сын, одан шы­ғып екіншісіне бар­дым. «Сіздерде ауда­рым бар ма? Алып тастамадыңыздар ма?» деп сұрадым. «Жоқ алмадық. Ал­маймыз да. Заңды түрде ЖК тір­келген, салық төлеп отырмыз онсыз да. Кез келген аударым, төлем қабылдай береміз», деп жауап бер­ді», деп жазады.

Айгүл Мыңжасар есімді қол­данушы ағылшын тілінен сабақ өтетін компа­нияның ақы төлеу­ге арнайы шот жібер­генін айтады. «Осылай жұмыс істеу­ге не кедергі? Білуімше, осы табыстан ­1 пайыз ғана салық төлейді, 10-ақ теңге!» деп жазады ол.

Шулы тақырыптың ізін ала цифр­лы төлем жүйесін дамыту бойынша көшбасшы саналатын Kaspi.kz ресми мәлімдеме жасады.

«Заң жобасы жеке тұлғалардың ара­сындағы мобильді ақша аударымына қатысты емес. Мобильді төлемдер ұғы­мын және жеке кә­сіпкерлік пен заң­ды тұлғалар үшін тауарлар немесе қыз­мет көрсе­ту үшін ақыны арнайы кәсіп­кер­лік қызметке арналған шоттарға қа­былдау міндетін енгізу көзделіп отыр. Мысалы, мұны тауарлар мен қызмет көрсету үшін ақы қа­былдауға Kaspi Pay мобильді қо­сымшасы мен Kaspi QR-дың көмегімен қазірдің өзінде жасауға болады» делінеді хабарламада.

Ал «Банк ЦентрКредит» бас­қарма төрағасы Ғалым Құсайынов бұл әлеу­мет­­тік тұрғыдан алғанда өте әділ шешім дейді.

«Адал кәсіпкерлер үшін бұл өзгеріс – төлем қабылдауды же­ңіл­детудің бір түрі. POS-терминал сатып алудың қажеті жоқ, яғни онлайн төлем қабылдаудың заңды механизмі енгізілді. Әлеуметтік тұрғыдан да әділетті. Қазақстан­да шағын және микро бизнес үшін қолайлы салық жүйесі бар. Егер банктерге компанияның қаржы айналымы көрсетілетін са­лық есептілігін көру бойынша қолжетімділік берілсе, бұл да көп кәсіпкерлерді салық төлеуге ынталандырып, тиісінше олар­дың несие алу қабілетін арттыра түсері сөзсіз», дейді банк басшысы.

Ұлттық банктің хабарлауынша, 2021 жылдың 9 айында онлайн жүзе­ге асы­рылған ақша төлемде­рі мен ауда­рым­дарының көле­мі 36 трлн теңгені құра­ған. Бұл цифрдың алдағы уақытта тек өсе түсері сөзсіз. Әрине, мемлекеттің көлеңкелі бизнесті бақылаймыз, сөйтіп салық түсімін арттырамыз деуі әбден орынды. Бірақ кейбір сауал бойынша тақырып әлі де жетілдіруді қажет етеді. Басы анық бір нәрсе бар – қай-қай­сымыз да өзімізге қызметін ұсынған кә­сіпкерден фискалды чек талап етуіміз керек. Сонда ол да өз мін­детін түсінеді, тұтынушының да құқығы аяққа тапталмайды.

 

 

Соңғы жаңалықтар

Доллар арзандады

Экономика • Бүгін, 15:50

Вакцина салдырғандар саны артты

Коронавирус • Бүгін, 09:17

1227 қазақстандық індеттен сауықты

Коронавирус • Бүгін, 09:08

Ұқсас жаңалықтар