Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Пандемияның пайдасы
Үш тоқсанда азаматтарға 90,75 млрд теңге төленген. Бұл 2020 жылдың үш тоқсанындағы төлемнен 22,08 пайызға аз. Ұлттық банктің дерегінше, төлем тек қана тәуекелді сақтандыру сегментінде ғана төмендеген, ал өмірді сақтандыру сегментінде керісінше төлем көлемі 14 пайызға өскен. «Халык-Life» өмірді сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Жанар Жұбаниязова пандемия сақтандыру саласында цифрлы технологияларды дамытуға серпін бергенін айтады.
«Секторда сақтандыру өнімдері онлайнға көшіріліп, мобильді қосымшалар пайда болды. Құжат айналымының кейбір бөлігі қашықтан басқару режіміне ауысты. Клиентке ақпаратты тез жеткізу үшін чат-боттар енгізілді. Компаниялар әлеуметтік желіні кең көлемде пайдалана бастады. Осының бәрі клиент пен компания арасындағы оффлайн қатынасты азайтты, сол арқылы клиенттердің уақыты үнемделді. Қазір қарапайым өнімдерді компания сайты арқылы 5 минутта сатып алуға болады. Серіктестермен, мемлекеттік базамен интеграция жасау арқылы қызметтерді тұтыну біршама жеңілдеді» дейді Ж.Жұбаниязова.
Маркетплейс, мобильді қосымша сайт секілді сатылымның жаңа каналдарының дамуы; жекелеген сақтандыру өнімдері бойынша делдал қызметінен бас тарту; клиенттерге қызмет көрсетудің жеделдеуі – бизнестің жаңа моделін қалыптастырып, тың трендке айналды.
«Big-data технологияларын пайдалану мәліметтердің қосымша көлемін талдауға және пайдалануға, содан кейін олардың негізінде тәуекелдерді бағалау, баға белгілеу, нарықты сегменттеу, маркетинг саласында модельдер мен шешімдерді және жаңа өнімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Сақтандыру бизнесін цифрландыру нәтижесінде өнімдер түсінікті әрі арзан бола түседі» дейді «Халык-Life» төрағасы.
«Коммеск-Өмір» сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Олегь Ханин сектордың келешегі InsureTech-ке байланысты екені толық айқындалғанын жеткізді.
«Оны қарапайым мысалдан да түсінуге болады. Кез келген адам үшін денсаулық, үй және көлік маңызды. Жақын келешекте осы бағыттар үшін жаңа сақтандыру өнімдері жасалады. Мысалы, КАСКО-дағы телематика (жүргізушіні бақылау жүйесі – ред). Бұл жүйе көлік апатын азайтады. Қазір әлемде жүргізушісіз көліктер сынақтан өткізіліп жатыр. Егер ол қолданысқа енгізілер болса, автокаско бойынша барлық сақтандыру өнімдері өзгеріске ұшырайды», дейді Олегь Ханин.
Мысалы, Smart Health Insurance өз денсаулығыңды басқаруға арналған құралдармен интеграцияланса, келешекте ақылды үйлер қожайынын оятады, автокөлікті қыздырады, кофе дайындайды. Ханиннің сөзіне қарағанда, болашақта осындай жайлы жағдайға ие, денсаулығын күтетін және зиянды әдеттен аулақ азаматтар сақтандыру құнын азырақ төлейді.
Проблема да бар
Әрине, сақтандыру қызметін тұтыну үшін халықтың әл-ауқаты да жоғары болуға тиіс. Жақында өткен қаржыгерлердің IX конгресінде мамандар батыста сақтандыру қызметімен халықтың 90-95 пайызы қамтылса, бізде 37 пайыз төңірегінде екенін және халық табысының аздығы да сектор аясын тарылтып тұрғанын мәлімдеді. Сақтандыру мәдениетін арттыру үшін не істеу керек?
«Халықтың қаржылық сауаттылығын, қаржылық ақпараттарға қолжетімділігін арттыру керек. Көп клиент аражігін ажыратып жатпай түрлі өнімдерді сатып ала салады. Негізінен міндетті саналатын автокөлік, кепілді мүлік немесе қарыз алушыны сақтандыру сияқты қызметтер ғана сұранысқа ие. Көбі тұтынушының қандай құқығы бар екенін, ол бұзылса не істеу керегін біле бермейді. Ол үшін халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға күш салып, сақтандыру өнімдерінің мәні мен маңызын түсіндіру қажет», дейді Ж.Жұбаниязова.
– Осыған қарамастан секторда позитив тенденциялар бар, – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төр-
ағасы Мәдина Әбілқасымова. – Соңғы үш жылда нарық активтері 64 пайызға өсіп, 1,7 трлн теңгені құраған. Міндетті сақтандырудың барлық түрі электронды форматқа көшірілген.
«Сақтандыру ұйымдарының инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілді және 2020 жылы Unit-linked-тің инвестицияларға қатысуымен алғашқы сақтандыру шарттары жасалды. Жинақтаушы сақтандыруда 2021 жылғы қаңтардан бастап ұзақмерзімді сақтандыру өнімдері бойынша салық жеңілдіктері енгізілді. Зейнетақы аннуитеттерінің қолжетімділігін арттыру үшін оның ең төменгі құны 40%-ға дейін төмендетілді және кейінге қалдырылған аннуитет енгізілді. Нәтижесінде, сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемінде ерікті жеке сақтандырудың үлесі 43%-ға дейін ұлғайды. Осылайша, біз жинақ құралы ретінде өмірді жинақтаушы сақтандырудың өсуін байқаймыз» дейді агенттік төрағасы.
Қазір бізде 27 сақтандыру ұйымы жұмыс істесе, соның 9-ы өмірді сақтандырумен айналысады. Сақтандыру мәдениеті қалыптаспаса олардың толайым табыстан қағылғаны қағылған. Енді оған цифрландыру үрдісі келіп қосылып, сектор жұмысын тіпті қым-қиғаш етіп жіберді. McKinsey сарапшыларының болжауынша, 2025 жылға таман корпоративті табыстың 30 пайызын цифрлы бизнес-экожүйелер беретін болады. Міне, осыған қарап «алаған қолым береген» дейтін компаниялардың жан шырылын түсінеміз. Бізге – сақтық, ал сақтандырушыға ақша керек.