Әлем • 07 Желтоқсан, 2021

SpaceX дағдарыс алдында

1344 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Илон Маск SpaceX қызметкерлеріне компанияның банкрот алдында тұрғанын хабарлады. Компания иесінің айтуынша, Starship зымыранына арналған қозғалтқыш жасау компания үшін көп шығын әкелген. Ал Starlink спутниктік интернет жобасы болса қаржылық жағынан әлсіз болып шыққан, оған қоса оны қайта іске қосу қажеттілігі туындап отыр.

SpaceX дағдарыс алдында

SpaceX-ті әбігерге салып отырған Starship зымы­ра­нына арналған Raptor қозғалтқышы. Зымы­­ран­­ның бұл бөлігін жасау мекемеге тиімсіз болып тұр. Компания басшысы бұл хабарды қызмет­кер­леріне хат арқылы жеткізген. И.Масктың хаты кейін­н­ен CNBC, Space Explored пен The Verge журна­лис­терінің қолына түскен. «Raptor-дың өндіріс­тік қолайсыздықтары өткен аптада басталды. Қозғалт­қыш жасау бірнеше апта бұрынғы жағдайдан нашар­лай түсті. Егер келесі жылы Starship кем дегенде екі аптада бір рет ұшу жиілігіне қол жеткізбесе дағда­рыс­тан құтыла алмаймыз», деп ескертті кәсіпкер.

Хабарды Илон Маск Америка құрлығында жаппай тойланатын Алғыс айту күнінің ертесіне жолдаған. Алдымен хатта мерекеден соң жақ­сылап демалуды жоспарлағанын айтып, алайда енді қозғалтқыш жасау жұмысын өзі бақылауға алып, демалыс күндері де өндірісте болатынын жеткізген. «Сөздің шынына келсек, алдымызда төніп тұрған үлкен қатердің алдын алу үшін бар күшімізді салуымыз керек», деп жазады И.Маск.

CNBC агенттігінің мәліметі бойынша, бұған дейін қараша айында SpaceX-тің қозғалтқыш қондырғылары бойынша вице-президенті Уилл Хельмсли жұмыстан кеткен. Ақпаратқа сүйенсек, бұрынғы вице-президент қозғалтқыш жасаудың төмен қарқынына байланысты Raptor жобасынан шеттетіліпті. Ұшу және ұшыру жөніндегі вице-президент Ли Розен де компаниядан кетті. Содан бері SpaceX басшылығы компания мәселелерін бақылап, жағдай бұрын болжағаннан әлдеқайда ауыр деген қорытындыға келді. И.Маск бұл туралы да қызметкерлерге жазған хатында айтқан.

«Raptor қозғалтқыштарын өндірудегі қиын­дықтар Starlink спутниктік интернет жобасына да әсер етуі мүмкін», деп ескертеді миллиардер. Оның айтуынша, орбитаға ұшырған Starlink жерсеріктерінің алғашқы нұсқасы «қаржылық жағынан әлсіз». Жобаның екінші нұсқасы жақсырақ, бірақ оны іске асыру үшін Starship үнемі қосулы болуы қажет. Қазір SpaceX Starlink спут­никтерін өндіруді арттыруды жоспарлап отыр. Алдағы меже – жылына бірнеше миллион құрылғы жасау. Дегенмен компания зымыран қозғалтқышын шығара алмаса, Starlink құрылғылар пайдасыз болмақ.

Raptor – сұйық метан және оттегімен жұмыс істейтін отын компоненттерін толық газдандыратын жабық циклді қозғалтқыш. Оны Starship ғарыш кемесінде және Super Heavy үдеткішінде қолдану жоспарланып отыр.