Тәуелсіздік • 07 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы Лондонда тойланды

414 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Лондонда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы сән-салтанатымен аталып өтілді. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі ұйымдастырған шараға жергілікті саяси, экономикалық және мәдени истеблишменттің өкілдері, журналистер, шетелдік дипломаттар және қазақ диаспорасы қатысып, қуанышқа ортақтасты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы Лондонда тойланды

1991 жылы Қазақстан туралы Ұлыбританияда көп адам біле бермейтін. Ел егемендігін алғаннан кейін тура бір ай өткен соң екі ел арасында дипломатиялық әріптестік орнатылды. Бүгінде Біріккен Корольдік Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. 30 жыл ішінде көптеген салалар бойынша екіжақты қарым-қатынастар орнатылып, олар жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

Мерекелік шара барысында қонақтарға, сондай-ақ, Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер мен Қазақстан-Британ қатынастары дамуының негізгі кезеңдері туралы баяндалды. Қазақстанның Біріккен Корольдіктегі елшісі Ерлан Ыдырысов тарихи өлшем бойынша қысқа уақыт ішінде мемлекетіміздің Орталық Азияның ірі экономикасына айналғанын атап өтті. Кешке Ұлыбританияның Еуропа және Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Венди Мортон арнайы келіп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

«Үш онжылдық көлемінде дипломатиялық әріптестігіміз нығайып келеді. Сіздер тауарлар мен қызметтер саудасының көлемі жылына шамамен 1,4 миллиард стерлинг фунт болатын Орталық Азиядағы біздің ірі серіктесімізсіздер. Сонымен қатар Қазақстан Ұлыбританияның климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі негізгі жаһандық әріптестерінің бірі», дейді министр.

Шарада «Қос арна» этнофольклорлық ансамблі Ұлыбритания жұртшылығын ұлттық өнермен сусындатты. Жас өнерпаздар домбыра, қобыз, сыбызғы және жетігенде ойнап, жиналғандарды Ұлы даланың музыкалық жауһарларымен таныстырды. Е

Аида Жаханбек Ұлыбританиядағы Шеффилд университетінің музыка факультетінде оқиды, ал оның інісі Азамат Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық музыкасы факультетінің студенті. Кеште олар «Шилі өзен» әнін және Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін нақышына келтіріп орындап, зор қошеметке ие болды. Сонымен қатар ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен ағылшындарға етене таныс «Төбемнен тамшылаған жаңбыр» әнін айтып, көпшілікті таң-тамаша етті.

«Бұл шығармаларды таңдаған себебіміз қазақ халқының әрбір аспабын жекешелеп көрсету және де қазақ аспаптарымен тек қана дәстүрлі музыканы ғана емес, соған қоса поп жанрындағы және джаз жанрындағы бүкіл әндерді орындауға болатындығын көрсеткіміз келді», дейді Азамат Жаханбек.

«Қос арнаны» тыңдау арқылы мен өте ерекше әсерге бөлендім. Ұлттық аспаптардың даусы ғажап. Домбырадан басқаларын бұған дейін естімеген екенмін. «Аққу» күйін орындаған кезде сол құстарды көз алдыма елестеттім. Әсіресе, аспаптардың күшімен олардың даусын салған кезде ғажап сезімге бөлендім», дейді британиялық Джил Браун.

Қонақтар отандық суретшілер мен дизайнерлердің еңбектері қойылған көрмеге қатысты. Атап айтқанда олардың назарына белгілі суретші Айғана Ғалидің еңбектері, сондай-ақ Глазгодағы БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі халықаралық конференциясында қойылған Қазақстан балаларының жаһандық жылыну тақырыбындағы суреттері ұсынылды.

Кеш қонақтарын «Silk Road Fashion London» компаниясының қолдауымен қазақстандық дизайнер Айдана Омарованың «Omabelle» брендінің ұлттық костюмдерін киген модельдер қарсы алып, шығарып салды. Сонымен қатар ескі дәстүр бойынша «сарқыт» ретінде Қазақстан туралы жазылған кітаптар мен апорт алмасы сыйға тартылды.