Қоғам • 07 Желтоқсан, 2021

Біздің күш-қуатымыз берекелі бірлікте

802 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Конфессияаралық келісім – Қазақстан Тәуелсіздігінің негізі». Еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Конфессияаралық және өркениетаралық үнқатысуды дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының алаңында өткен халықаралық конференция осылай аталады.

Біздің күш-қуатымыз берекелі бірлікте

Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің қолдауымен ұйымдастырылған конференцияға қатысушылар Қазақ­станның тәуелсіздік жылдарындағы конфессияаралық келісім, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту, әлемдегі дінаралық диалогты ілгерілету саласындағы жетістіктерін сөз етті. Басқосу барысында мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі ретінде жаһандық дінаралық диалогты одан әрі дамытуға күш салу мәселелері де талқыланды.

Іс-шараны ашқан Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев осы саладағы жетістіктерге тоқталды. «Біз Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен Мемлекет басшысы Қ.То­қаевтың сындарлы стратегиялық бағы­ты­ның арқасында түрлі конфессиялар мен діндердің өкілдері үйлесім мен өзара сыйластықта өмір сүретін бірегей мем­лекет құрдық. Бұл сөзімізге жиырма жыл бойы өңірлік және жаһандық тұрақ­тылықты нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының жоғары рухани съе­зін өткізуде Қазақстанның тәжірибесі көрнекі мысал бола алады», деп атап өтті Б.Сәрсенбаев.

Құттықтау сөзінде қастерлі Тәуелсіздік туралы әрбір пікірдің қашанда құнды әрі қадірлі екенін айтқан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев: «Қазақстан тәуелсіздігінің тарихы беттерін парақтар болсақ, ел дамуының негізгі саяси ұстанымы бірлік пен татулық екенін көреміз. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі өткізіліп отырған іс-шараның маңызы зор», деді.

«Уақыттың ұлы көшіне ілесіп, іргелі ел болу жолында ата-бабаларымыз өзінің тұтастығын халық бірлігі мен берекесін көзінің қарашығындай сақтай білген. Ға­сыр­­лар тоғысып, заман алмасқан тұста да қазақ халқы алауыздыққа жол бер­мей, қай ұлтқа болсын құшағын ай­қа­ра ашып, жомарттық танытқан текті ха­лық. Қазақ­стан бірнеше дін өкілінің ең­бек­сүй­гіш болмысын насихаттау арқы­лы барлығымыздың ортақ аяулы Отаны­мызға айналды», деген С.Егізбаев бұл тұр­ғыда тәуелсіздік жылдары ел тұтас­тығын, бе­реке-бірлігі мен татулығын алға қо­йып, ел азаматтарының нәсілге, дінге бөл­мей текті өмір сүру ұстанымын нық қа­лып­тастырған Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың орасан еңбегін ерекше атап өтті.

Басқосуда саяси ғылымдар академия­сының академигі, профессор Қуаныш Сұл­танов Тәуелсіздігіміздің асыл тұғыр­ларының бірі – конфессияаралық, дін­аралық келісім екенін атап өтті. «Кон­фес­сияаралық, дінаралық келісім – қоғамдық келі­сімнің ең үлкен әрі ықпалды арнасы. Бұл ұғым тікелей адам құқығы, заң­дық кеңістікпен де тікелей байланыс­ты. Бұл маңызды салалардың барлығы да ортақ мүддеге жұмылады. Ортақ мүд­деміз – еліміздің тыныштығы, бейбіт өмір жасам­паздығы, әр адамның оқу, еңбекке еркін араласып, өз тұрмысын, әлеуетін жақ­сартып, қоғамда өзіне лайық орынға ие болуы», деді Қ.Сұлтанов. «Діннің ең жоғар­ғы миссиясы – сенім» деген Қ.Сұлтанов дінаралық келісімнің, сөз жоқ, алдағы уақытта да ел ынтымағының басты кепі­лінің бірі болып қалатынын айтты.

Ал Парламент Мәжілісінің Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы Айгүл Құспан еліміз­дің егемендігінің алғашқы сәттері­нен бастап-ақ жаһандық дінаралық диа­логты дамытуға күш салып келе жатқа­нына басымдық берді. Депутат Елба­сы Н.Назарбаевтың даналық саясаты­ның арқасында бүкіл әлемге танымал «Қа­зақстандық жол» деп аталатын мемле­кетімізде ұлтаралық және дінаралық келі­сім­нің өзіндік бірегей моделі құрылғанын айтты. «Қазақстандағы этностардың бей­бітшілік пен келісім кеңістігінде өмір сүруі – біздің басты байлығымыз. Ықы­лым заманнан бері қазақ халқы өзінің жеріне көшіп келген әрбір адамды жан жылулығымен, мейірімді ала­қа­нымен қарсы алғаны көпке аян», деді.

Сөзін «Тәуелсіздік – Алланың берген сыйы мен нығметі» деп бастаған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов егемендігімізді баянды ету әрбір азаматтың асыл борышы екеніне назар аудартты. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің уағыз насихат жұмыстарында жамағатты әр кез тек ел игілігі үшін еңбек етіп, тәуелсіздігімізді қадірлеуге шақырып келеді. Әрбір ата-ана өз ұрпағын тәуелсіздікті қастерлеуге үйретіп, тәлім-тәрбие беруде белсенді болуға тиіс. Мектеп мұғалімдері де оқушыларды отаншыл болуға баулып, болашақ маман иелеріне ізгілік пен адамгершіліктің негізінде білім бергені абзал. Біз баршамыз жастардың санасына «Мен елімнің ертеңі үшін қандай үлес қоса аламын?» деген ойларды сіңіріп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін барынша түсіндіруіміз қажет», деді Бас мүфти.

Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі алқалы жиынның тәу етер тәуел­сіздігіміздің ордалы отыз жылды­ғы қарсаңында өтуінің символдық ма­ңызына тоқталды. Тілі бөлек болғаны­мен тірлігі бір, діні басқа болғанымен тілегі бір діни өкілдердің ел егемендігіне қосқан үлесін атап өткен Д.Қыдырәлі ел газетіне жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында айтылған маңызды мәсе­лелерге тағы бір шолу жасап өтті.

Конференцияда сөз тізгінін алған Қаскелең Епископі, Астана епар­хия­сының викарийі Геннадий, Нұр-Сұл­тан қаласындағы Әулие Мария Рим-Котолик Архиепархиясының архиепис­копы Т.Пэта, Халықаралық Мәдениет арқылы бейбітшілік» ассоциациясының президенті Т.Мұхамеджанов, Kazakh TV халықаралық спутниктік телеарнасының бас директоры, ҚХА Төрағасының орынбасары М.Бекбаева, Нұр-Сұлтан қала­сындағы Бас Раввин Ш.Карнаух, Қазақ­стандағы Испания Корольдігі миссиясы басшысының орынбасары М.Фран Руис, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлес­ті­рушісі М.Фриберг-Стори, Герма­ния Федеративтік Республикасының Қазақ­стандағы елшісі Моника Иверсен, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық қоғамдастық, шетелдік дипломатиялық өкілдіктер, Қазақстандағы халықаралық ұйымдар өкілдерінің барлығы тарихи қысқа мерзім ішінде еліміздің барлық салада дерлік зор табысқа қол жеткізгенін атап өтті.

Халықаралық сарапшылар Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына, түрлі конфессиялар ара­сында бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін құруға, бірегей диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съезін ұйымдастырудағы айрық­ша рөлі мен үлес қосуына ерекше назар аударды. Іс-шара соңында конфе­ренцияға қатысушылар бірауыздан қазақ­стандықтарды ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығымен құттықтап, одан әрі өркендеу, Қазақстан халқына бейбітшілік пен келісім тіледі.