Экономика • 07 Желтоқсан, 2021

Өнеркәсіп саласы өркендеп келеді

684 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының индустриялық аймақтары өнеркәсіп саласының дамуына серпін беруде. Қазіргі таңда төрт өндірістік аймақта 8 мыңнан астам жұмыс орны мен 118 кәсіпорын ашылған. Жыл басынан бергі он айда 500-ден астам жұмыс орны мен жаңа 10 кәсіпорын іске қосылды. Одан бөлек, қосымша 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды. Нәтиже­сін­де, алдағы 5 жылда өнеркәсіп өнім көлемін 700 млрд теңге­ден 960 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.

Өнеркәсіп саласы өркендеп келеді

Үшінші мегаполисте өнді­рілген өнімдердің сапасы жо­ғары бағаланып, сұранысқа ие болуда. Мысалы, күні кеше Тә­уелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен 2021 жылғы «Алтын сапа» және «Парыз» сый­лықтарының жеңімпазда­ры арасында шымкенттік компания­лар да бар. Осы арада айта ке­телік, бұған дейінгі байқаулар­да Шымкент қаласындағы 7 компания «Алтын сапа» сыйлы­ғын ал­ған болатын. Биыл мегапо­листен байқауға қатысуға 11 компания өтініш білдірді. Президенттің «Алтын сапа» арнайы сыйлы­ғын Шымкент қаласынан «Эко­Фарм Интернейшнл» ЖШС алды. Медицина бұйымдарын шығаратын кәсіпорын «Халық үшін тауарлар шығаратын үз­дік кәсіпорындар» номина­ция­сының жеңімпазы атанды. Бұл – мегаполистегі тұтынушыға са­палы өнім ұсына алатын серік­тестіктердің бірі. Кәсіпорын жылына 140 млн дана медициналық бұйымдар шығаруға қауқарлы. Оның ішінде жылына 60 млн дана бір реттік стерильді вакуумдық пробиркалар, 40 млн данадан астам медициналық бір реттік стерильді екіжақты инелер және 40 млн дана ине ұстағыштар бар. Компания алдағы уақытта өнімдерін Ресей, Украина мен Өзбекстан нарығына шығаруды көздеп отыр. Сондай-ақ аталған шара барысында «Ұлы дала елі» сыйлығын Шымкент қаласын­да­ғы жиһаз шығаратын «Mega Smart» ЖШС алды. Ал «Ару Ана» гран-приін Шымкент қаласы Іс­кер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева иеленді.

1

Сапалы өнімі жоғары баға­лан­ған кәсіпорындар өзге әріп­тестері мен бәсекелестеріне үл­гі болары анық. Бұл орайда Шым­кентте өнеркәсіп саласын­да 718 кә­сіп­­орын белсенді жұ­мыс істеп жат­қанын, оның ішінде 605 өңдеу өнеркәсібінің үлесінде екенін айта кетелік. Өнеркәсіп өнімінің көлемі биыл 10 айда 632,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға артты. Бұл көр­сет­кіш бойынша Шымкент қала­­сы республикада 6-орында. Жыл соңына дейін өнеркәсіп өні­мі­нің көлемі 750 млрд теңге болады деп күтілуде. Өңдеу өнер­кәсібінде 551,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға өс­кен. Бұл көрсеткіш бойынша Шым­кент қаласы 9-орында. Өңдеу өнеркәсібі саласында 22 мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Он айда қалыптасқан жағдай және өң­деу өнеркәсібінің салаларына жасалынған талдау нәтижесі негізгі салаларда тұрақты өсу ди­­намикасы қалыптасқанын көр­сетіп отыр. Атап айтқанда, мұнай өңдеу өнімдерін өндіруде – 7%, машина жасауда – 60%, фармацевтика өнеркәсібінде – 3%, жеңіл өнеркәсіпте – 2%, сусындар өндіруде – 11%, дайын металл бұйымдарын өндіруде – 27%, химия өнеркәсібінде – 32%, жиһаз өндіруде 25 пайызға өнім көле­мі артқан. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық мәслихат депутаттары алдында берген есебінде биылғы 10 айда барлық салада оң даму динамикасы сақталғанын жеткізді.

«Өнеркәсіп өнім көлемінің индексі – 6,7%-ға, ауыл шаруа­шылығы – 1,2%-ға, инвестиция көлемі – 41,2%-ға, құрылыс жұмыстары – 11,8%-ға, пайда­лануға берілген тұрғын үйлер алаңы – 23,7%-ға, бөлшек сау­да көлемі 9,6%-ға артты. Бұл ста­тистикалық деректердің артында қаланың тыныс-тіршілігіне арналған үлкен жұмыс, тұрғын­дардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды істер бар. Әрбір бастамамыздың игілігін халық сезінуі қажет. Осы мақсатта қаланың бес жылдық даму жоспары қабылданды, ол жүйелі түрде іске асырылуда», деді қала әкімі.

Ауыл шаруашылығында 29 мың гектар жерге егістік егіліп, 85 мың тонна өнім жиналды. Ша­руаларды қолдауда 133 кәсіп­керге 2,6 млрд теңгеге субсидия бөлінген. Сонымен бірге 7,6 млрд теңгеге 17 жоба іске асып, 200-ден астам жұмыс орны ашылды. Ал қалаға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 41,2 па­йызға артып, 325 млрд теңгеден асты. Мегаполис мәртебесін ал­ған уақыттан бері қала бюджеті­нің көлемі 4 есеге артты. Жыл ба­сын­да бекітілген бюджет 388 млрд теңге болса, қазір 491 млрд теңгеге жетті немесе бір жыл­дың ішінде қала бюджеті 103 млрд теңгеге ұлғайды. Бюд­жет­тің 45 пайызы әлеуметтік са­ла­ға бағытталса, 25 пайызы даму жо­ба­ларын құрайды. Бұл көрсет­кіштерден бөлек қалада білім, ден­саулық сақтау, спорт, мәде­ниет, жұмыспен қамту секіл­ді бас­қа салаларда да жетістіктер бар.

1