Коронавирус • 09 Желтоқсан, 2021

Індет кезінде тыныштық та ем

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір Павлодар өңірі «сары аймаққа» өтіп, эпидемиологиялық ахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Дегенмен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Баянауыл ауданынан басқа, Аққулы ауданы және Екібастұз қаласы «қызыл аймақта» қалып отыр. Өткен аптада індет жұқтырған 56 091 науқас тіркелсе, 30 999 науқас – облыс орталығының тұрғындары.

Індет кезінде тыныштық та ем

Ал «сары аймаққа» Павлодар және Ақсу қалалары, Успен, Те­рең­көл, Железин және Ертіс аудан­дары өтсе, «жасыл аймақ­қа» Ақ­тоғай, Павлодар, Май, Шар­бақты аудандары енген.

Соңғы тәулікте індет жұқ­тырған 87 адам тіркелген (Пав­лодарда – 50, Екібастұзда – 15, Ақ­суда – 6 адам), оның 85-і дерттің симп­томдық түріне шалдыққан. Қазір облыс бойынша стационарда 731 адам емделуде.

– Жалпы, ауруханалардағы төсектік орындар саны 25 пайызға қысқартылды. Қазір 342 мыңнан астам адам 1 компонентпен егіл­се, 317 мыңнан астам адам екі ком­по­нентті қабылдаған. Облыс­қа екі компонентті Pfizer вак­цинасының 29 250 дозасы әке­лінген. Бүгінде екпе алған 1 726 адамның 1 155-і – жас­өспірім, 61-і – жүкті әйел, 510 әйелдің емізулі баласы бар. Облыста ревакциналау басталғалы 654 адам екпе алған, 58 жүкті әйел ем қабылдауда, 54 бала медициналық бақылауда, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының  бөлім басшысы Ерғалы Асылбек.

Облыс орталығындағы темір­жол ауруханасындағы емдеу орындары жабылса, №3 қалалық ауру­ханада төсек саны азайтылды. Эпидемиологтардың бағалауы бо­­йынша, өңірде сырқаттанудың ап­талық өсімі 22-28 қараша ара­лы­­ғында 684 жағдайды, 29 қараша мен 5 желтоқсан аралығында 596 жағ­дайды құраған. Облыстың виру­со­­логиялық зертханалары соңғы тәу­лікте 616 ПТР тест өткізді, өңірде бар­лығы 855 310 зерттеу жүргізілді.

Бірақ мониторингтік топ ка­рантин талаптарын бұзған ны­сандардың азаймай тұрғанын анық­тауда. Мысалы 3-6 жел­тоқ­сан аралығында рейдтік іс-шара­лармен 72 шағын және орта бизнес нысаны тексерілген.

Қалалық мәслихат депутаттары және Namys-PVL қоғам­дық ұйымының өкілі Ман­сұр Белгібаевпен бірлескен мо­ни­торингтік топтың жұмысы  жал­ғасуда. Нәтижесінде, облыс ор­талығындағы «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Сбербанк» АҚ, «Манақбай», «Отау» сауда үйлері, Royall hall мейрамханасы және басқа да нысандарда 12 шектеу шаралары тәртібін бұзушылық анықталды. Сонымен бірге індет кезінде әйелдерге қатысты құқық бұзушылық та байқалған. Успен ауданы әкімінің орынбасары Сәуле Жүніспаева ішкі істер, ішкі саясат, сондай-ақ әлеуметтік қорғау өкілдерінің қатысуымен зорлық-зомбылықтан әйелдер құқығын қорғау жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Аудандық ювеналды полицияның аға инспекторы Дамира Букаеваның айтуынша, іс-шара барысында әйелдерге қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Өйткені індет тараған уақытта отбасында тыныштық, татулық аса қажет. Отбасындағы тыныштық – рухани ем, көңіл қуанышы, балалар үшін бақытты өмір сыйлайды.

 

Павлодар облысы