Кеше Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев аталған ведомствоның өткен жылы атқарған іс-шаралары мен алға қойған жоспарлары туралы баяндап берді.
Кездесуде ол есептік кезеңде агенттіктің қызметі стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда, Мемлекет басшысының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағыты», «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауларында, сонымен қатар, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылу: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында берілген спорт және денешынықтыру саласындағы міндеттер мен тапсырмаларды іске асыруға бағытталғанын айтып, осы тапсырмалардың барлығы агенттіктің 2012-2016 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында көрініс тауып, стратегиялық бағыттарда жүзеге асырылғанын атап өтті.
– Біріншіден, бұл – денешынықтыру және спорт арқылы барша қазақстандықтардың саламатты өмір салтын қалыптастыру. 2020 жылға дейін денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесін 30 пайызға дейін жеткізу және халықтың спортпен жаппай айналысуы үшін спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін кеңейту мәселесін шешу, – деді ол. – Екінші бағыт – әлемдік спорт аренасында қазақстандық спорттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Үшінші бағыт – лотерея қызметін реттеу және ойын бизнесі саласындағы бақылау.
Осыдан кейін ол денешынықтырумен және спортпен айналысатын халықтың үлесі жоспарланған 23 пайыздан 23,2 пайызға, балалар мен жасөспірімдердің үлесі жоспарланған 11,5 пайыздан 12,5 пайызға жеткенін айтты. Сондай-ақ, агенттік басшысы брифингте журналистердің Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы Олимпиада нәтижелері туралы сұрақтарына жауап берді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».