07 Наурыз, 2014

Кодексті жетілдіру – уақыт талабы

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Алматыда «Жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі және қылмыстық сот ісін жүргізуді жаңғыртудың негізгі бағыттары» деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Дөңгелек үстелді кіріспе сөзбен ашқан Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов аталмыш конференция тақырыбының маңыздылығын ескере отырып, оған қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі. Одан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми Елбасы тапсырмасымен дайындалған жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасы тек қана заңгерлер мен сарапшылар тарапынан ғана емес, сондай-ақ жалпы қоғам тарапынан да кеңінен талқылауға ұшыраған құжат екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, конференцияда сөз алған Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің құқық қорғау жүйелері бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев, Еуропалық Кеңестің Венециандық комиссиясының азаматтық бөлімінің басшысы Сергей Кузнецов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының басшысы Наталья Зарудная, «Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова конференция барысында құқықтық тетіктерді жетілдіру мәселелері бойынша белсенді пікір-таластар болатынына сенім білдірді. – Өздеріңіз білесіздер соңғы үш жыл бойы біздің мем­ле­кеті­мізде Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасын жасау бойынша біраз жұмыстар атқарылды, – деді Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары Йоган Меркель, – өткен жылы бұл заң жобасы парламентке ұсынылып, халық қалаулылары оны бірінші оқылымда мақұлдады. Дегенмен, кейбір мәселелер бойынша екінші оқылымның талқылаулары жүріп жатыр. Ал бүгін өз жұмысын бастаған конференцияға біз заңгерлерді, депутаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері мен бірге халықаралық сарапшыларды да шақырып отырмыз. Талқыланып отырған мәселеде шетел сарапшыларының да ой-пікірлерін білсек деген ниетіміз бар... Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.