«Елбасының тікелей мұрындық болуымен өмірге келген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын мемлекеттің кезекті бір науқаны ретінде емес, қайта Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен өзгеріс әкелетін жалғыз жол деп танып отырмыз». «Егеменге» берген сұхбатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев осылай деген еді. Аймақ экономикасын дамытатын, жаңа серпін беретін бағдарламаның іске асуы қандай? Біз Қызылорда облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат ИМАНДОСОВПЕН болған әңгімеде осы тектес сауалдарға жауап іздеп көрдік.
– Алдымен аймақ дамуына шолу жасап өтсеңіз...
– Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі ретінде айқын айтылады. Биылғы жылғы Жолдауда инновациялық индустрияландыру трендін күшейтуге басымдық беріп, Үкіметке 2015-2019 жылдарға арналған үдемелі индустрияландырудың екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді. Осы ретте, облыс көлемінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі индикаторларының 2013 жылғы орындалуына тоқталып өтсем деймін.
Облыс бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі
1,3 триллион теңгені құрады. Өңірлік индустрияландыру картасындағы жобалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі жыл сайын артып келеді. Өңдеу өнеркәсібі саласында 65,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 19,3% артты. Аталған көрсеткіштің өсу қарқыны жағынан республика бойынша облыс 3-орында тұрғанын айтқан абзал. Кіл цифрға жүгініп кетті демеңіз, дегенмен, осы сандар арқылы атқарылған жұмысқа нақты баға беруге болады. Сонымен өңдеу өнеркәсібінің ішінде тамақ өнеркәсібі – 103,6%, жеңіл өнеркәсіп саласы – 120,8%, химия өнеркәсібі 3,4 есеге өскен. Кәсіпорындардың жұмысы да жандана бастады. Шиелі ауданындағы «Қазақстанның мұнай-химиялық Кемикал компаниясы» ЖШС Германияның «Краус Маффай» құрал-жабдығымен жабдықталып, өнім көлемін 2,1 есеге ұлғайтты. «СКЗ-U» ЖШС-нің өңірлік индустрияландыру картасы аясында жүзеге асқан күкірт қышқылы зауытында өндірілген өнім көлемі 3,6 есеге артты. «РЗА» АҚ тамақ өндірісі саласы бойынша Қызылорда облысында ең ірі кәсіпорын болып саналады. Өнім көлемі 2013 жылы 2012 жылмен салыстырғанда 25,6 пайызға көбейген. «Құрылыс» АҚ құрылыс саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын 2012 жылы 89,7 мың тонна өнім өндірсе, 2013 жылы 117,0 мың тонна өнім өндірген. Ал шикізаттық емес тауарлар экспорты көлемінің үлесі 1,5% құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 0,1% жоғарылап отыр. Осы орайда біз күріш, балық мұнай, уран, қара темір қалдықтары, сұйытылған газ секілді өнімдерді экспортқа шығарып отырғанымызды айта кетейін.
Атап айтқанда, 2013 жылы Кеден одағын есептемегенде, шетелге шығарылған экспорт көлемі 1 миллион 396 мың тонна көлемін құраса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 1 миллион 352 мың тоннаны құраған. Оның ішінде экспортқа шығарылған ақталған күріш 35,8 мың тоннаны құраса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 22,5 мың тонна болған. Балық филесін экспорттау 101,2 пайызға артқан. Сұйытылған газ көлемін шетелдерге шығару 49 мың тоннаға көбейген.
Аймаққа инвестиция тарту ісінде де елеулі өзгерістер бар. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2013 жылы 371,3 млрд. теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 40 пайызға немесе 118 млрд. теңгеге өсті. Бұл көрсеткіштің өсу қарқыны
Ал өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі есепті кезеңде 3,1 млрд. теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 7,4% артқанын көруге болады.
Сонымен қатар, облыс әкімдігі тарапынан 2020 жылға дейінгі аймақтың индустриялық-инновациялық дамуы туралы тұжырымдама әзірленіп, алдағы бесжылдықта өңірде дамитын 6 сала айқындалды. Олар ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс материалдары саласы, машина жасау, металлургия, жаңартылмалы электр энергия көздерін дамыту болып табылады.
– Облыста индустрияландыру картасы қалай жүзеге асып жатыр?
– Индустрияландыру картасы аясында жалпы
құны шамамен 152 миллиард теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылуда. Оның ішінде өңірлік картада – құны 132,9 миллиард теңгені құрайтын 23 жоба мен республикалық картада – құны 18,8 миллиард теңгелік 1 жоба бар.
2013 жылы шыны зауыты құрылысы үшін Қызылорда қаласында орналасқан индустриялық аймақтан 50 гектар жер телімі бөлінді. Қазіргі таңда, шыны зауытының құрылысы жүргізілетін аймақта инженерлік инфрақұрылым жасалып жатыр. Бұйыртса, биыл зауыт құрылысын бастау жоспарда тұр. Жобаның жүзеге асырылуы облыстың өнеркәсіп саласына жаңа серпін беріп, өңір экономикасын дамытуға оң ықпал жасайтын болады. Бүгінде дүниежүзінде шыны өндіру саласында 5 ірі трансұлттық компаниялар жұмыс жасауда. Атап айтқанда, Ұлыбританияда «Пилкингтон», АҚШ-та «Питсбург Плате Гласс Индустриес», Жапонияда «Асахи Гласс Жо», Полшада «Жан», Түркияда «Шишежам» компаниялары. Қазіргі таңда жоба жетекшісі «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ шыны зауыты құрылысына стратегиялық әріптес ретінде Түрік Республикасының «Шишежам» компаниясымен іске асыруды жоспарлауда. Осыған орай жақында Қызылорда облысы әкімдігінде «Шыны зауыты құрылысы» жобасын іске асыру жөнінде арнайы мәжіліс өткізіліп, инвестор – Түрік Республикасының «Шишежам» компаниясымен және тиісті басқарма, департамент басшылары және «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ өкілдерімен кездесу болып, жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, инвесторлар Қызылорда қаласындағы жылу электр орталығының жұмысымен танысып, зауыт салынатын жер телімін көрді. Үстіміздегі жылдың наурыз айында түркиялық «Шишежам» компаниясының басшылығы Астана қаласына арнайы іссапармен келіп «Бәйтерек» АҚ басшылығымен зауыт құрылысы жөнінде арнайы келіссөздер жүргізуді жоспарлауда.
Өңірлік индустрияландыру картасындағы 23 жобаның ішінде құны 78 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба 2010-2013 жылдар аралығында
іске қосылып, 800-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылған. Олардың ішінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызы бар, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлесін қосқан «Казгермұнай» БК» ЖШС халықты арзан бағадағы көгілдір отынмен, «РЗА» АҚ аймақ тұрғындарын және көршілес өңірлерді сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар бар. Сондай-ақ, электр энергиясын өндіруге бағытталған 3 жоба, машина жасау өндірісіне серпін берген «Азов Арал Агромаш» БК ЖШС-нің күріш жаткасын, шағын тракторлар шығару жобасы, облыста химия өндірісін дамытуға ықпал жасаған Жаңақорған ауданында «СКЗ-U» ЖШС-нің күкірт қышқылы зауыты іске қосылды. Күкірт қышқылы зауыты республика бойынша жалғыз күкірт қышқылын шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Мысалы, былтыр «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылы зауытының ІІ кезеңі ретінде жалпы құны 4,3 миллиард теңге
көлеміндегі 18,5 мВт электр энергиясын өндіретін энергокешені іске қосты. Энергокешеннің бір ерекшелігі күкірт қышқылын өндіру барысында бөлінетін будан электр энергиясы шығарылып, қоршаған ортаға залалы тимейтін инновациялық өндіріс болып саналады. Бұл өндірістің Қазақстанда баламасы жоқ. Сонымен қатар, «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» кешені өткен жылдың желтоқсан айында жұмысын бастады.
Жалпы алғанда, 2014- 2018 жылдары индустрияландыру картасындағы құны 74 миллиард теңгені құрайтын
ауыл шаруашылығы, құрылыс, химия, мұнай өңдеу, машина жасау, металлургия салаларын қамтитын
10 инвестициялық жоба іске қосылып оның аясында 2000-ға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.
– Индустриялық аймақ құрылып жатқанын білеміз. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Облыс көлемінде жаңа өндіріс орындарын құруды қолдау бойынша ірі көлемде жұмыстар жүргізілуде, өңірге инвестицияны молынан тарту үшін индустриялық аймақтар құрып жатырмыз. Ол аймаққа инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жасалуда. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы аумағынан
индустриялық аймақ құру үшін 760 гектар жер бөлінген.
Онда 3 кәсіпорын орналасқан. Оларға бөлінген жер көлемі 57,2 га құрайды. Қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы «ЦКЗ» шағын ауданынан өндірістік аймақ құру үшін 44 гектар жер телімі берілді. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 25,6 миллион теңге бөлініп, қажетті инженерлік инфрақұрылым жасалды. Қазіргі таңда осы өндірістік аймақтан 3 кәсіпорынға 20,2 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстың 7 ауданында индустриялық аймақтар құрылу үшін жер телімдері бөлінген. Және жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыстары жасалып жатыр.
– Былтыр «Байқоңыр» инвестициялық форумы бір емес, екі рет өтті. Нәтиже бар ма?
– Осы форум аясында қаржы, білім саласы, металлургиялық кластерді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойында жол сервисі нысандарының құрылысы, ауыл шаруашылығы, индустриялық-инновациялық даму және туризм салалары бойынша 25 меморандумға қол қойылды.
Оның ішінде біздің басқарма «Контракт Десигн плант» консорциумы арқылы «Нанобетонға арналған стандартты құрғақ құрылыс қоспаларын, құрылыс құрылымдарын, бетон ерітінділерін әзірлеу» зауыты инвестициялық жобасын іске асыруды жоспарлануда. Жоба 2014 жылы Қызылорда қаласында іске асырылатын болады. Ал оның құны 20,8 миллиард теңгені құрайды. Жобаның алғашқы кезеңінің өзінде 300 адамды тұрақты жұмыспен қамту ойда бар. Ал толық қуаттылықта жұмыс істеген жағдайда 1000-ға тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, шетел капиталын тарта отырып, жүзеге асырылатын жобалар да бар. Атап айтқанда, күн электр стансасының жобасы. Ол бойынша былтыр желтоқсан айында «Жаңақорған энерджи» ЖШС құрылды. Ал цемент зауыты жобасы бойынша қазіргі таңда ҚХР компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.
Бұл инвестфорумның нәтижесіз болмағанын көрсетсе керек. Алдағы уақытта да аймаққа жаңа инвесторлар тартып, жұмыс орындарын ашу үшін мұндай форумдарды ұйымдастыра беретін боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.