Қазақстандағы тұңғыш автокөліктер құрастыратын “Азия-Авто” зауыты 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, инвестиция тарту нәтижесінде ашылған еді. 7 жылдың ішінде кәсіпорыннан көліктердің “Volkswagen Group”, “General Motors”, “Renault-Nіssan-АвтоВАЗ” және “KІA Motors”, “Skoda” (Octavіa, Octavіa Tour, Superb), “Chevrolet” (Captіva, Epіca, Lacetttі), Lada 4x4 түрлері шығарылды. Үстіміздегі жылдың ІІ тоқсанынан бастап “KІA” Sorento, Mohave және Cerato түрлері өз тұтынушыларына жол тартпақ.
6 мамыр күні көліктің жаңа түрі “Chevrolet Cruze-нің” тұсауы кесілді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа көліктің шығуына байланысты салтанатты жиында сөз алды.
– Біз ұзақ жылдардан бері “Азия Авто” зауытымен бірге ынтымақпен жұмыс істеп, қазақстандық көлік индустриясын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан “General Motors” компаниясы басшыларына алғысымызды айтамыз. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес Елбасы қолдау жасап, аталмыш зауыттың дамуына мол қаржы бөлініп отыр. Алдағы уақытта Қазақстанның дербес автокөлік зауытын салу үшін Ертіс өзенінің сол жағалауынан 50 га жер бөліп бердік, – деді өңір басшысы.
– Үш мемлекеттің Кеден одағына енуіне байланысты кәсіпорынның жаңа көліктері Беларусь, Ресейге де жөнелтілмек. Жаңа маркалы көлік жанармайды аз жағады. Онда жүргізуші үшін барлық жағдай жасалған. Көліктің бағасы 16100 доллар шамасында. Қазақстанның барлық облыс орталықтарында “Бипэк Автоның” көлік саудалайтын филиалдары жұмыс істеп тұр. Бұл жерден кез келген тұрғын өзіне қажет тұлпарды сатып ала алады, – деді “Азия Авто” АҚ президенті Ержан Мандиев.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
ӨСКЕМЕН.