Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2021

Атырауда отбасы үлгісіндегі балалар ауылы ашылды

816 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау қаласының маңындағы Талғайраң елді мекенінде отбасы үлгісіндегі балалар ауылы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда отбасы үлгісіндегі балалар ауылы ашылды

Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаеваның айтуынша, Жайық өзенінің жағасында бой көтерген отбасы үлгісіндегі балалар ауылында екі қабатты 8 тұрғын үй бар. Мұнда 4 үй мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жабдықталса, қалғаны тәрбиешілердің балаларына арналған. Жалпы 80 орынға арналған балалар ауылындағы 7 отбасына 3-18 жас аралығындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 54 тәрбиеленуші қоныстанды. Ал, мәдени-спорттық кешенде би, мәжіліс, спорт және жаттығу залдары қарастырылған. Сондай-ақ монша мен ойын алаңдары ойын-сауық және дамыту құралдарымен жабдықталған.

Тәрбиеленушілер әкімшілік блоктағы коворкинг-орталықта шығармашылықпен айналысады. Сондай-ақ, өзін-өзі тану және әлеуметтік бейімдеу орталығы бар. Заманауи конференц-зал балалардың онлайн-режимде оқуына мүмкіндік бермек.

«Егемендіктің таңсәрі шағында жас буынға барлық жағдай жасалды. Біз үшін әр баланың қуанышы мен бақытты жүзін көруден асқан шаттық жоқ. Әсіресе, қиын жағдайға тап болған балаларды қамқорлыққа алып, қоғамнан өз орнын табуына қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылында тәрбиеленушілердің алаңсыз білім алуына, бос уақытын көңілді, мәнді өткізуіне толық мүмкіндік бар», деді Махамбет Досмұхамбетов.

Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының құрылысына «Каспий құбыр консорциумы» АҚ демеушілік көрсеткен.

«Атырау өңіріне қолдау көрсету – біздің компанияның басты міндеттерінің бірі. Бүгін біз жаңа әлеуметтік маңызы бар нысандарды пайдалануға тапсырдық. Бұл ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға аса қажет. Енді балалар ауылына автобус алып береміз», деді компанияның бас директоры Николай Горбань.