08 Наурыз, 2014

Он сегіз баланың бесеуі егіз

476 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
20140307_155951 «Елге ел қосылса – құт» деген сөздің мәнін терең ұғынатын халқымыз тәуелсіздік алысымызбен шет жерлерден ата-жұртқа атбасын тіреген ағайындарды құшағын жая қарсы алып, қуана қабылдады. Қатарымызға «Мен – қазақпын!» деп қандас кеп қосылса, кім қуанбасын?! 2009 жылы Түрікменстан Республикасының Мары облысынан Маңғыстау жеріне қоныс аударған Аяғұтовтар әулеті расында басымызды бір емес, бірнеше адамға көбейте келді. Көрші әрі туыстас қазақ-түрік­мен ежелден аралас-құралас. Ел басына қиындық орнаған зобалаң жылдары қазақтың мыңдаған отбасы түрікмен ағайындар арасына барып сағалағаны белгілі. Өсті-өнді, оқыды, еңбек етті, азат таңның ақжарма жаңалығы құлағына тиген соң, туған елге оралды. Бүгінде 64 жасқа қараған Тұрдыгөзел ананың да ата-анасы Маңғыстаудан 1930 жылдары көшкен екен. Түрікмен елінде өмірге келген Тұрдыгөзел 18 жасында, 1968 жылы өзімен құрдас қазақтың қара баласымен отасады. Он үш құрсақ көтерген, оның ішінде екі егізі бар анасының қасиеті беріледі деп ойламаған. Келген жері үш қыз, екі ұлы бар, ол кездің өлшемімен алғанда, шағын отбасы. Жалғыз інісінің шақалақтары тұрыңқырамай, қамкөңіл болып жүрген соң ағасы артына қарайлап, «Үйдің ішін қаңыратып қалай кетеміз? Інім балалы болсын, сосын бөлек үй шығарамыз» деген шешімге келеді. Енесімен, келінімен сырлас, дос болып кеткен Тұрдыгөзел осылайша 16 жыл ата-енесіне қызмет етіп, қайнысы перзентті болған соң, үлкендердің ақ батасымен отау көтереді. Батаның аты – бата, көктеді, торсық шеке ұлдар мен тұлымшағы желбіреген қыздар өмірге бірінен соң бі­рі келді. 18 құрсақ көтерген Тұрдыгөзел апа оның бесеуін егіз етіп өмірге әкелді. 1969 жылы тұңғыш қызын бауырына басып, ана атанды. 1970 жылы ұл мен қызды, 1975 жылы Омар, Оспан есімді екі ұлды, арада алты жыл өткенде Зита, Гита атты екі қызды дүниеге әкелсе, тағы үш жылдан соң Айман, Шолпанды босанды. Айман, Шолпан екі жасқа жете бергенде Якуб пен Маржан келді. Бұлардың арасында 1971, 1973 жылдары екі ұл сүйсе, 1977 жылы қыз балалы болды. Бір жылдан соң бұл отбасыға Төлеген атты батыр қосылды. 1980 жылы, 1988 жылы тағы да қыз балалар туылды. Ал сүт кенжесі Ахмет – тәуелсіздігіміздің құрдасы. – Түрікменстанның ауыл ша­руашылығы саласында еңбек еттік. Құдайдың берген балаларын шектеп, санаған жоқпыз, бағып-қақтық, өсірдік. Әр бала өзінің несібесімен туады деген рас екен, бірін-бірі жетектеп өсті. Жолдасым Сульфатбай 2001 жылы қайтыс болды, –деген алтын құрсақты ана Тұрдыгөзел жолдасының есіміне байланыс­ты әңгімені айтып берді. Қат-қабат шаруа арасында қолы тимей жүрген енесі бірде ұлына құжат шығарту үшін кеңсеге келеді. Ауылдағы үлкендердің қойып жіберген есімін ұмытып қалады да, өздері жасайтын жұмыс орнымен байланыстырып «Сульфатбай» деп жаздырып жібереді. Аяғұтовтар қазір Мұнайлы ауданының Қызылтөбе-2 ауылында тұрады. Тағдырға шара жоқ, бүгінде 18 баланың 5-уі өмірден өткен. Ананың өзі «көптігіне таңғалмайтын пенде жоқ еді» деп тіл-көзден көреді. Бүгінде қыздары түгел тұрмыс құрған, ұлдарының екеуі үйленбеген. 33 мың теңге зейнетақы алатын Тұрдыгөзел ананың баспанасы жоқ, үйленбеген қос ұлын ертіп, келін-балаларын қыдырыстап жүреді. Қызылтөбе ауылында үйдің кезегінде тұр, сөз арасында ана бұл тұрғыдағы арман-тілегін де іріккен жоқ. «30 немерем бар, өз балаларымның алды 40-тан енді асты, әзірге шөберелі бола қойған жоқпын. Ел деп, жер деп көшіп келдік. Тәубе! Еліміз, Елбасымыз аман болсын! Жастар аман болсын. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала бол­са, ауыздағы кетеді» дегендей, тыныштық, татулық болсын! Сон­да бақ-берекенің өзі келеді», дейді ана. Сөзіне құлақ түріп отырып қазақ­­тың әрбір келіні Тұрдыгөзел ана­ның жолын жалғастырса дейсің іштей... Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.