Экономика • 22 Желтоқсан, 2021

Қаржы секторында клиент құқығы қорғалып жатыр ма?

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тұтынушылар құқығы – нарықтағы өзекті мәселе. Елімізде қаржы нарығы саласында құқығы бұзылғандардың өтінішін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарастырады. 2021 жылы агенттікке 27 мың өтініш келіп түскен. Соның 66 пайызы банктердің заңсыз әрекеттерімен байланысты екен.

Қаржы секторында клиент құқығы қорғалып жатыр ма?

Арыз-шағымның 30 пайызы микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ), 3 пайызы коллекторлық агенттіктердің белден басқан әрекеттеріне байланысты.

«Өтініштердің көпшілігінің мәні – проблемалық берешекті реттеу, оның ішінде берешекті қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру рәсімдері арқылы реттеу, қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту жөніндегі ұсыныстарды қарау мәселелері», делінеді ведомство хабарламасында.

Агенттік жүргізген құжат­та­­малық тексерулер нәтижелері бойынша 93 қаржы ұйымына және 21 коллекторлық агенттікке жалпы сомасы 25,5 млн теңге болатын шара қолданылып, 54 жазбаша ұйғарым мен 87 әкімшілік жаза бекітілген. Сондай-ақ қада­ға­лаушы азаматтарға тікелей ке­ңес береді.

«2021 жылы Call-орталық және жедел желі арқылы азаматтардан 5 570 қоңырау келіп түсті. Шама­мен 5 мың қаржылық қыз­мет­терді тұтынушымен кездесулер ұйымдастырылды, олар­дың мәсе­лелері бойынша жан-жақ­ты түсініктемелер бері­ліп, құқықтық қолдау көрсе­тіл­ді. Агенттіктің жәр­дем­дес­уі нәтижесінде банктер мен МҚҰ 6 мыңнан аса азаматтың қарызын қайта құрылымдады. Агенттік атқарушылық іс жүргізу рә­сім­дері шеңберінде азамат­тар­­дың құқықтарын қорғау бойын­ша шаралар қабылдады. Ма­ман­дар 1 305 сот отырысына қа­тысты, оның ішінде 1 100 талап-арыз бойынша шешім қарыз алушылардың пайдасына шы­ға­рыл­ды», делінеді хабарламада.

Нарықтағы келеңсіздіктерді реттеу үшін агенттік Алматы қа­ла­сы әкімдігімен, 18 банк және 9 қо­ғамдық бірлестікпен, сонымен қатар коллекторлық агенттіктер қауымдастықтарымен меморандум жасасқан. Тұтынушылық кредит­теудегі тәуекелдерді ба­рын­ша азайту үшін агенттік банктер мен МҚҰ үшін, қарыз алу­шылардың төлем қабілетін міндетті түрде бағалау жөніндегі талап енгізген. Яғни кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды. Азаматтардың борыш жүктемесі қарыз алушы кірісінің 50 пайызынан аспайтын деңгейде шектелді.

«Биыл 1 қазаннан бастап банк­тер мен МҚҰ үшін міндетті, азаматтардың кредиттері бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі заңнамалық деңгейде енгізілді. Енді банк­тер мен МҚҰ проблемалық қа­рыз алушылардың қаржылық жағдайын жеке тәртіппен баға­лауға және мерзімі өткен бере­шекті қайта құрылымдау талаптарын айқындауға міндетті болады. Мәжіліс депутаттарының ұсынысы бойынша мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі заң жобасына төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен жағдайда жеке тұлғалардың кредиттері бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу жөніндегі түзету енгізілді. Бұл норма тұтынушылық қарыздар бойынша төлеу мерзімі өткен жағдайда азаматтардың кредит берешегінің өсуін шектейді», деп хабарлайды агенттік.