Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2021

Арқа төсінде – ауқымды жобалар

434 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Піл сауырлы Арқа төсінде кеңінен созылып жатқан Қарағанды облысында тәуелсіздік жылдары аз жол салынбады. Соның ішінде ең ауқымды екі жобаны бөле-жара айтуға болады. Мысалы, 1998 жылы Алматы-Астана күре жолындағы ұзындығы 192 шақырым болатын Гүлшат-Ақшатау жол бөлігінің құрылысы жүргізілді.

Арқа төсінде – ауқымды жобалар

Бұл жобаға инвестиция шет­елдік қаржы институттарынан бөлінді. Нақтырақ айтар болсақ, «Азия даму банкінен» 41 млн доллар мөлшерінде қаражат құ­йылды. Ал жол құрылысын екі қазақстандық фирма және Ұлы­британияның «Балфор Битти» және Түркияның «Менсел» компаниялары «Афдан» АҚ, «Жез­қазған жолдары» АҚ-мен бі­рігіп жүргізді. Жол салу жұ­мыс­­тары үш жыл қатарынан жүр­гізіліп, 2001 жылы сәтімен аяқ­талды.

Сонымен қатар 2001 жылы Қарағанды-Осакаров жол учас­кесінде мердігер ретінде түрік фир­масы «Интес-Исот» жұмыс жүр­гізіп, халықаралық қаржы ұйым­дары бөлген инвестицияны игілікке жаратты. Сапалы жол 2003 жылы толығымен пай­да­лануға берілді.

Одан кейінгі айтулы жоба­ның бірі – Осакаровка-Виш­невка жол учаскесі болды. Мұн­дағы жұ­мыс­тар­ды отандық «Жез­­­қазған жолда­ры» АҚ және «ЖелДорСтрой» бі­рік­кен меке­месі 2021 жылы бас­тап, 2003 жылы аяқтады.

Тағы бір ерекше атап өтер жоба – Қарағанды қаласындағы кіші айналма жол. Қазір бұл 7-ші магистраль деп аталады. Ұзындығы 34 шақырымды құрайды. Бұл учас­кенің құрылысы 2002-2003 жыл­­дары жүргізілді. Жоба жұ­мыс­­тарының 17 шақырымын «Қа­ра­ғанды жолдары», қалғанын «Жез­қазған жолдары» фирмалары атқарды. Айта кету керек, бұл жолдың салынуы облыс ор­талығы үшін аса маңызды болды. Себебі одан бұрын Қарағанды-Ал­маты күре жолымен жүрген авто­­көліктер легі қаланы қақ жа­рып өтетін. Енді олар қала ішінде кеп­телісті азайтып, ауасын ластамай, сыртпен айналып өте бастады.

Осы орайда, ұзындығы 88 шақырымды құрайтын Ал­маты-Гүлшат жол бөлі­гінде­гі Гүлшат-Сарышаған учаске­сінің құрылысын да тілге тиек ете кетуге болады. Бұл жұмыс­тарды халықаралық қаржы инс­титуттарының ақшасына «Ирдо» компаниясы жүргізді. 2001 жылы басталған жұмыс 2003 жылы мәресіне жеткен болатын.

Сонымен бірге Ақсу-Аюлы-Қарағанды, Ақсу-Аюлы-Ақшатау жол учаскелерінің салынуы да облыс экономикасы үшін маңызды рөл ойнады.

Жалпы, Қарағанды облысында ауылдар арасындағы жолдарды қосқанда, барлығы 12 440 шақырымға созылатын жол бар екен. Оның 2 785 шақырымы рес­публикалық маңыздағы жол­ға жатады. Осы орайда «Жол ак­тивтерінің ұлттық сапа орта­лығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының директоры Айбол Бидайбеков мынадай мысал кел­тіреді. «Біздің елімізде жолдың 1 мың шаршы километрге орналасуы 35,6 шақырым екен. Ал бұл көрсеткіш Ресейде 44 шақырымға тең келетін көрінеді. АҚШ-та тіпті жоғары – 1 мың шаршы километр­ге орналасуы 670 шақырымнан келеді. Яғни бізге бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымын арттыра түсу керек. Өйткені біздің жеріміз кең, елді мекендеріміз бір-бірінен алшақ орналасқан. Ал аудандар, ауылдардың арасын жалғайтын жолдар тым аз», дейді ол.

Иә, бұл сөздің жаны бар. Жаңа жол салу былай тұрсын, қазір облыстық маңыздағы біраз жолдар сапасының сын көтер­мейтіні де шындық. Дегенмен Қа­рағанды облысы бойынша жол құрылысы саласында серпіліс бар. Қазіргі таң­да облыстың қалаларында, аудан орталықтарында, тіпті ауыл­дық елді мекендерде мүм­кін­дігінше жолдар салынып, жөнделіп жатыр. Мысалы, былтырдан бастап Майқұдық елді ме­ке­нінде ұзындығы 10,5 ша­қы­рымнан асатын күре жол тү­бегейлі жаңғыртылды. Сондай-ақ Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Теміртау қалаларында сала бо­йын­ша ірі жобалар жүзеге асты.

 

Қарағанды облысы