Әдебиет • 23 Желтоқсан, 2021

Кісіліктің күзетшісі – сенім

256 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адам жаны – мың түрлі құбылыс. Оның тереңіне қандай да бір пси­хо­ло­гиялық, менталдық талдаулармен жете қоймайсың. Кейде мұхит­тың тереңіндегі Мариана шұңғымасынан да әрі жатыр ма деп ойлайтынымыз бар. Әйткенмен, әдебиетте сан түрлі образдар жиынтығына түрлі тәсілдермен барлау жасалып жатады.

Кісіліктің күзетшісі – сенім

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Шығармалары жаһанның тоқсан­ға жуық тіліне тәржімаланған Пау­ло Коэльоның қай туындысы да оқырмандарын бейжай қалдыр­ған емес. Әлбетте, әркім әртүрлі қабыл­дайды. Солай болуы – заң­дылық.

«Жарық жауынгерінің кітабы» 1997 жылы жазылған. Бұл Пауло Коэльоның реттік жағынан келсек, жетінші романы.

«Жарық жауынгерінің кітабы» әдеттегі сюжеттерден тұтасымен ажыратылған. Бұл стилистикалық тұрғыдан өңделген және көркем түрде қайта ойластырылған ас­тар­­лы әңгімелер, афоризмдерден тұрады десек те болады. Кітап­тың семантикалық өзегі – дана­лық пен даралықты біртұтас жиын­тық­қа біріктіретін жарық жалған жауын­герінің романтикалық бейнесі. Бір образдың ішіне мың түрлі мінез бен пайымдау сыйып кеткен. Олардың әрқайсысы адамзат тыныштығының күзетшісі болуға ұмтылады.

Кездесулердің бірінде жұмбақ қонақ балаға жарық жалғанның жауынгері туралы романның мәтінін жазады, оны жас студент дәптерге түсіреді. Тосын «сабақ» түгесілген шақта бейтаныс адам өз атын атамай жоғалады. Роман негізінен философиялық пайымдаулардан тұрады.

Туындының басты миссиясы – жарық жауынгерінің бейнесін ашу. Әсілінде, автор адамзаттың мистикалық қорғаушысы қайдан пайда болғандығы туралы тұспал­дап та айтпайды. Бейненің шығар­ма­дағы маңызын түсіну үшін «ж­а­рық жауынгерінің» мораль­дық принциптері мен рухани құндылық­тарына назар аударады.

Жауынгердің басты қаруы – сенім, үміт және махаббат. Сол сенім жүректі қанжардың жүзінен қорғауға, амал таусылған кезде екінші демді ашуға қабілетті. Кісі қиналған кездерде оның бойын жын билейді. Ол адамды шатастыруға, сол арқылы оның осалдығын білуге тырысады. Бұл уақытта кісі бойындағы періште үнсіздік әлеміне сапар шегеді. Ол ойлау мен пайымдау қажеттігін ұдайы еске салады. Сондықтан қиын жағдайда жауынгер ешқашан «ішкі дауыс» деп аталатын нәрсеге сенбейді, бірақ жағдайды тыныштық күзетшісі ретінде талдайды. Ішкі қарсылықтар мен бұлқыныстарды салқынқанды қалыпта зерделейді.

Кез келген адам сияқты жарық жауынгерін адамзат бойындағы кертартпа мінездер мазалайды. Егер жауынгердің денесі демалса, оның санасы, ақыл-ойы, қиялы жұмыс істейді. Ми демалған кезде дене жаттығады.

Адамдар бостандық туралы көп айтады ғой. Алайда олар шынайы бостандықты жалған  бостандықтан ажырата алмайды. Шын мәнінде адам мүлдем еркін бола алмайды, жалған құндылықтарға ұмты­лушы­лықтардың  зардабынан өмірге деген қызығушылығын жоғалтады. Сон­дық­тан жарық жалған жауынгері «өз іс-әрекетінде еркін, бірақ ол – өз арма­ны­ның құлы». Оның пайымы – осы.

Ішкі әлемін қызғаныш оты өртеген­дер оны еркіндігінен айырылған деп айыптауы мүмкін. Бірақ ол адамның айдаладағы арал немесе түбек емес екенін біледі, ол жалғыз өмір сүре алмайды. Сондықтан ешқашан одақтастарының көмегіне жүгінбейді және әрқашан мақсаттары мен мұраттары өзінікімен үйлесетін адамдарға қолдау көрсетеді. Ол шынайы және жалған достарды ажырата біледі. Біріншісі көп емес. Екіншісі жүздеген болуы мүмкін. Олар жалған көз жасын төгіп, жалған күлімсіреуді біледі. Бірақ олармен көп уақыт өткізу – өлім. Жауынгер мұны миына шегелеп алған.

Ол ғажайыптарға сенуді ұмыт­­­­па­ды. Ол ойдың материал еке­нін түсінеді. Ал сапалы мате­риал өмірді өзгерте алады. Жауын­гер түп­тің түбінде махаббатпен кезде­сетіні­не күмәнданбайды. «Міне, махаббат пайда болады», дейді өзіне-өзі...

Біздің өмірімізде айтылатын әр­бір сөз бен ойдың маңызы бар. Алайда адам бойына сенім қақпасын орнатқан сөздердің салмағы ауыр. Өмірдің кілті – сенім. Сенімсіз айтылған сөздер – бос дыбыстар. Туындының түпкі айтар ойы да сол. Кісіліктің ең басты күзетшісі – сенім.