Қазақстан • 24 Желтоқсан, 2021

Нарықтағы цифрландыру деңгейі қандай?

2389 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Цифрландыру үрдісіне бұрын жете мән бермей жүрген болсақ, пандемия кезінде оның қаді­рін жақсы ұғынғандай бол­дық. Әсіресе, банк қызметін пайдалану кезінде онлайн форматтың аса тиімді екені байқалды. Бірақ бірді-екілі қаржы ұйымынан өзгесі әлі толыққанды цифрландыруға дайын емес.

Нарықтағы цифрландыру деңгейі қандай?

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев соңғы бес жылда елдегі қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 26 есе өсті деген дерек келтіреді. Ал төлемді интернет және мобилді қосымшалар арқылы жасау 22 пайыздан 83 пайыз­ға бір-ақ көтерілген. Ұлттық банк «Қаржылық және төлем технологияларын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы Бинур Жаленовтің айтуынша, 2016 жылдан бері POS-терминал арқылы төлем жасау 63-тен 17 пайызға азайыпты.

Соңғы кездері Ұлттық банк «цифрлы теңге» түсінігі туралы жиі айтып жүр. Бұл да заманына сай жасалатын қадам. Әлемнің 63 орталық банкінің цифрлы валюталарды енгізу мәселесін қарастыра бастауы да тегін емес сияқты.

– Біз төлем сервистерінің қолжетім­ді­лі­гін арттыру және экономикадағы транз­а­кц­иялардың құнын төмендету үшін жобаның айтарлықтай әлеуетін көріп отырмыз. Цифрлы теңге платформасы түбегейлі жаңа сервистерді құру үшін де мүмкіндіктер ашады, – дейді Е.Досаев. – Цифрландыру реттеуші мен қаржылық қызметті тұтынушы арасындағы өзара іс-әрекетті де жақсартады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) пилоттық режімде «Кепілдік берілген өтемді төлеудің электрондық порталын» іске қосты. Бүгінгі таңда ТМД-да мұндай онлайн төлем жүйесінің баламасы әлі жоқ. Қазір Ұлттық банк бизнес-процестерді цифрландыру шеңберінде активтерді басқару тиім­ділігін арттыру және қаржылық тәуекелдерді бақылау жөніндегі мін­дет­терді кешенді түрде шешу үшін активтер мен тәуекелдерді басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Инвестицияларды басқару бойынша тиімді шешімнің пайда болуы инвестициялық шешімдердің қабылдануын жеделдетіп, операциялық тәуекелдерді төмендетуге әсер етеді. Нәтижесінде, алтын-валюта резервтерін, Ұлттық қорды және БЖЗҚ-дағы зей­нетақы активтерін басқару кезінде тиім­ділік артатын болады.

Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова ірі банктердің қаржылық экожүйені дамытуы қаржылық инклюзияны көбейтетінін, сонымен бірге бәсекелестікті шектеуге және ақпараттық қауіпсіздікке қауіп төндіруге байланысты жаңа тәуекелдер жасайтынын атап өтті.

Қаржы секторының киберша­буыл­дарға төтеп беру қауқары туралы да сөз болды. Мейлі былтырғы, мейлі биылғы әр алуан зерттеулерді қарар болсақ, біздің банктердің киберқалқаны аса мықты емес екеніне көз жеткізер едік. Онда миллиондаған азаматтың деректері мен триллиондаған қаржы бар екенін ескерсек, цифрландыру шарапаты бірінші кезекте осы киберқауіпсіздікке тиюі керек.

«Жыл басынан бері қаржы нары­ғын­дағы ақпараттық қауіпсіздік сала­лық орталығы жұмыс істейді. Содан бері банк, сақтандыру ұйымдары, несие бюросы, микроқаржы ұйымдары мен бағалы қағаз нарығының қаты­су­шыларына қойылатын талаптар қарас­тырылды. Орталық ақпараттық қауіп­сіздікке төнетін қатер, қаржы ұйым­­дары инфрақұрылымының осал тұс­тары, сондай-ақ қаржы нарығындағы ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары туралы ақпаратты жинауды, бағалауды және талдауды жүзеге асырады. Тиісті ескертпелер АСОИ «QAINAR» атты автоматты жүйе арқылы тиісті нысандарға жіберіледі. Биыл 11 қарашадағы жағдай бойынша жүйеге тіркелген екінші деңгейлі банктерде 33 111 ақпараттық қауіпсіздік оқиғасы тіркелген және өңделген. Оның 25 321-і – кибер шабуылдар, 4 045-і – әдеттен тыс белсенділік фактілері, 3 223-і – тексеруді қажет ететін ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары және 34-і – жұмыс барысындағы іркіліс немесе бас тарту дерегі» дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі киберқауіпсіздік басқармасының басшысы Роман Перминов.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дас­ты­ғының басшысы Елена Бахмутова цифр­лы теңгені дамыту, банктік емес төлем жү­йелерін және ашық банкингті дамытуды ынталандыру жөніндегі бастамалар қаржы нарығын дамытуға айтарлықтай ықпал етуде дейді.

«Бұл бастамалар бір жағынан қаржы нарығының цифрлы инфрақұрылымын дамытуға ықпал етсе, екінші жағы­нан, мемлекеттің бәсекелес жеке қар­жы нарығына қатысуын ұлғайту тәуе­келін туғызады. Сондықтан да жаңа инфрақұрылым өлшемдерін теңшеуде мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасында үнемі диалог болуы қажет. Цифрлы технологиялар банк пен микроқаржы секторына ғана әсер етіп қоймайды. Қор нарығы мен сақ­тандыру қызметтері де белсенді түрде дамып келеді. Бөлшек инвесторлар са­ны­ның айтарлықтай өсуі көбіне тех­но­логиялардың және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың клиенттермен өзара байланыс жасау арна­ла­рының дамуымен байланысты» дейді маман.