Коллаж The Times басылымынан алынды
«Поп» мәдениеттің отаны саналатын Батыс аудиториясына Азияның өнімін ұсынып, мойындатқан да осы корейлер. Қазір K-drama, K-pop, K-beauty жеке-дара танымал салаларға айналып, ел экономикасына үлес қосып отырған табыс көзіне айналды. 20 жылға жуық уақытта қол жеткізген бұл жетістіктің сыры жасырын емес. Корей өнімін бәсекеге қабілетті етіп, үздіктер қатарынан көрінуіне мемлекет сеп болғаны белгілі.
Hallyu («Халлю») – қытай термині, «корей толқыны» деген мағынаны білдіреді. Бұл – корей музыкасы, фильмдері, драмасынан бастап, онлайн ойындары мен ұлттық тағамдарының аса танымалдылыққа ие болып, корей мәдениетінің ғаламдық феноменге айналғанын айшықтап көрсететін ұғым. Біз айтып жүрген «жұмсақ күштің» нағыз үлгісі осы емес пе?
Оңтүстік Кореяны әлемдегі «поп» мәдениеттің басты экспорттаушысына айналуды көздеп, сол бағытта арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, соны жүзеге асырған аз елдердің бірі деуге болады. «Корей толқыны» елдің экономикасы мен мәдениетіне зор үлес қосып қана қоймай, елдің жағымды имиджіне де оң әсер етті. Оны соңғы 20 жылдағы Азиядағы ең ірі мәдени құбылыстардың бірі деуге әбден болады. 2004 жылы Оңтүстік Кореяда ІЖӨ-нің 0,2 пайызын осы сала құраған, ол шамамен 1,87 миллиард доллар. Ал 2019 жылы корей экономикасына 12,3 миллиард доллар табыс әкелген екен. Бұл – мәдени өнім экспортының қаншалықты табысты болатынының анық көрсеткіші. Соңғы екі онжылдықта Оңтүстік Корея бай әрі бәсекеге қабілетті озық елдердің біріне айналғанын ескерсек, ұлттық мәдениетті дамыту бағыты өзге де салалардың ілгерілеп, табысқа кенелуіне қозғаушы күш болған деген қорытындыға келуге болады.
Батыс әлемі «Корей толқынын» феномен ретінде қарастырып, талдай бастағанына біраз болды. Сол деректерге сенсек, Корея Республикасы елдегі өндірісті, Samsung, LG секілді ірі компанияларды бастапқыда қалай қолдаса, мәдени революцияны да өзінің қамқорлығына алған. Сол алпауыт бизнестерге елдегі «поп» мәдениетті дамыту, қаржылай қолдау сеніп тапсырылған көрінеді.
Оңтүстік Корея бүгінгі дәрежесіне қалай жетті? Әлемдегі озық экономикалардың біріне қалай айналды? Бұл сұрақтарға «технология» мен «поп мәдениет» деген екі жауап сұранып тұр. Өйткені біз білетін Корея Республикасы күнделікті қолданып жүрген смартфон, тұрмыстық техникасымен қатар, көзіміз үйренген медиа өнімдерімен де танымал. Мұны Азия құрлығының тұрғыны ретінде ғана емес, әлемдік медиа кеңістіктегі ойын-сауық контентті көріп, бақылап, тұтынып жүрген адам ретінде айтып отырмыз. Мақаланың мақсаты да өзгенің жетістігін жетер жеріне жеткізіп мақтап, тамсанып отыру емес, әрине. Көп жылдан бері олимптен түспеген Батыс «поп» мәдениетін ығыстырып, бәсекесі жоғары ортаға жаңадан қосылса да, өз орнын дәл тапқан тың тәжірибені өзімізше талдап көруге тырыстық. Өйткені әлемдік медиада «Азиялық түр-сипаттың, тұрпаттың» тұтынушыны қызықтыра бастауы, жоғары сұранысқа ие болған кезі осы. Корей туындылары көрерменнің ғана емес, кәсіби мамандардың да жоғары бағасына ие болғаны белгілі. Корейлік «Паразит» фильмі 2020 жылы кино әлеміндегі беделді Оскар сыйлығын төрт бірдей аталым бойынша жеңіп алуы соның дәлелі. Ағылшыншадан өзге тілде түсірілген туындының үздік фильм атануы Оскар тарихындағы 92 жылда тұңғыш рет орын алды. Мұны кино тарихындағы жаңа кезеңге балаған мамандар да бар.
Бұл өзгерістер Қазақстанның креативті индустриясына да өзіндік серпін берген болуы мүмкін. Өйткені соңғы жылдары қазақстандық өнерпаздарға посткеңестік аудитория ерекше назар аудара бастады. Бұл жағдайдың «корей толқынымен» тұспа-тұс келуін қалай түсіндіруге болады? Әлеуметтік желілерде қазақтар жасаған орыс не қазақ тіліндегі кез келген контенттің қаралымы жоғары. Ресейдегі ең танымал өнімдерге қазақ өнерпаздарының қатысы барын аңғару қиын емес. Қазақстан посткеңестік кеңістікте бейресми «шығармашылық ұстаханаға» айналып үлгерді. Мұның барлығы кездейсоқ емес. Бұл жаһандық өзгерістер мен трендтер жергілікті деңгейде де қайталанатынын көрсетеді. Қазақстандық өнерпаздардың алдында оңтүстіккореялық тәжірибені шағындау аудиторияның аясында қайталап көру мүмкіндігі тұр, алғышарттары да бар.
Көптің санасында «шығармашылық табыс әкелмейді» деген тұжырым қанша шегеленіп қалса да, нарықтық заманда ереже басқа екенін ұмытпаймыз. Жоғарыда корей мәдениетінің ел экономикасына қанша табыс әкелгені босқа айтылған жоқ. Соңғы уақытта креативті экономика дегенді жиі естуіңіз бар шығар? Міне, дәл осы шығармашылық, мәдениет пен сәннен қыруар табыс тауып жатқандар бар. Әйтпесе Біріккен Ұлттар Ұйымы 2021 жылды креативті экономика жылы деп жариялап несі бар? Сарапшылар пандемия салдарынан болған экономикалық дағдарыстан шығудың жолдарының бірі ретінде дәл осы креативті экономиканы көрсетіп отыр. Қазақстан да креативті индустрияның маңызын мойындап, Үкімет осы бағытта шаралар қабылдап жатқаны белгілі. Ел Президенті Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында Қазақстан мәдениетін жаһандық деңгейде танытып, алайда елеусіз қалып жүрген жас дарындар мен шығармашылық топ өкілдерін қолдау жайлы айтып, нақты тапсырмалар берді. Креативті индустрияны қолдау қорын құру жайлы сөз болды. Ай басында Үкімет Креативті индустрияларды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын да қабылдап үлгерді. Десе де мемлекеттік органдар шығармашылық индустрияны креативтен ада шешімдері мен шаралары арқылы шаршатып жібере ме деген қауіп жоқ емес. Жылдық жоспарды орындаймыз деп жүріп, сапа мен идея жоғары тұратын саланың мазасын алмаса болғаны.
«Корей толқынының» бізге қандай қатысы барына көз жеткізгендейміз. Бұл – біз үшін тың тәжірибе. Осы тұста айта кететін бір жайт, шығармашылық туындының сәтті шығуына әсер ететін тағы бір шарт бар. Ол – еркіндік, шығармашылық тәуелсіздік. Мәселен, 1996 жылға дейін Кореяның цензура туралы заңдары режиссерлер мен басқа да өнерпаздарына даулы деп саналатын көптеген тақырыпты көрсетуге тыйым салып келді. Тек сол жылдан бастап жас және жігерлі дарын иелері кино мен музыка арқылы жаңа әрі батыл идеяларды қаузауға мүмкіндік алған. Дәл осы кезеңде көптеген ықпалды кинорежиссерлердің пайда болғаны айтылады.
Бүгінде қазақ қоғамында жастардың шығармашылығы қайшылық тудырып, қатаң сын астында қалып жатқанына куәміз. Көп жағдайда сол шығармашылықпен өмір бойы айналысқан аға буынның өзі жастарды шектеп, ішкі цензурадан аса алмай жатқан сәттерін байқап жатамыз. Шығармашылық пен еркіндік – егіз ұғым екені естен шықпаса керек.
Жарыққа шыққан алғашқы айда 111 млн қаралым жинаған «Кальмар ойындары» корей өнімдерінің әлемде қаншалықты танымал екенін тағы бір рет көрсетті. Оңтүстік Кореяның мәдени революциясы әлі талай зерттеу мен тақырыпқа арқау болатыны анық. Ал медиа кеңістікте тікелей байланысы жоқ «корей толқыны» мен қазіргі қазақ мәдениеті қалай қатар дамып жатқаны тіпті бөлек, ауқымды ғылыми зерттеуге сұранып-ақ тұр.