Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ бас директоры Кенжебек Санабаев қатысты.
Биылғы резерв мемлекеттік қызметке арналған 50 адамнан құралған. Негізгі талаптар азаматтығы, жасы, білімі және жұмыс өтілі болды. Конкурсқа қатысуға 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде бес жыл еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары жіберілді.
– Болашақ резервистің портретін жасау кезінде трансформациялық көшбасшыға тән құзыреттер жасалды, ол өзінің жеке мансаптық амбицияларына емес, ең алдымен, қоғамдық мүдделерге негізделген. Таңдау барысы талап етілген білімі, дағдылары мен қабілеттерін анықтап қана қоймай, сондай-ақ кандидаттардың шынайы ниеті мен құндылықтарын бағалауға бағытталды, – деді агенттік басшысы.
Таңдаудан сәтті өткен үміткерлер 3 жыл резервте болады. Іріктеуге қатысуға ниет білдірген азаматтардан барлығы 8 638 өтінім қабылданған. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттік резервке 50 кандидатты қабылдау туралы шешім қабылданды. Жүргізілген талдауға сәйкес, резервшілердің 62 пайызының (31 адам) шетелдік білімі бар, 38 пайызы (19 адам) қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алған. Олардың 39-ның магистр дәрежесі бар. Өңірлік бойынша резервшілердің ең көп саны Нұр-Сұлтан қаласынан (35), Алматы мен Павлодар облыстарынан 3 үміткерден таңдалған. Олардың орташа жасы – 30 жас, ал ең жас резервші 25-те. Резервке алынған адамдар Президент жанындағы уәкілетті комиссияның шешімі бойынша «А» корпусының саяси, әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшы лауазымдарына және «Б» корпусының А санаты тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл жобаны іске асырудағы төрт бағытты атап өтті.
– Қатысушылардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтауға арналған ақысыз онлайн тест ұйымдастырдық. Екіншіден, 2021 жылғы 12-17 қазан аралығында академиялық орта өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен бизнес қоғамдастықтар өкілдері қатарынан 103 сарапшының көмегімен «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» кезеңін өткіздік. Бағалауды бір уақытта үш тәуелсіз сарапшы жүргізді. 514 үміткер ситуациялық тапсырмаларды шешуге тырысып, оның ішінде ең жоғары балл жинаған 235 адам келесі кезеңге өтті, – деді Ерлан Әбіл.