Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2021

Балық бағу да бағалы бастама

1046 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел ішінде мемлекеттік қолдау арқылы өз кәсібін дөң­ге­ле­туге ұмтылып отырғандар аз емес. Арагідік тосын шаруа­мен айналысуға талаптанатындар да бар. Ең бастысы, сулы, нулы өңірдегі иесіздіктен игерілмей жатқан су айдындары да кәдеге асырыла бастады.

Балық бағу да бағалы бастама

Қорғалжын өңірі ежелден табиғи байлығымен ерек­шеле­не­тін аймақ. Аудан­дағы он сан көлдің балығы тайдай тулап жатыр. Тұты­ну­шы да іргеде. Тек көңілге қонымсыздығы, иен ырыстың ұқсатылмауында еді. Абай ауылындағы жа­ңа­дан салын­ған балық өңдеу цехы осы ол­қылықтың орнын толтырады деген үміт бар.

– Біз ұзақ мерзімге жалға алған су айдынында шортан, табан, көкжон, алабұға тәріз­ді балықтың бірнеше түрі өріс­тей­ді. Қазір су құрамын зерт­ханадан өткізудеміз. Нәти­же­сіне орай басқа балықтардың да тұқымын сатып алып, балық түрін байытуға ниеттеніп отыр­­­мыз, – дейді кәсіпкер Ерсайын Хасенов, – ауланған ба­­лықты өңдеп, тұтынушыға жет­кізсек, елге де, өзімізге де пайдалы болар еді.

Аумағы елу гектарға жуық су айдынының орта­ша тереңдігі 12 метрге таяу. Кәсіпкер ережеге сәйкес жа­ға­лауды тазар­тып, бітеліп қал­ған табиғи су көз­дерін, қар-жаңбыр суы аға­­тын жыл­ға­­ларды аршып, қыстың күні мұзын ойып тынымсыз еңбек етуде. Балық түрі көбейген соң ауылдағы ағайын да қар­мақпен аулап, қы­зығын көр­мек.

Жаңа цехты салуға 50 млн теңге қаражат жұмсалған. Оның 20 млн теңгесі өз қаржысы болса, 30 млн тең­ге­ні алты жылға несиеге алыпты. Қазір төрт адам тұрақты жұ­мыс­пен қамтылып отыр.

– Бұрын ойда бар кәсіп бол­ға­нымен, бұл тарапта тәжіри­беміз жоқ еді, – дейді кә­сіпкер. – Қытайдың іскер­ле­рінен үй­рен­дік. Балықты сүйегінен ар­шып, етінен бірнеше түрлі жартылай фабрикаттар да­йындаймыз. Өзіміздің өсірген балығымызға қоса, аудандағы осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлердің балығын да өңдеп береміз. Осылайша, біраз жұртқа жеңсік балық еті тұ­ты­нушыға сапалы дайындалып жеткізіледі.

Көлді жалға беру таби­ғат­ты сақтап қалудың бір амалы. Облыста осы орайда бірқатар шаруаның басы қайырылып жатыр.

– Алдағы уақытта да иесі жоқ су көздерін қол­да­­­ныстағы заңға орай жал­ға беретін боламыз, – дейді «Есіл» облыс­аралық бас­сейн­­дік балық шар­уа­­шылығы инс­пек­ция­сы­ның басшысы Нығмет Қауашев, – бұл талпыныс шағын және орта биз­несті дамытуға ықпал ет­се, екін­ші жағынан азық-тү­лік мол­шылығын жасауға сеп­теседі.

Несі бар, жомарт таби­ғат­тың өлшеусіз сыйын ұқсата алсақ, қанекей!..

 

Ақмола облысы,

Қорғалжын ауданы