Егемен еліміздің 30 жылдық тарихын тарқатып, жеткен жетістіктерімізді түгендедік. Әлі де атқарылар шаруа мен жоспар көп, бағыт, мақсат-міндеттер айқын. Ел іргесін бекітіп, тәуелсіздікті нығайта түсу жолындағы бағыт-бағдарлар, қадамдар нақтыланды.
Мәжіліс жаңарды
Жыл басы Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен жергілікті өкілді орган – мәслихаттардың сайлауымен басталды. Нәтижесінде, Парламент Мәжілісінің VII шақырылымына 7 пайыз межені бағындырған үш саяси партия өтті. Олар Nur Otan партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы және Қазақстан халық партиясы. Парламенттік тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Мәслихат сайлауы да бірінші рет партиялық тізім бойынша өтті. Бұл шешімдер елдегі саяси партиялардың бәсекесін арттырып, оң өзгерістерге бастайды деген сенім мол.
Жалпы, сайлау науқанының тартысты болғанын, саяси партиялардың белсенділігін атап өту керек. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та растады. Мемлекет басшысы VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде сайлау науқаны карантин шектеулеріне қарамастан, тартысты әрі бәсекеге толы болғанын жеткізді.
Елімізде жүріп жатқан реформалардың маңызды бөлігі саяси жаңғыруға бағытталғаны белгілі. Ал осы тұста ел Парламентіне артылған сенім зор. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ұзақ мерзімді жетістікке жетудің басты шарты – реформаларды сапалы заңдар арқылы жүргізу деген еді.
Алғаш рет ауыл әкімдері сайланды
Жүргізіліп жатқан саяси реформалар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда үлкен рөл ойнамақ. Себебі өзгеріс жергілікті орындарда, ауыл, аудандарда басталуы керек деген пікір бар. Сол себепті де елімізде алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайланды. Бұл биылғы сайлау жүйесіне енген жаңашылдықтардың бірі болды. Себебі елдегі демократияны нығайту үшін әрдайым өзгеріс пен даму қажет екені анық. Ауыл әкімін ауыл халқы таңдау керек деген шешім жақсы қабылданды. Жалпы, бұл бастаманы ел Президенті былтырғы халыққа Жолдауында көтерген-ді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізді. Бұл – елдегі саяси реформаларға серпін беріп қана қоймай, шалғай елді мекен тұрғындарын ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуды көздеген шара. Қазіргі ауыл әкімдерінің 50 пайызы жаңадан сайланды. Мемлекет басшысы VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясындағы сөзінде ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады дегені есімізде.
Саяси реформалар легі мұнымен тоқтамайтын секілді. Жақында Президент көмекшісі Ерлан Карин бұл үрдіс келесі жылы да жалғасатынын жеткізді. «Жалпы, Президент ұсынған барлық саяси жаңашылдықтар бойынша ауқымды әрі жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондықтан саясат және құқық қорғау салаларында нақты өзгерістерді жүзеге асыру бағыты 2022 жылы да сақталады», – деп жазды Е.Карин Telegram каналында.
Сондай-ақ Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер қатарында сайлау бюллетеньдерінде «Бәріне қарсымын» деген бағанның бекітілуі де бар. Бұл саяси партияларға ғана емес, Үкімет, саясаткерлер мен әлеуметтанушылар үшін электораттың көзқарасын анықтауға көмектесетін тетіктердің бірі болса, ел тұрғындары үшін азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ осыған дейін сайлауға немқұрайды қараған азаматтардың сайлау учаскесіне келуіне, сайлаушылар арасында белсенділікті арттыруға да сеп болмақ.
«2021 жыл еліміз үшін кезекті реформалар жылы болды. Әуел бастан саяси блок пен құқық қорғау проблематикасы қарқынды өзгерістердің саласына айналды», деді Е.Карин.
Жоғарыда депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота заңнамалық түрде бекітілгенін атап өттік. Мемлекет басшысы сондай-ақ ерекше мұқтаждықтары бар адамдарды қоса отырып, партиялардың сайлау тізімдеріндегі азаматтардың квотасы санаттарының тізбесін кеңейтуді ұсынды. Аталған нормалар бойынша заң жобасы да әзірленді.
Биылғы Жолдауда сондай-ақ жергілікті биліктің жұмысын жақсарту мен халықпен байланысын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныс айтылды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылып отыр», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент әкімдіктердің халықпен қарым-қатынасына, олардың мәселесін шешуге қатысты сын да айтқан еді. «Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді», деді Президент халыққа Жолдауында. Биыл елдің назарын аударған кейбір өңірлік мәселелердің Президенттің пікір білдіріп, тапсырма бергенінен кейін ғана шешілуі бұл мәселенің өзекті екенін және шешімін бір жылда табу мүмкін емес екенін көрсеткендей. Сол себепті өңірлік саясатты жетілдіру бойынша маңызды қадамдар келесі жылы да жалғасын табуы заңды. Мемлекет басшысының «Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді», деуі жергілікті билік өкілдеріне қатысты айтылған маңызды сындарының бірі болды.
Саясаттағы сабақтастық
Елдегі айтулы саяси оқиғалардың бірі Nur Otan партиясының төрағалығына қатысты болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы төрағасы өкілеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Партияның негізін қалап, 30 жыл бойы төрағалық еткен Елбасының бұл шешімі қоғамда жақсы қабылданды.
«Нұрсұлтан Назарбаев алдағы 30 жылдың ішінде көптеген жетістікке қол жеткізе алатындығымызға сенім білдірді. Сол жетістіктермен қатар елдегі бейбітшілік пен тұрақтылық та қатар дамуға тиіс. Елбасы атап өткен басты тезистерді жүзеге асырудың қадамы ретінде саяси билік транзитінің бейбіт түрде өтуіне куə болып отырмыз. Оның дəлелі Елбасы Nur Otan партиясының төрағалығын Президентке беріп отыр. Партия тізгінін Президенттің алуы – ел билеу саясатының бірізділікпен жалғасуының белгісі», деп атап өтті Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина.
Қазақстан ұстанған саяси жаңғыру бағыты бойынша биыл атқарылған жұмыстың бірқатарын атап өттік. Еліміздің саяси құрылымын жетілдіру бойынша жұмыс келесі жылы да жалғасатынын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында нақты айтты. Бұл бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі шеңберінде жүргізілетіні белгілі. Биылғы жаңашылдықтар демократия құндылықтарын нығайтуды көздейтін жасампаз мемлекеттің, саяси жүйенің айқын бағыт-бағдарын көрсеткендей.