Атажұртқа шақыру. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жыл күнтізбесіндегі айтулы оқиғалар Елбасының алыста жүрген ағайынға жасаған Үндеуімен ерекше есте қалды. Осыдан 30 жыл бұрын 1 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев шетелдерге хабар тарату радиосынан сөз сөйлеп, шетте жүрген қандастарды қазақ жеріне оралуға шақырды.
«Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін... Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық», деді Н.Назарбаев.
Осындай жүрекжарды тілекпен басталған жыл жаңа мемлекеттің қалыптасуында бірқатар шешуші рөл ойнаған маңызды оқиғалармен тарихта қалды.
Дипломатия. Егемен ел атанған кезден кейінгі жылы мемлекетті қалыптастыру мен оны халықаралық қоғамдастыққа таныстыру қарқынды жүрді. Шетелдермен байланыс орнату, елшіліктер мен өкілдіктер ашу, халықаралық ұйымдарға мүше болу секілді сыртқы саясаттың маңызды қадамдары жасалды.
2 қаңтар күні Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындаған елдер қатарына Норвегия қосылды. Көп ұзамай бұл тізімді Ұлыбритания, Франция, Швеция, Куба, Аустрия мен Иран толықтырды. Жыл соңында Қазақстан 70 елмен дипломатиялық байланыс орнатып, әлемнің 108 мемлекеті елімізді егемен мемлекет ретінде таныды. Алматыда 19 елдің дипломатиялық өкілдіктері ашылды.
Халықаралық ынтымақтастық. Қаңтар айында Қазақстан Кеңес Одағының құрамына кірген өзге 10 мемлекетпен қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше болды. Ал 2010 жылы еліміз ұйымға төрағалық етті. Бұл Қазақстанның әлемдік процестегі позитивті рөліне, оның құқықтық, демократиялық мемлекет құруға шынайы ұмтылысына берілген баға деп қабылданды. Ол кезде Қазақстан беделді ұйымға төрағалық еткен тұңғыш Азия елі болған-ды.
Көп күттірмей наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Қазақстан беделді ұйымға мүше болып қабылданады. Бұл арқылы еліміз саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық сипаттағы ғаламдық мәселелерді шешуге үн қосып, халықаралық ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік алды.
Маусым айында Қазақстан Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкіне, Дүниежүзілік кеден ұйымына, сондай-ақ 1992 жылдың қараша айының соңында Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) кірді.
Рухани келісім. Еліміздің татулық пен бірлікті нығайту тұрғысындағы қадамы 1992 жылы 18 қазанда Алматыда өткен І Дүниежүзілік Рухани келісім конгресінен бастау алған-ды. Елімізде алғаш рет барлық діннің, рухани қоғамдық ұйымның өкілдері, белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері бас қосты. Міне, осынау ізгілікті үрдіс Елбасы бастамасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру арқылы жаһандық ауқымды қамтыды. Айта кетейік, 2003 жылы 13 ақпанда өткен, діндер, мәдениеттер мен халықтардың жақындасуына маңызды рөл атқарған, христиан, мұсылман, еврей ұйымдары қатысқан Бейбітшілік пен келісім халықаралық конференциясында сөз сөйлеген Елбасы барлық конфессия өкілдеріне Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу бастамасын білдірген-ді. Содан аталған Съезд алғашқы рет 2003 жылдың 23-24 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылды. Содан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Съезд халықаралық қоғамдастықта беделі зор үнқатысу алаңына айналды. Съезд бұған дейін 6 рет өткізілді. Келесі, яғни VII Съезд биылғы қыркүйек айында ұйымдастырылмақ.
Биыл аталып өтілетін маңызды оқиғалардың бірсыпырасын жоғарыда айтып өттік. Келесі кезекте еліміздің ішкі саяси құрылымына, мемлекет ретінде қалыптасуына, рухани кемелденуіне жол ашқан маңызды даталарға тоқталуды жөн көрдік.
Әз Наурыз. Еліміз аңсаған азаттыққа қолы жетіп, қазақы дәстүрді, ұлттық мерекелерді мемлекеттік деңгейде кеңінен тойлауға көшті. 1991 жылы наурыздың 15-інде Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шығып, «Наурыздың 22-сі – халықтық мереке Наурыз мейрамы болып жарияланды. Ал келесі жылы әз Наурыз тәуелсіз еліміздің басты мерекелерінің бірі ретінде тойланды. Егемен елдің алғашқы көктемі, алғашқы Наурыз мейрамы ерекше аталып өтті. Қазақтың ырысы тасып, жалпақ жұрт мол дастарқан жайып, ұлттық дәстүрлеріміз бен ойындарымыз ұлықталып, азаттықтың алғашқы көктемімен келген ұлы той жалпыхалықтық сипатта ұйымдастырылды. Содан бері қазақы қалпымызды, салт-дәстүрімізді, рухани байлығымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдени жәдігерлерімізді сақтап, оларды өскелең ұрпақ бойына сіңіруде Наурыз мейрамының орны ерекше болып келеді.
Қазақы атаулар. Қала мен өңір атауларының өзгеріп, қазақылануы да жаңа мемлекет үшін аса маңызды еді. Бұл жұмыс тәуелсіздіктің алғашқы жылында қарқынды жүріп жатты. Осы кезде Орал облысы жаңа атауға ие болып, Батыс Қазақстан облысына айналды. Кокчетав – Көкшетау, Чимкент – Шымкент және Целиноград Ақмола деп өзгерді.
Қарулы Күштер. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан басшылығына ұлттық Қарулы Күштерін құру қажеттігі туындады. Бұл шешім Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы рөлі мен орнын ғана емес, оның одан әрі даму бағытын айқындайтын болды. 1992 жылы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Ведомствоның бірінші басшысы Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов болды. Осылайша, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні деп бекітілді. Міне, биыл сол Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толады.
Рәміздер. Тәуелсіз елдің саяси мәртебесін көрсететін, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілері Мемлекеттік рәміздері үшін де биыл айрықша жыл. Қазақ елінің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал тұңғыш Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілгенінен хабардармыз. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші Әнұраны 2006 жылы бекітілді. Ту мен Елтаңбада бейнеленген әрбір белгінің символикалық мәні, терең мағынасы бар.
Құрылтай. Осыдан 30 жыл бұрын 1992 жылы Алматы қаласында қазақтардың І Дүниежүзілік құрылтайы өткен болатын. Оған алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде Түркия, Германия, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Аустрия, жалпы 33 елден 800-ден астам өкіл қатысқан еді. Небір нәубетті оқиғаларды бастан өткізіп, төрткүл дүниеге шашырап кеткен қандастарымызды біріктіріп, армандарын бір арнаға тоғыстырған басқосуда ата-баба жеріне оралу туралы күдікке толы сұрақтарына жауап алғандай болды. Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, жырақта жүрген ағайынға атажұртта арқасүйер ұлты барын көрсетті. Қауымдастық биыл 30 жылдық мерейтойын тойлап, үлкен құрылтай өткізуді де жоспарлап отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында келесі онжылдықтың басымдықтарын атап көрсеткен еді. «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет», деді Мемлекет басшысы. Иә, Президент нақтылаған бұл ауқымды міндеттерді жүзеге асыру еліміз үшін, ел болып қалуымыз үшін аса маңызды. Мұны баршамыз жете түсінгеніміз абзал.